04 там, 2017 сағат 15:15

Шымкентте тікұшақпен той серуеніне шыққан көлік жүргізушілері жауапқа тартылды

Шымкенттік полицейлер тікұшақ қатысқан той серуеніндегі көлік жүргізушілерін әкімшілік жауапқа тартты. Бұл туралы облыстық ішкі істер департаментінің баспасөз қызметі мәлімдеді, деп хабарлайды Ұлт.кз тілшісі ҚазАқпарат агенттігіне сілтеме жасап.

Әлеуметтік желілерге тараған бейнежазбаны мұқият қарап шыққан Жергілікті полиция қызметкерлері той серуеніндегі үш көліктің жүргізушісі жол ережесін бұзған деген шешімге келген.

Атап айтқанда «Бентли» мен «Тойота Лэнд-крузер» көліктерін тізгіндегендер Әкімшілік құқықбұзушылық кодексінің 614-бабы «Көлiк құралдарының жүруіне кедергi келтіру» әрекеті бойынша жауапқа тартты.

Облыстық Жергілікті полиция қызметінің басшылығы сондай-ақ той серуенінде болған өзге де азаматтарды әкімшілік жауапқа тартамыз деп отыр.

Ал, тікұшақтың республикалық маңызы бар жолда көліктермен бірге жүріп, қандай биіктікте ұшқаны туралы мәліметтер құзырлы органдарға жолданған.

Естеріңізге сала кетейік, Шымкентте той кортежімен бірге ұшқан тікұшақтың бейнежазбасы барлық әлеуметтік желілерге тарап кеткен болатын. Түсірілімде той кортежімен ілесіп бара жатқан тікұшақ төмен қарай түсіп, қайта көтерілген еді. Кейіннен тікұшақты суретші жігіт үйлену тойындағы серуенге жарты сағатқа жалдап, ол үшін 235 мың теңге төлегені анықталған.