03 мам, 2018 сағат 08:40

Шетел атауларын жазуда қаншалықты сауаттымыз?

Мал баққан, жер емген қарапайым қазақтың тіліне үңілсеңіз шетел атаулырының мүлде өзгеше, қалай болса солай «берекесіз» дыбысталатынын байқайсыз. Трәктір, мәгәзін, прәндік, пәмпріс... Ал оқыған білімділері аса дәлдікпен, әр дыбысына дейін «бұзбай» дыбыстауға әрі таңбалауға машықтанған. Трактор, Магазин, пряник, памперс... Сонда шетел атауларын дұрыс атап, дұрыс сөйлеп тұрған шаруа ма жоқ әлде оқымысты ма? Жат сөзге тілі күрмелгендіктен шаруа өзінше атап,  белгілі бір тілдік заңдыққа сүйенген оқымысты қазақ өзінше дыбыстай ма? Сауаттылық қайсында?

Кез келген шетел атауын дұрыс жазу, дұрыс дыбыстау тілдік сауаттылықты қажет етеді. Өйткені оларды таңбалаудың өз тәртібі, заңдылығы бар. Қалай болса солай жазу ұғынықсыздыққа, тіпті тілді бұзушылыққа әкеп соқтырады. Бұған ұрынбас үшін шетел атауларын таңбалауда тілдегі транскрипция мен транслитерация ұғымдарын біліп алу шарт.

Транскрипция – белігілі бір тілге тән дыбыстарды дәл беру үшін пайдаланатын жазу, шартты таңба. («Қазақ тілінің сөздігі» Алматы. 1999)

Мысалы ағылшын тіліндегі мына сөздерді алып көрейік: Gorge Washington  [джодж уошиңтн], America[імерикі],  Univercity[юнивөсіти], Computor [кімпюті].

Байқап отырсаңыз, мұнда сөздер тұпнұсқа тіліндегідей дәлме-дәл дыбысталатындай етіліп таңбаланған.  Яғни бұны айтылуы мен дыбысталуы түпнұсқа тілінің фонетикасына барынша сай, дәл өзінше етіп қайталау дейміз. Сондықтан, транскрипция бір тілді үйрену немесе сол тілде сөйлеу кезінде пайдаланылатын тілдік құрал.

Транслитерация – белгілі бір тілге тән дыбысты екінші бір тілдің орфографиялық заңдылығына лайық белгілеу. («Қазақ тілінің сөздігі» Алматы. 1999)

Мысалы: Gorge Washington [Джордж Вашингтон] America[америка], Univercity[университет], Computor [компьютер]. Транскрипциямен салыстырғанда бұл жерде керісінше дыбыстар түпнұсқадағыдан «бұзылып», «ауытқып» жеткенін байқаймыз. Мұндай кісі шошырлық «мүкістік» шынтуайтында тіл заңдылығының сауатты сақталуынан келіп шығады. Өйткені сіз тіліңізде ұшыраспайтын, фонологиясы өзгеше боп келген бөтен сөз тұлғасын материалды бөлшек ретінде өз тіліңіздегі ақбараттар ағынына кіріктіргелі отырсыз. Олай болса бұндай жеке сөздер сіздің тілдік ерекшелігіңізге қарай дыбысталады әрі таңбаланады.

Біздің көбіне көп жыңылысып жататын тұсымыз осы екеуінің (Транскрипция мен транслитерация) ара жігін ажырата бермейтінімізде. Мысалы, дубляж саласында осы қателік көп кездеседі. Шет тілдерінен аударылып дыбысталған телехикаялардағы әртістер мен кейіпкерлердің, жер-су атауларын транслитерация арқылы емес транскрипция арқылы түпнұсқа тіліндегідей етіп дыбыстау немесе таңбалау. Қараңыз: Фуркан АНДЫЧ, Айча АЙЩИН-ТУРАН, Джемаль ТОКТАЩ, Стамбул, Кайсер... Егер транслитерация заңында ашып көрсетілген, тіліміздегі баршаға таныс ең қарапайым заңдылықтарды сыйлай отырып қайта таңбалар болсақ: Ф(П)ұрқан Аныш, Айша Айшын-Тұран, Жамал Тоқтас, Стамбұл, Қайсе(а)р болып шығар еді. Бүгінде бізде бұны шетел атауларын «қазақшаға аудару» немесе «қазақ етіп жіберу» дейтін қате түсінік қалыптасқан.

Қазақ баспа-сөзінде де осыған ұқсас қателіктер қайталанады. «Азаттық радиосының» қазақ порталын қарап отырсаңыз ондағы кейбір саяси тұлғалар мен жағрапиялық атаулар қазақ тілінің грамматикасына қайшы таңбаланады.

.«Дамирбек Асылбекуулу депутаттық мандатынан айырылды  

.«19 сәуірде Қырғызстан президенті Сооронбай Жээнбеков Сапар Исаковтың үкіметін отставкаға жіберу туралы жарлық шығарған.»

Қазақ тілінде дыбыстардың «уу», «оо», «ээ» боп қосарланып келуі «ашшы (ащы)», «түшшы (тұщы)», «қатты», «тәтті» сөздерінде ғана болмаса сирек құбылыс. Шетел атауларын транслитерациялау кезінде «и» әрпі көп жағдайда фонетикалық қалыбын «ы» дыбысына өзгертеді әрі солай таңбаланады. Сонда, «Дамырбек Асылбекұлу(ұлы) депутаттық мандатынан айырылды.» .«19 сәуірде Қырғызстан президенті Соронбай Жэнбеков (Сауранбай Жиенбеков) Сапар Ысаковтың үкіметін отставкаға жіберу туралы жарлық шығарған.» Сондай-ақ, таяу шығыс пен қиыр шығыс елдеріндегі жер-су аттарында да осыны ескерген жөн сияқты. Мысалы: Кайыр – Қайыр. Ирак – Ирақ. Кундуз – Құндыз. Кашмир – Кәшмір. Бірақ, Пакистан демей Пәкістан деп дұрыс жазатынымыз тағы бар.

Жалпы шетел атаулары күні бүгінге дейін қазақ тілінде тек орыс тіліне транслитерацияланған нұсқалары түрінде қолданылып келеді. Және бұл қазақ жазу емлесіне бейресми түрде әбден орнығып, сіңісіп алған да бүкіл қазақ ақпарат құралдары орыс орфографиясына әбден байланған. Джордж Вашингтон, Си Цзиньпин,  Aмерика,  университет, компьютер. Осы атаулардың түпнұсқа бойынша дыбысталуына қайта бір назар аударып көрейікші. Gorge Washington  [жож уошиңтн], 习近平(Xi Jinping)[шин жинпиң]  America[імерикі],  Univercity[юнивөсіти], Computor [кімпюті]. Енді мүмкін болса аузыңыздың өз аузыңыз екенін сезіне отырып, жай ғана қазақ тілінің фонетикалық заңдылығына салып ерніңізді жыбырлатып көріңізші. Міне қалай! Жүз жылдың алдындағы оқу көрмеген, қараңғы қазақтың аузымен шетел сөзін тап-таза «былдырлап» айтып тұрсыз. Ол ол ма, шетел атауларынан қалай болса солай сүйреп шығарылып, баяғыда аласталып көрінбей кеткен қазақтың төл дыбыстары – ә,ғ,қ,ң,ө,ұ,ү,і, дыбыстарын қайта тірілттіңіз. Сонымен бұлар былай таңбалануы керек еді -  Washington  [Жорж Уашыңтон], 习近平(Xi Jinping)[ши жынпың], America[әмірика],  Univercity[өнуерстет], Computor [компитор]. Қалай бүлінсеңіз де тіл заңдылығы осыған міндеттейді. Айталық, орыс тілінде бұл заңдылық қатаң сақталынады. Гарри, Робин Гуд, Говард, Гарвард сөздерінің ағылшын тіліндегі түпнұсқасы - Harry, Robin Hood, Howard, Harvard. Осындағы «H[х]» әрпі орысша нұсқасында түгелімен «Г» әрпіне ауысқан. Егер ағылышын мен қытай оқырмандарынан Лев Толстойды білесіз бе деп сұрасңыз, ағылшындар Leo Tolostoy-ды, қытайлар 列扶托尔撕泰 [лие фу туо ер си тай]-ды айтып тұрсыз ба? – дер еді. Бұның бәрі тілдердің фонетикалық қалыбының, дыбыстық ерекшеліктерінің әртүрлілігінен келіп шығады. Шетел атауларының төлтілде «бұзылып» айтылуының өзі тіл табиғатына тән заңдылық.

Демек, транслитерацияда дербес болуымыз керек. Ол мүмкіндікке жеттік те. Қазір көп тілді меңгерген интелектуалды әлеуетіміз бар. Кез келген шетел тілін аралық тілсіз оқып, түсіне аламыз. Бұл шетел атауларына қатысты өз транслитерациямызды қалыптастырудың таптырмас алғы шарты. Бұл жағынан алға басушылық та жоқ емес. Қытай атауларына қатысты осыны айтуға болады. Бұрын орыс орфографиясы бойынша жазылып жүрген атаулар біртіндеп қазақшалана бастады. Си Цзиньпин – Ши Жынпың. Пекин –Бейжің, Синьцзян –Шынжаң. Нанкин – Нәнжің. Дегенмен, әлі де болса кей тұстарда транскипциядан арыла алмай қалатынымыз бар.

Бұдан бөлек, төлтілде баламасы бар кейбір шетелдік атаулар да ұшырасады.  Транслитерация жасалынып дайын тұрған ондай бай қорымызды ұтымды пайдалануға тиіспіз. Бұлардың шетел атауларын дұрыс қолдануда тигізер әсері үлкен. Мысалы: Грузия – Гүржістан. Москова – Мәскеу. Египет – Мысыр. Китай – Қытай. Россия – Ресей, Юсуп – Жүсіп. Селим –Сәлім. Сулейман – Сүлеймен. Шамшия –Шәмсия! Лейла – Ләйла...

Жазу сауаттылығы қалыптасқан тілдік заңдылыққа негізделген тәжірибе жиынтығы. Демек, дұрыс жазу үшін ең алдымен қалыптасқан белгілі бір заңдылыққа сүйену керек. Қатынасқа түсіп отырғаныңыз шетел сөзі екеніне қарамастан ол заңдылық тек қана өз тіліңіздің заңдылығы болуы шарт.

Қарапайым шаруаның тілінде өзі ұғынып жетпесе де тілдің қарапайым және күрделі заңдылықтары шартсыз рэфлекс түрінде сақталған. Сондықтан заңдылықтың теориялық негіздерін танып білуді қажет епей-ақ бір ғасыр бұрынғы қазақтың дыбыстау мәнерін айнытпай қайталай алады.

Қабшықбайұлы Нағыз