Семейдің Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік қорық-музейіне Қытай-Қазақстан-Ресей бағыты бойынша ұйымдастырылған экспедиция мүшелері келді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Кездесу барысында экспедиция мүшелері музейге Қытайда Абайды алғаш зерттеген аудармашы Хуан Жанның арнайы ұлы ақын шаңырағына жіберген еңбектерін сыйға тартты. Олардың қатарында Абайдың толық жинағы, таңдамалы өлеңдер жинағы, Абайдың қарасөздері, «Абай жолы» романының екі томы бар.
90 жастағы аудармашы Абайдың шығармаларын қытай тіліне аударып қана қоймай, зерттеп жүрген азамат. Музей қорына табысталған 8 кітаптың ішінде қарияның жаңадан шыққан зерттеу еңбектері бар.
Абайдың мемлекеттік қорық-музейінің директоры Болат Жүнісбеков бар өмірін Абайға арнаған ғалымға алғысын білдіріп, Абай - Пушкин шығармаларының жинағын сыйға тартты.
Айта кетейік, аталмыш экспедиция мүшелері алғаш рет Абай шаңырағына 2016 жылы келген.
«Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік қорық-музейіне Ертіс бойындағы қалалар мен елді мекендердің салт-дәстүр, тұрмыс-салтын зерттеу мақсатында Қытай-Қазақстан-Ресей бағыты бойынша ұйымдастырылған экспедиция 2016 жылы келіп қайтқан еді. Музей экспозициясын тамашалап, өзара пікір алысылған. Бұл жолы аудармашының Абай туралы зерттеулері мен қытай тіліне аударылған Абай шығармаларын сыйға тартты. Жалпы әңгімеміз Абайдың шығармашылығы төңірегінде өрбіді»,-деді музей директоры Болат Жүнісбеков.