14 қар, 2019 сағат 14:46

Сәпиев Токио Олимпиадасында кімнен медаль күтетінін айтты

Мәдениет және спорт министрлігі Спорт және дене шынықтыру істері комитетінің төрағасы Серік Сәпиев Токио Олимпиадасында медаль күтетін спортшыларды атады, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

«Әлбетте, өткен жазғы Олимпиада ойындарында (Рио) медаль алған спортшылардан үміт күтеміз. Мәселен, қазірдің өзінде Ольга Рыпакова мен Дмитрий Баландинде лицензия бар. Олардың көрсеткіштері жақсы екенін қазір түсініп отырмыз. Жекпе-жек түрлерінен, бокстан медальді көптеп алармыз деген үміт бар. Күрестен Әлем чемпионатының қорытындысын жасадық. ӘЧ-дан күрес бойынша медаль алғандардан да жүлде күтеміз. Бокстан лицензиялық Әлем чемпионаты келесі жылы ақпанда өтеді. Нақты есімін ата десеңіздер, күрес түрлерінен Нұрислам Санаев пен Мейрамбек Айнағұловтың бабы жақсы. Спорттық құзға өрмелеуден Ришат Хайбуллин де жақсы нәтиже көрсетті. Одан өсім күтеміз», - деді Серік Сәпиев бүгін Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында.

Спорт және дене шынықтыру істері комитетінің төрағасы боксшылардан Абылайхан Жүсіповтен, Василий Левиттен, Қамшыбек Қоңқабаевтан, Бекзат Нұрдәулетовтен, Қайрат Ералиевтен медаль күтетінін жеткізді.

«Осы боксшылар лицензиялық турнирлерге барады», - деді ол.

Айта кетсек, 2020 жылы Жапония астанасында өтетін жазғы Олимпиада ойындарына Ұлттық құрама еншісінде әзірге спорттың 14 түрінен 25 лицензия бар.