20 шіл, 2018 сағат 13:23

Ресейде терроризмді насихаттағаны үшін Қазақстан азаматы ұсталды

Томскіде терроризм идеяларын насихаттады деген айыппен 22 жастағы қазақстандық ұсталды. Бұл туралы Томск облыстық федералды қауіпсіздік қызметі басқарамасының баспасөз қызметі хабарлады.

Басқарма таратқан хабарламада "Радикалды исламды жақтайтын, өңір тұрғындарына терроризм идеясын насихаттаған 22 жастағы Қазақстан азаматы ұсталды" деп жазылған.

Ведомство дерегінше, Қазақстан азаматы Томскіде ойдан шығарылған айқындама деректермен жүрген. Күдікті қамауға алынған.

Оның үстінен Ресей қылмыстық кодексінің "террористік әрекет жасауға үндеу, терроризмді жақтау немесе насихаттау" бабы бойынша қылмыстық іс қозғалған. Күдікті кінәлі деп танылса, жеті жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.