20 сәу, 2017 сағат 11:09

Перуашевтің жатақханалар салу идеясын Үкімет құп көрмеді

ҚР Инвестициялар және даму министрлігі «ҚазАқпарат» тілшісіне берген ресми жауабында мәжілісмен Азат Перуашевтің «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша жатақханалар салу идеясына қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Министрліктің мәліметтері бойынша, тұрғын үй бағдарламалары үшін («Қолжетімді баспана» және өзегелері) дәліздік санаттағы жобаларды жасақтау арқылы тұрғын үй нысандарының типологиясы кеңейтілген. 

Дәліздік санаттағы тұрғын үйлер секциялық үйлерге қарағанда, құрылыс шығындарын орташа есеппен 7-11 процентке азайтады. Кіреберіс аумағын кемітудің арқасында тұрғылықты аумақ 6,6 процентке ұлғаяды.

«Дәретхана мен асүйі жоқ тұрғын үйлерге келетін болсақ, онда көп адам тұратындықтан, көптеген кемшіліктері де бар: жалпы қолданыстағы бөлмелерде (дәретхана, асүй, жуынатын бөлме) санитарлық жағдайдың төмендігі, айқай-шу және тағы басқа ыңғайсыздықтар болады», - деп атап өтті вице-министр Роман Скляр аталмыш үйлердің экономикалық тиімділігіне қатысты жауабында.

Дегенмен оның сөзінше, мұндай жобалар ҚР Білім және ғылым министрлігі арқылы елорда студенттері үшін жүзеге асырылып келеді. Олардың құрылысы мемлекеттік-жекеменшік серіктестік арқылы жұмыс берушілердің қаржысына салынады.  

Министрліктен хабарлағандай, «Нұрлы жол» бағдарламасында жатақхана салу бойынша жеке бағыт қарастырылмаған.

Айта кетейік, Азат Перуашев депутаттардың пленарлық отырысында «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша дәретханасыз және асүйсіз пәтер салуды ұсынған болатын. Сол арқылы бөлмелер ауданы үнемделіп, арзан баспанамен қамту жұмысы жанданады деп есептейді депутат.

Перуашевтің есептеуінше, жеке әжетхана мен асүйден бас тарту арқылы тұрғын үй құрылысында үйдің бағасын 40 пайызға төмендетуге болады.

«Мұндай жатақханалардың ұйымдастырылған құрылысы қазақстандықтарды үймен қамтамасыз  етуді арттырады. Егер «Нұрлы жер» бағдарламасымен 2021 жылға дейін 35 мың пәтер салу жоспарланса, дәл сол ауданға жатақхана салу арқылы, 49 мың отбасыны үймен қамтуға болар еді», - деп атап өтті Азат Перуашев.

Сонымен қатар, ол үкіметке ауыл жастарына арналған жатақханалар кешенін салуды да ұсынды. Себебі, баспанасыз жүргендердің көбі қалаға келген ауыл жастары.

«Кез келген базар мен құрылыс маңында санитарлық емес талаптарда өмір сүретіндер - ауылдан келген жастар. Олар 10-15 адам болып пәтер немесе жатақханадан бөлме жалдайды», - деді Мәжіліс депутаты.

Азат Перуашев ресми көрсеткіш  бойынша, үш айда уақытша тіркеуден өткен 690 мың мигрант барын да айта кетті. Оның айтуынша, ауылдан қалаға көшіп келгендер саны 2,5-5 млн адамға жуық.

«Ішкі мигранттардың тұрғын үй мәселесін шешу үшін қосымша құрал қажет. Мұндай құралды жеке тұлғалар бұрыннан пайдаланып келеді. Олар 15-20 шаршы метрлік бөлемелері бар және санитарлық бөлімдері ортақ шағын жатақханалар салады. Тек Астананың өзінде жеке тұрғын үй ретінде салынған ондаған жатақхана бар», - деп сөзін аяқтады ол.

Еске салсақ, бұған дейін 2017 жылы «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша, 100 мың пәтер жалға беріледі деп жоспарланған. 2017-2031 жылдар аралығында барлығы 1,5 млн отбасыға арналған тұрғын үйлер салынады.

Қазіргі уақытта, жергілікті атқарушы органдардың мәліметінше, 2017 жылдың 1 қаңтарындағы жағдай бойынша, елімізде 428 350 азамат пәтер кезегінде тұр.