30 шіл, 2018 сағат 18:04

Оралда бұрынғы келінін өлтірген азамат 11 жылға сотталды

БҚО қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының үкімімен бұрынғы келінін өлтірген Асылбек Омаров айыпты деп танылды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Судья Бақыт Ермахановтың мәлім еткеніндей, А.Омаров ҚР ҚК 99-бабы 1-бөлігіне сәйкес 11 жылға бас бостандығынан айыру жазасын қауіпсіздігі жоғары қылмыстық-атқару жүйесі мекемесінде өтеуге сотталды.

Сонымен қатар, сотталушы қаза тапқан Ақерке Қозыкешеваның отбасына моральдық өтемақы ретінде 5 млн теңге және материалдық шығын есебінде 1,4 млн теңге төлеуі тиіс.

Сот сондай-ақ БҚО ішкі істер департаменті бастығы атына қызметкерлерінің тиісті шара қолданбағаны үшін жеке ұйғарым шығарды. Өйткені, Ақерке қаза табарынан бір күн бұрын, 7 сәуір күні 102 телефонына хабарласып, Омаровтың кек аламын деп өміріне қауіп төндіргенін айтқан. Әйтсе де, бұдан ешқандай нәтиже шықпаған.

Сот талқысында белгілі болғандай, Семей қаласында тұрған 28 жасар Ақерке Қозыкешева өзінің ұлын алып кету үшін Оралға келген. 8 сәуір күні Ақерке бұрынғы күйеуі Саят Қозыкешевпен және кішкентай ұлымен кездесу үшін ата-енесінің үйіне келген. Ол кезде Ақеркенің екі жасар ұлы Оралда, бұрынғы күйеуінің ата-анасының қолында болған.

Үйдің ауласында Ақерке мен Саят, қайын атасы Асылбектің арасында жанжал туындаған. Бұдан кейін Ақерке, оның бұрынғы күйеуі мен ұлы таксиге отырып, жалдамалы пәтерге кеткен. Сотталушы Асылбек Омаров жолай такси ұстап, ұлы мен бұрынғы келіні отырған көліктің артынан жүрген. Тиісті жерге келгеннен кейін, Омаров бірінші подъезге кіріп, ұлы мен бұрынғы келіні жалдаған пәтерді іздей бастайды. Ол Ақерке мен Саяттың даусын естіп, 5-қабаттағы пәтерді табады. Омаров ұлы мен немересінің кеткенін күтіп, келінімен сөйлесу үшін пәтердің есігін қағады. Басында Ақерке бұрынғы қайын атасын пәтерге кіргізгісі келмеген. Сөйлесуге ниет білдірген Асылбек Омаров пен келінінің арасында дау-дамай туындаған. Осы кезде Ақеркені жұдырығымен бетінен ұрып жібереді. Бұрынғы келіні құлап қалғаннан кейін Омаров оны ұрып, тепкілей бастаған. Мұнан соң жанында жатқан шолақ шалбардың бауын алып, онымен бұрынғы келінін буындырған. Артынша асүйден пышақ алып, Ақеркенің кеудесіне пышақ салған.

Сот-медициналық сараптама қорытындысына сәйкес, марқұм жүрек тұсынан сұғылған пышақ жарақатынан көз жұмған.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын келінін өлтірді деген күдікпен қайын атасының қамалғанын, оның өз қылмысын мойындағанын жазған болатынбыз.