26 ақп, 2025 сағат 17:54

Оқушылардың ораза ұстауына қатысты вице-министрдің пікірі қандай?

Фото: elordainfo.kz
Бүгін Мәжіліс кулуарында Оқу-ағарту министрінің орынбасары Еділ Оспан Ult.kz-тің оқушылардың жаппай ораза ұстауына қатысты сұрағына жауап берді.

Оның айтуынша оқушылардың ораза ұстау тренді байқамаған. 

«Бұл енді ата-аналардың көзқарасына тікелей байланысты. Балалар өздігінен-өзі ораза ұстау, жалпы өзге де діни ғұрыптар бойынша шешім қабалдамайды. Бұған ересектер тікелей әсер етеді және осы бағытта біз ата-аналармен жұмыс барысында айтамыз. Балалардың денсаулығы үшін, олардың лайықты дамуы үшін олардың толыққанды тамақтануы өте маңызды. Осы мәселеге ерекше назар аударамыз», – деді вице-министр. 


Сондай-ақ ол балалардың денсаулығы үшін уақытылы тамақтану өте маңызды екенін атап өтті. Ауыз бекіту тиісінше баланың денсаулығына және басқа да жағдайларына, оқуына қатысты кері әсерін тигізетінін айтты. 

Ал «Балиғат жасына жетпеген оқушы балалардың ораза ұстауына мектеп басшылығы тыйым салуға құқылы ма?» деген сұрағымыздың жауабы мардымсыздау шықты. 

«Оқушылардың мектепте ораза ұстап немесе ұстамай жүргендігі мектеп формасы сынды сыртқа көрініп тұрмағандықтан оны мұғалімдер анықтай алмайды. Және ол сыртқа белгі беріп көрініп тұрмайды. Ал діни ғұрыптарға байланысты мектеп формасының сақталуын ата-аналардан талап етеміз», – дейді Е.Оспан.


Еске сала кетсек, биыл қасиетті Рамазан айы 1 наурызда басталады. Ал наурыз айының 26-нан 27-не қараған түн – қасиетті Қадір түні. 30 наурыз – Ораза айт мерекесі.

Оқи тырыңыз: Биылғы Ораза кестесі жарияланды

Бүгін Мәжілістің жалпы отырысында бірқатар заң жобалары талқыланып, солардың қатарында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне мәдениет және білім беру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Заңының қорытынды жобасы бірінші оқылымда қаралды.