Фото: Оқу-ағарту министрлігі
Қазақстанда әрбір баланың тұрғылықты жеріне қарамастан сапалы білім алуына қолайлы, қауіпсіз әрі жайлы жағдай жасауға бағытталған тұрақты мемлекеттік саясат жүргізілуде. Соңғы жылдары іске асырылып жатқан ауқымды мемлекеттік бағдарламалар бұл бағытта елеулі нәтижелерге қол жеткізуге ықпал етті, деп хабарлайды Ult.kz Оқу-ағарту министрлігіне сілтеме жасап.
Жаңа мектептердің құрылысы және модернизациялау
Елде жаңа мектептердің құрылысы қарқынды жүргізілуде. Мемлекет басшысының тапсырмасымен соңғы төрт жыл бойы жыл сайын 1000-ға жуық ауыл мектептері модернизациядан өтуде. Бұл шаралар оқу жағдайларын жақсартуға ғана емес, қала мен ауыл мектептері арасындағы білім беру сапасындағы алшақтықты азайтуға да мүмкіндік береді. Соңғы үш жылда 4000-нан астам мектептің материалдық-техникалық базасы жаңартылып, 2000-нан астам білім беру ұйымында робототехника, химия, биология, физика және STEM бойынша заманауи кабинеттер ашылды. Мысалы, 2024 жылдың өзінде 967 мектепте 1621 пәндік кабинет жабдықталған. Алдағы жоспар бойынша 2029 жылға қарай 7000 заманауи пәндік кабинет ашу көзделіп отыр.
Цифрлық технологияларды енгізу
Білім беру сапасын арттыруда цифрлық технологияларды енгізудің маңызы зор. Ұлттық бастамалар аясында мектеп оқулықтарының 100%-ы цифрлық форматқа көшірілді, ал мектептердің 95,2%-ы жоғары жылдамдықты интернетке қосылды. Сонымен қатар, білім беру платформалары енгізіліп, жасанды интеллект элементтері оқу процесіне интеграциялануда. Бұл шаралар оқушыларды болашақтың сын-қатерлеріне дайындауға және цифрлық дағдыларды ерте жастан қалыптастыруға бағытталған.
Мұғалімдерді қолдау және олардың мәртебесін көтеру
Білім беру сапасын арттыруда педагогикалық қауымдастықтың кәсібилік деңгейі маңызды рөл атқарады. Мемлекет тарапынан мұғалімдерді қолдау, олардың мәртебесін арттыру мақсатында жүйелі жұмыстар жүргізілуде. 2020 жылдан бері педагогтердің жалақысы екі есе өсті, ал біліктілік санаттары бар мұғалімдерге жалақысының 35%-дан 50%-ға дейін үстемеақы төленуде. Қазіргі уақытта 400 мың педагогтің 300 мыңға жуығы осындай қолдауға ие. Ауыл мұғалімдерінің жалақысы қалалардағы әріптестерінен кемінде 25%-ға жоғары болуы өңірлерге білікті кадрларды тартуға септігін тигізуде.
Әлеуметтік қолдау шаралары
2023 жылдың қыркүйегінен бастап Президенттің тапсырмасымен барлық бастауыш сынып және әлеуметтік осал топтар санатындағы оқушыларға тегін ыстық тамақ беру басталды. 1,7 миллион оқушыны қамту үшін жергілікті бюджеттерден 192 млрд теңгеден астам қаражат бөлінді. Сонымен қатар, асхана қызметкерлеріне қойылатын талаптар күшейтіліп, тамақ сапасына күнделікті бақылау енгізілді.
“Жалпыға бірдей білім беру” қоры аясында әлеуметтік осал санаттағы 510 мыңнан астам оқушы мектеп құралдарымен қамтамасыз етілді. 2025 жылдан бастап жекеменшік мектеп оқушыларына да әлеуметтік қолдау шараларын енгізу жоспарлануда.