28 нау, 2020 сағат 17:18

Нұр-Сұлтанда блокпостты айналып өтпек болған 3 адам ұсталды

Нұр-Сұлтан қалалық Полиция департаменті блокпостан айналып өтпек болған 3 адамды ұстады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Полиция департаменті олар блокпостан бір жарым шақырым жердегі Нұр-Сұлтан – Қостанай тасжолынан ұсталғанын айтты. 

«Карантин режимі енгізілген елорда аумағына кірмек болған Қажымұқан ауылының үш тұрғыны ұсталды. Олар қашып қалаға кірмек болды. Төтенше жағдай режимін бұзбақ болған адамдарға қатысты әкімшілік іс қозғалды. Нұр-Cұлтан қаласындағы мамандандырылған ауданаралық соттың шешімі бойынша, заң бұзушылар 15 тәулікке қамалады», - делінген Полиция департаментінің баспасөз хабарламасында. 

Сондай-ақ, полиция қызметкерлері елордаға бара жатқан Ақмола облысының тұрғындарын ұстаған. 

«Мұндай фактілердің алдын алу үшін полиция қызметкерлері дрон қолданып, азаматтардың заңсыз әрекеттерін анықтайды. Осындай жағдайды болдырмас үшін елорданың шет жағына күзет қойылады», - дейді полиция қызметкері.