25 қаң, 2019 сағат 10:18

Мектеп дәретханасында құрдастарын соққыға жыққан оқушылар сотталуы мүмкін

Мектеп дәретханасында құрдастарын ұрып, оны видеоға түсірген жасөспірімдер анықталды. Бұл туралы ҚР ІІМ Ішкі және сыртқы коммуникациялар департаментінің директоры Алмас Садубаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Тергеуге дейінгі тексеру амалдары аясында полиция қызметкерлері мектеп дәретханасында құрдастарын соққыға жығып, мұның барлығын видеоға түсірген жасөспірімдердің аты-жөндерін анықтады. Оқиға осыдан бір жыл бұрын, 2018 жылдың 10 қаңтарында Қызылорда қаласында болған. Сол кезде зардап шеккен оқушының ата-анасынан полицияға шағым түскен жоқ», - деді Алмас Садубаев.

Департамент басшысының айтуынша, ҚР Қылмыстық кодексінің 293 бабының 2 бөлігінде қарастырылған қылмыс белгілері бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды.

«Аталған бап бас бостандығынан 5 жылға дейін айыруды немесе дәл осы мерзімге бас бостандығын шектеуді көздейді», - деді Алмас Садубаев.

Бұған дейін Түркістан қаласында да қатарластарына әлімжеттік жасаған оқушылар әрекеттерін видеоға түсіріп, ол әлеуметтік желіген тарап кеткен болатын.