#
#
Дүйсенбі 19/11/2018

"Жануарлар фермасы" немесе Лимонов Қазақстанға неге өш?..

  • 04.09.2018
  • 0
  • 5821

"Жануарлар фермасы"

Неге екенін қайдам, біздің қоғамда өлі тыныштық!.. Әрине, мемлекеттің жаңа тарихында қалған "Жер дауы" мен "Сайрагүлдің сотына" дейін де, олардан кейін де айтылып жатқан әңгімелер мен көтеріліп жатқан мәселелердің толқыны шығар да шықпас үнмен желі деген алып кеменің қабырғасын арадік соғып тұрды, соғып тұрды. Бірақ арқырап аққан асау өзендей арнасын бұзып шыққан кезі аз-тұғын. Жанап өтіп, жалап өтіп бір басылады. Әділдік пен шындықтың ақ құсы Алты қанат Ақ Орданың етегіндегі шағын мәжілістерден жағымсыз бір хабар әкелгенде ананы алалап, мынаны табалап жаға жыртысамыз, сосын өзіміз ғана еститін сөзбен марғау халықтың арман-қиялын аяусыз жаныштаймыз кеп. Шекспир мен Чехов жазып, Мейерхольд пен Станиславский қойған бір үлкен Трагикомедия дерсің. Асылы, біз - соқырмыз! Оруэлл  жазған, Оруэлл шенеген қоғамда өмір сүріп жатқан соқыр тобырға айналдық. Иә, "Жануарлар фермасында". Шындық атын жамылған өтіріктің әлемінде. Біздің де имандай сенетін (өзгеріп тұратын) "жеті жарғымыз" бар секілді. Біздің де ділмар Сноуболлымыз бен сөз тасушы Визгунымыз, біздің де қарт Майорымыз бен "қанаты отқан күйген көбелектей" қашқын Моллиіміз бар секілді... Кімнің кім екенін ажырата алмай қалғандаймыз:  Кім Ұлық, кім құл? Кім адам, кім хайуан? Кім ақылды, кім санасыз?.. Жоқ! Біз - бәріміз бірдейміз. Жалғыз ғана... («Двенадцать голосов кричали одновременно, но все они были похожи. Теперь было ясно, что случилось со свиньями. Оставшиеся снаружи переводили взгляды от свиней к людям, от людей к свиньям, снова и снова всматривались они в лица тех и других, но уже было невозможно определить, кто есть кто» - "Жануарлар фермасы", Д. Оруэлл)

Сол классикалық антиутопияда орнаған жүйенің ішкі-сыртқы заңдылықтары мен шикіліктерін ұққан, бәрін білген бірақ үндемеуге тырысқан Бенджамин (Вениамин) атты ақылды кәрі есектің: «Им никогда не жилось ни лучше, ни хуже — голод, непосильный труд и обманутые ожидания, таков, говорил он, нерушимый закон жизни» деген сөзі бар. Иә, біз өзіміз орнатқан тозақтың, өзіміз жаққан оттың ішінде өртеніп жатырмыз. Өзіміз былғаған ми батпаққа батып жатырмыз. Сөз жоқ, бұл - айдаладан аларған көздер мен сыртқы оппоненттер үшін тиімді жағдай.

Әрине, бодандық құрсауынан босағанына ширек ғасыр ғана болған жас мемлекеттің басында күйіп тұрған проблемаларының көп болуы заңды құбылыс. Сол мемлекетті құраушы халықтың алдымен ел ішіндегі жағдайды түзеп, еркін сөйлеп, ең маңызды сұрақтарына жауап алғысы келетіні де сондықтан. Дегенмен, біз, сөйте тұра, сыртқы саяси ахуалға көп алаңдамаймыз. Мылқау қалдық деуден аулақпын. Бірақ өзімізге қарсы көп факторды қараусыз тастап, күл тіміскелеген аянышты хәлде қалғанымыз анық. Өзіміздей елдер алып империялардан төнген қаупін адамзат баласына жайып салғанда, күллі дүние түлең тигендей тулап шыға келеді емес пе?! Біз болсақ, үнсізбіз! 

"Даңқтың астындағы дүлдүлі - дақпырт. Парасаттының аузындағы керенау ақиқат қашан үзеңгіге аяғын салғанша, дарақының аузындағы далаңбай дақпырт екі етек боп елден бұрын жетпей ме? Дақпырт тарататын дарақы тек дабырайғанды көреді. Дабыралап іс қылмаған даңқтың жылы-жұмсағынан дәметіп, құр бекерге тамағын ісірмесе де болады. Кішкентай көздерді не істесең де ірі істеп таңғалтасың... Қапыңды Құдай таппаса, адам таппасын!.." демей ме абыз Әбіш.

Біз қашан "асхана ішіндегі", қараңғы тошала түбіндегі айқай-шуды қойып, ұлт болып қалыптасып, халық болып ұйимыз? Біз қашан санаға әбден сіңіп, миымызды басқаруға көшкен құлдық пен дәрменсіздіктің дертінен арыламыз? Бізге қашан ақыл қонады? Біздің ойымыз бен арманымыз, сөзіміз бен ісіміз қашан тәуелсіз болады? Жартастан жаңғырық шыққанша айғайлайтын жанымыз да сірі екен. Қолымыздан келері аз болса да, бір-бірімізді табалағаннан жан рахатын алатындаймыз. Судьясы жоқ Сот. Иә, дәл солай. Айыптаушы мен айыпталушы бар, шешім шығарушы жоқ. "Анау бейшара бәріне кінәлі", "мынау байғұс - ақ", "анау - сатқын", "мынау бірде адал, бірде арам", "анау - жемқор", "мынау - жемқордың інісі, сіңілісі, баласы", "анау - шала-қазақ", "мынау - оралман", "анау - ойшыл", "мынау - әулекі", "анау - ғалым", "мынау - сорлы". Бәрі - бір роман, бір пьеса, бір ғажайып ертегі кейіпкерлері. Бәрі де қал-қадерінше ойнап жүр, бәрінің де әртістік шеберлігінде мін жоқ. Несін айтайық, дәл осы бақталыстықтың, ақыр аяғы сөзжарыс пен күйежағысқа айналатын драманың эпилогына қатысты да сұрағымыз аз. Бірақ сонда да өлі тыныштық!

"Бесқонақтың бес күні келмей жатып, қазақ даласы жынынан айырылған бақсыдай жым-жырт..."

Дәл сол уақытта фейсбук пен "қартайған газет-сайттардан" басқа майдандарда не боп жатқанын кім білсін! Сөз жоқ, әркімнің өз майданы, өз шайқасы бар. Дегенмен біздің зиялылар мен олардың сарқыт-сүйегінің жеке идеялары мен өкпе-ызаларының айдауымен жапан түзде адасып жүргендерін көріп, өзіміз де келген-кеткен буынға зәрін төгетін "өкпешіл-коммунистерге" айналғандаймыз. Осынша бейшара хәлге түскеніміз үшін кімді кінәлайсың?!  

Дәл сол уақытта қаншама жастың вконтакте мен инстаграмдағы, ютубтағы, одан қалса өзге бір жұмбақ сайттардағы топтардың, орталардың, шоулардың, ойындардың, түптеп келгенде идеялардың жетегінде кетіп жатқаны және соларға шын иланып бас ұрғандары кімге керек дейсің?! Билікке ме, ондағы Дәу әкелердің бойкүйез басшы-балаларына ма, ісі мен сөзі үйлеспейтін министрлерге ме, 2-3 мың көнгіш адамды шулатып қойып, өздері уайым-қайғысыз қымбат ресторандарда сыра тартып, бильярд соғатын кәрі белсенділер мен орта жастағы шала-идеологтарға ма, саяси этюдтер жазып, көздеген нысанасын зілсіз, мәнсіз кекесінмен әжуалайтын әңгіме-фельетондардың авторларына ма? Кімге?..

Дәл осы уақытта, әр саладағы азды-көпті ақылды жасты алмағанда, қалған миллиондаған қиялшыл бас пен үмітшіл жүректерді соғыстан кейінгі елдей бірте-бірте жоғалтып жатқанымыз жасырын емес.  

Ал, "Найзаңа ілікпейтін, қылышың кеспейтін" солтүстіктен құлақ сарсытып ұлыған қызыл желдің екпіні бір басылған жоқ. Олай деуге себеп те көп, дәлел де жетерлік. 

"Қазақстанның Ресейге тиесілі аумақтарын қайтару керек!.."

Бұл - сіз ойлағандай, саржағал басылымдардың бетін жаулаған қатардағы гротеск-әңгіме емес. Бұл - "Қырымды қайтарып қаһарына мінген" басқыншы елдің "штаттан тыс", жындыкеш идеологтарының бірі Лимоновтың жылда айтатын әдепкі сөздерінің бірі. Уақыт өткен сайын оның ой-пікірі, қалауы мен сұрауы да нақтырақ әм қаттырақ болып бара жатқан сыңайлы. Ел ішінде бір-бірімізге қарсы найза ұстап, өзді-өзімізбен дауласып жүргенде сырттан қадалған көз бен сөздің суығы билік басындағылар мен оның айналасындағы даурықпалардың жанынан айналып өтіп, халықтың басым бөлігін құрайтын жастардың санасына қорқыныш пен үрейдің мұз сүңгілерін қадап отыр. Біз қорыққан Қара Тұман әлі де сейілер емес... 

Әсіреұлтшыл, шовинист Эдуард Лимоновтың Қазақстанның шығысы мен солтүстігін, қала берді батысын Ресейге қосып алу туралы мәлімдемелерінің жылдан-жылға өткір боп бара жатқанын санасыз адамнан басқасының бәрі байқауы керек-тін. Неге? Өйткені бұл, ең алдымен, тәуелсіз мемлекет ұстанымдары мен заңдарына қайшы пікір һәм ұлт намысын түйреп өтетін нақты факт.

Қазақстанның Сыртқы Істер министрлігі мен Ақпарат және коммуникациялар министрлігіне әлдеқашан жау атанған "Кремль бұлбұлының" соңғы сұхбатын жоғарыдағы басшылықтар мен олардың шабармандарының көріп-білмеуі мүмкін емес. Youtubе әлеуметтік желісіндегі Юрий Дудьтің жеке арнасында танымал адамдармен тұрақты түрде шығарылымдар ұсынып отыратын "Вдудь" бағдарламасының бүгінгі күні 3 610 100 жазылушысы, яғни қарапайым тілмен айтқанда табынушы-көрермені бар. Оны мектептегі баладан бастап үйде отырған зейнеткер кемпір-шалдарға дейін көреді. Қарапайым адамдардан қып-қызыл хипстерлерге дейін жібермей бақылайтын бұл шоудың 3 046 258 көрілім жинаған соңғы шығарылымын біздің биліктегі бірде-бір адамның байқамағаны қызық екен. Әншейінде дабысы жер жаратын "найзағайшыл" шолақ-белсенділер мен жарнамашыл блогерлердің, халық намысын жыртатын әр санаттағы айтыскерлердің де үнсіз қалғаны "жаға ұстатар" жаңалық болды.

Лимонов, шіркін, шалқып-шалқып көсілді. Оның қай тараптың да "дегеніне" түкіргені барын сонда анық байқадық. «Әй» дейтін әже, «қой» дейтін қожа жоқ. Ашық алаң! Ал, бағдарламасын алғашқы шығарылымынан бастап жібермей һәм сүйіп көретін "менің Юркам" оған сол ашық алаң ұсынды. Ақтарылуына мүмкіндік берді. Түбі украин сабазымыз қонағын өзінің білімі мен білігіне салып, "Қырым, Донбасс қасіреттерін ойда ұстап" аз-мұз қажағандай көрінгенімен, кей тұстарында "гөй-гөйлетіп сөйлеуіне мүмкіндік бермегенімен" бұл сұхбатты шетсіз-шексіз теңізге тастай салысымен, оның адал follower-лері жемтікке атылған шибөрідей (өзіміз де бармыз) "майлы контентті" бөлік-бөлікке бөліп жеп, "талап тастады". Сөзсіз, Дудь бұл бөлімін шығарарда демократиялық көзқарастары мен жеке принциптеріне сүйенді. Алғаусыз, адал сөйледі. Бағдарламаның бір тарауын құраған ксенофоб ағайдың бізге қатысты фашистік, шовинистік "панчтарын" кесіп тастай алмады. Соң-соң әдеттегідей емес, бір ауқымды пікірталас жүрді. "Бораттан кейін не естімедік" деп, қаладағы қай-қай қазақ секілді елемеуге болар еді. Бірақ бұл еркелік алғашқы рет қайталанып отқан жоқ. Басы бар даудың аяғы неге апарарын кім білсін?!


Құдайға тәуба. Ессіз шалды талағандар көп екен. Өзін "саяси-пайғамбар" санайтын көріпкел жазушы "Қырымды қосып алу операциясын" - тоқсаныншы жылдары да, бертің келе де айтып жүрген ұсыныстарынан кейін болған шешім деп есептейтін сыңайлы. Онысын да жұрт бас-көз жоқ айыптап жатыр.

Видео астындағы майданда шаһид болсақ та, арман жоқ! Бірақ ол майданға кіретін болсам, Лимоновтың осы "сәлемдемесін" жоғары-төмен таптарға кім жеткізбек?!

Осыған дейін, 2014 жылдың 19-ақпанында Лимонов өзінің Facebook әлеуметтік желісіндегі парақшасында «Я надеюсь что часть Украины достанется России, если мы не будем зевать, и северный Казахстан достанется, можно будет получить наши русские города в Россию, в момент междувластия в Казахстане» деп жазған еді.

Оған біздің СІМ де көп кешікпей жауап қатты. Бір басылып қояр деп үміттенген болар қарсылық нотасын жіберді де, "эпатажный Лимоновтың" ерсі қылықтарына күліп қарап отыра берді.

Ал, сол жазбадан екі күн өтпей жатып, яғни 21 ақпан күні:

«Мой ответ Казахстану!

Казахстан возмутился моими высказываниями, теми, где я, говоря об Украине, мимоходом упомянул, что российские города основанные и населённые русскими, оказавшиеся после разделения СССР на казахской территории должны быть возвращены России, и что Россия имеет право потребовать их обратно.

Скажем город Уральск, ранее называвшийся Яик, Яицкий городок, бывший, кстати сказать центром пугачёвского восстания, какого черта он должен принадлежать Казахстану? Или Актюбинск, или Петропавловск, или Семипалатинск, или Павлодар или Усть-Каменогорск. Это - русские города. У казахов вообще не было городов, у них традиционно кочевая культура. Казахские журналисты обильно названивают мне последние дни. Казахский МИД требует от МИДа российского чтобы тот что-нибудь сделал. А что, они могут Мидовцы? Вызвать меня, подмигнуть и сказать шёпотом, что они со мной согласны в МИДе» деп, тағы бір қыр көрсетті.

Ішіндегі аждаһа қайта оянды ма екен, 2016 жылдың сәуірінде бұл көнекөз досымыздың, «Өзге Ресей» (Другая Россия) партиясының жетекшісі Эдуард Лимоновтың «Русская планета» сайтында  «Идеяльная Россия» атты мақаласы жарияланды.

Онда Лимонов Ресейдің болашағын болжап бұрынғы КСРО құрамында болған елдер мен олардың жерін Ресейге қосу керектігін ашық айтқан.

Ол: «Украинаны Польша, Венгрия, Румыния, Словакияның көмегімен күл-талқан ету керек. Яғни, КСРО 1939-1946 жылдары алып берген аумақты қайтадан тартып алу қажет. Украинаға Киевтің айналасындағы 9 облыс жетеді» дей келе бұл елдерге аумақтық талап қоюдың оңай еместігін, алайда «мүмкін емес» деуге мүлдем болмайтынын да қоса кеткен.

Лимоновтың пікірінше, Венгрия мен Словакия, Румынияға да «түсіндіру» жұмыстарын жүргізу керек екен. Лимонов Украинаның орыстар тығыз қоныстанған Харьков, Одесса, Запорожье, Херсон, Николаев облыстарынан басқа аумағын аталған елдерге бөліп беру арқылы оларды Ресейге қаратып алуға болады деп санайтынын жеткізген. Осылай дей келе, ол «АҚШ пен НАТО қолтығына тығылған Балтық жағалауы елдерінің Ресейге мүлдем керек емес» екенін айтады.

Балтыққа қызықпаса да Ресей көз алартатын басқа аумақ бар. Ол – Қазақстан. Қазақстанның солтүстігі, батысы мен шығысындағы қалалар!

«Ал, шекарадан тыс, Қазақстанда қалып қойған орыс қалалары бізді қызықтырады. Оралдан бастап Өскеменге дейінгі орыс қалалары түгел Ресей құрамына өтуі керек», - деді сонда Лимонов.

Ол мақсатқа жету үшін, Лимонов Қазақстанда тұратын орыс диаспорасын пайдалануды ұсынған.

«Қазақстанда қазір 4 миллионнан астам орыс тұрады. Бұл – қазақ билігінің қасақана кемітіп көрсеткен сандары. Күндердің күні елде билік ауысады. Дүрбелең шақ болады. Сол кезде орыс қалаларында жергілікті реферандумдар өткізетін, оларды Ресейге қосатын тамаша мүмкіндік туады», - деп, арам ойын жеткізген жазушы алда болуы ықтимал референдумдардың нәтижелерін де жайып салған.

«Оған қазақтар келісе ме, келіспей ме, ол – өздерінің шаруасы. Бірақ, оларда басқа баратын жер, басатын тау жоқ: мұнай мен газға, сирек металға бай Қазақстанға көз тігіп Қытай тұр. 17 миллион ғана халық, оның жартысы қазақтар емес (онда әлі миллиондаған немістер бар), алып елге ие бола алмайды. Оларға көмектесейік. Артық жерін алайық», - деген сөздер ресейліктердің біздің елдегі ішкі саяси ахуалды мұқият қадағалап отырғандығының, қажетті жоба-жоспарларды құрып қойғандығының дәлелі екенін көрсеткендей болды.

Бұдан кейін, ол түн қараңғысында ұлыған иттей өршілене түсті. Осы жылдың мамыр айында әлеуметтік желіде жариялаған хаты "ауыл арасында", бірді-екілі топ ортасында қызу талқыға түсті. Сол кезде Лимонов Қазақстан президенті Н.Ә.Назарбаевтың дәуренінен кейін Қазақстанды Қытаймен бірлесе отырып бөліп алуға шақырды. Тіпті, оны өзінің өсиет хаты ретінде атады.

Енді келіп, бір апта бұрын тағы бір рет жанды жерімізден соққы алдық (Соловьев). Соққы алған кімдер? Әрине, Қазақстанның жастары. Билік қоярда-қоймай сайрайтын - елдің болашағы! Жан-жақтан тоқтаусыз бораған осындай лепірме әңгімелерді қашанғы тыңдап отырамыз? Бір Құдайдың өзі біледі...

P.S.: "Қытай көзін алартып отыр, "Қытайдағы қазаққа қарсы озбырлық", "Жер дауы, жесір дауы", "Білім саласындағы өзгерістер", "биліктегі кәрі гвардиялар" секілді әртүрлі әңгімелерге мас болғанымыз соншалық, құлағымыздың түбінен сыбырлаған алып ұлыстың дауысын, ашық қоқан-лоққысын (Соловьевы бар, өзгесі бар) естімей отырмыз! Бұл сөздер әлдеқашан соны таратып отырған ұлттың идеясына айналды. Неге? Өйткені біз азулы қарсыластан ақпараттық майданда жеңіліс таптық. Жай жеңіліс емес, Ірі жеңіліс!..

Айбол Исламғали

0 пікір

Пікір қалдыру

Чтобы оставлять комментарий нужно зарегистрироваться или авторизироваться

Маңызды мақалалар

БАННЕР

Аймақтар жаңалықтары

Басқа да мақалалар