31 қаз, 2017 сағат 11:12

Ербол Тілешов: Латын әліпбиінің апострофтық нұсқасында түсінбейтіндей таңба жоқ

Ш.Шаяхметов атындағы тілдерді дамытудың республикалық үйлестіру-әдістемелік орталығының директоры «Жаңа әліпби - Рухани жаңғыру бастауы» атты сарапшылар форумында бекітілген әліпбиге қатысты пікірін білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Әліпби - ол Тәуелсіздік алғалы бері көтерілген мәселе.Тамыздың аяғында әліпби турасында жұмыстар аяқталып, үш нұсқа қалды. Үш нұсқадан таңдалып, алдымен Парламентке диграфтық нұсқа ұсынылды. Ол нұсқаға байланысты көптеген сұрақтар болды. Одан кейінгі апостроф нұсқасы... Жалпы айтқан кезде қоғамда «диграф нұсқасынан кейін іле-шала бір-екі айдан кейін әліпбидің апостроф нұсқасы дайын бола қалды. Әліпби соған байланысты шала болды» деген бір пікір бар. Ол пікір орынсыз», - дейді Ербол Тілешов.

Орталық директорының айтуынша, латын әліпбиін жасаудың үш әдісі бар. Біріншісі, диграфтық, екіншісі - апострофтық, үшіншісі - диалектикалық тұрғыда жасақтау. Бұл үшеуі - 2000 жылдардың басынан Қазақстанда айтылып келе жатқан нұсқалар.

«Латын әліпбиінің қазіргі уақытта халықаралық деңгейде орныққан тәжірибелері бар. Біз бірінші болып қолға алып отырған жоқпыз. Әлемде 4 млрд 200 млн адам осы латын әліпбиін қолданады. Бүл әлем халқының 60 пайызға жуығы. Осыған келгенде әліпбидің үш үлгісі де жұмыс тобының ерекше назарында болды», - дейді ол.

Ербол Тілешов сонымен қатар латын әліпбиіне қатысты апостроф нұсқасына неліктен ден қойылғаны туралы айтып берді.

«Меніңше, ол (апострофтық нұсқа - авт.) диграфтық нұсқаға қарағанда жазуға тиімді. Ендігі үлкен мәселе - ең алдымен, бәсекеге қабілеттелігіміз, қоғамда прагматикалық сананың орнығуы, білімнің салтанат құруы мен ең бастысы, ұлттық бірегейлікті сақтау деп білуіміз керек. Осы тұрғыдан келгенде Дүниежүзі қазақтарының бесінші құрылтайында жалпы әлемдегі 16 миллион қазақтың ортақ әліпбиі туралы айтылды. Яғни, шетелдегі 5 миллион қазақ өз тілінде жаза да, оқи да алады. Ол да мықтап ескерілді. Біздің қоғамда латын әліпбиіне қатысты көзқарас қалыптасқан. Енді қолданысы да бірте-бірте қалыптасады деп ойлаймыз. Апострофтық нұсқада түсінбейтіндей белгісіз таңба жоқ. Осы 32 әріптен тұратын әліпбидің 19 таңбасы классикалық латын әліпбиіне сәйкес келеді. Сонда ерекшеленіп тұрған 13 таңба бар. Ол да латынның ішінен шығып тұр. Үйрену қиын деп ойламаймын», - дейді Ербол Тілешов.