21 жел, 2018 сағат 22:00

Қызыл ғаламшардағы су: Mars Express мұз басқан кратер суреттерін жіберді

Еуропа ғарыш агенттігінің Mars Express ғаламшараралық автоматты стансасы мұз қатып жатқан Королев кратерінің суреттерін Жерге жіберді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Агенттіктің ресми сайтына сілтеме жасап.

Mars Express 2003 жылдың 2 маусымында ғарышқа ұшқан болатын. Алты айдан кейін аппарат Марсқа жетіп, оның орбитасына шыққан. Желтоқсан айында Еуропа ғарыш агенттігі миссияның 15 жылдығын тойлады, ал спутниктен алынған суреттер мерейтойға лайықты тарту болды. Фотосуреттер дәлдігі жоғары HRSC стереокамераларымен түсірілген. Суреттерден тыс, спутник ғалымдарға Королев атындағы кратердің топографиялық деректерін де жіберді.

Кратердің диаметрі - 82 километр. Ол ғаламшардың солтүстік полярлық бөлігіндегі төбеліктердің оңтүстік жағында орналасқан. Судан қатқан мұздың тереңдігі 1,8 километрге жетеді. Мұз қабатының үстіндегі атмосфераның табиғи жолмен салқындауы кратердегі мұзды еріп кетуден сақтайды.