08 қаң, 2019 сағат 14:32

ҚР ІІМ Қарағандыдағы төбелес туралы ақпараттың кідіру себебін түсіндірді

ҚР Ішкі істер министрінің бірінші орынбасары Жанат Сүлейменов «Ежелгі Рим» мейрамханасындағы төбелес туралы ақпараттың кешіктірілуі себебін айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Бұл тұрғыда бірінші кезекте материалдарды зерттеу, куәгерлерден жауап алу, көзбе-көз беттестіру, түрлі сараптамаларды тағайындауды ескеру керек. Осы шаралардың барлығы белгілі уақытты талап етеді», - деді Жанат Сүлейменов Орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихатында.

Оның сөзіне қарағанда, қазіргі кезде аталған оқиға бойынша мән-жай анықтала бастады.

«Екі жақтың да (төбелеске қатысқан) адамдары анықталды.  Күдіктілер қамауға алынып, тергеу амалдары жалғасуда», - деді Ж. Сүлейменов.

Бұдан бұрын хабарланғандай, ҚР ІІМ Ішкі және сыртқы коммуникациялар департаментінің директоры Алмас Садубаев Қарағандыдағы төбелестің себебін айтты. Айта кетейік, Қарағандыдағы кісі өліміне қатысты 8 күдікті тұтқындалды.