31 қаз, 2019 сағат 13:27

Қостанай облысында «Қызыл кітапқа» енген құсты атқандар ұсталды

Қостанай облысында «Браконьер» операциясы жүргізіліп, заң бұзғандар анықталды, деп хабарлайды  "Ұлт ақпарат".

Іс-шара барысында полиция қызметкерлері мен табиғатты қорғау ұйымдарынан 59 мобильдік топ құрылды. Қызметкерлер аңшылық жерлерінде, су айдындарында және орман алқаптарында табиғат қорғау заңнамасын бұзудың жолын кесу және анықтау бойынша 1590-нан астам рейдтік іс-шара өткізді.

«Полиция қызметкерлері заңсыз аң аулау және ағаш кесу деректеріне қатысты 4 қылмыстық құқық бұзушылықты анықтады. Қостанай ауданының Лиманный ауылының маңында полиция қызметкерлері «ВАЗ 2121» автокөлігін тоқтатқан. Автомобиль жүк салғышын тексеру кезінде екі сібір елігі және тіркеуге алынған үш мылтық табылды. Белгілі болғандай, жолаушылардың біреуі екі елік атып алған», - делінген облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің ақпаратында.

Заңсыз аң аулаудың тағы бір дерегі Қамысты ауданында тіркелген. Талдыкөл ауылынан 10 шақырым жерде Рудный қаласының екі тұрғыны ұсталды. Аң аулайтын шаруашылықта жүрген аңшылар 7 қаз атқан, олардың бірі – Қызыл кітапқа енгізілген «Шиқылдақ қаз» тұқымы.

Жалпы, аң аулау ережелерін бұзғаны үшін 72 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Балық аулау ережелерін бұзғаны үшін 23 балықшы, сондай-ақ 26 аңшы қаруды сақтау, алып жүру және тасымалдау ережелерін бұзғаны үшін айыппұл арқалады. Айта кетерлік жайт, жедел алдын алу іс-шарасы кезінде 700 мың теңгеден астам әкімшілік айыппұл өндірілді.