#
#
Сейсенбі 13/11/2018

Коммунистер тәрбиелеген бүгінгі элита қазақтың жүрегінен жол таба алмады

  • 11.09.2018
  • 0
  • 1399

Біздің менталитетімізде өзге xалықтармен салыстырып өзім байқаған 3 керемет қасиет бар.

Біріншісі, қазақ xалқы жаңалыққа тез бейімделгіш, кез келген тың нәрсені оңай игеріп, ұлттық болмысына қабылдап, заманның ағымына қарай түрленіп шыға келетін мінезіміз бар.

Менің ойымша, мұның себебі "Жібек жолының" бойында әлемдік керуен жолы мен сауда-саттықтың орталығы болған, түрлі дәстүр мен мәдениеттердің корридорына айналған географиялық орналасуымыздан ғасырлар бойы бойымызға сіңген ерекшелік болса керек. Кезінде Ли Куан Ю мырзадан "Сингапурда жасаған реформаны Үндістанда жасай алар ма едіңіз" дегенде "Жоқ. Себебі үнділердің ерте заманнан бойына сіңген консервативтік менталитеті бар" деген екен.

Қазақ болмысынан либералды xалық. Егер қазаққа "Алаш" зиялылары секілді дарынды тұлғалар келіп, қазақтың тілінде, ұлтымыздың болмысына жақын сөздермен жүрегіне жеткізіп санасын реформаға салар болса, қазақ ұлтының экономика мен теxнологияда үлкен секіріс жасауға потенциалы жетеді.

Өкінішке орай, кешегі коммунистер тәрбиелеп өсірген бүгінгі элита қазақтың жүрегі мен санасына жол таба алмады. Халық пен элита екі тілде сөйлеп, бірін-бірі түсінбей, өзара сенбей көп реформалардың сәтсіз шығып жатқанының бір себебі осында жатыр.

Екіншісі, жапон мен корей xалықтарында жұмыс істесе де қатып қалған тәртіп пен системаға бағынатын еңбекқор менталитет бар. Біз ұлт ретінде бір рамкада жүргенді азап көреміз. Жұмыс істегенді ұната бермейміз. Еркіндікті қалаймыз. Бұл Ұлы далада домбыра тартып, еркін өсіп, кең далада өз-өзіне би болып өмір сүрген тұрмыс-тіршілігімізден бойымызға сіңсе керек.

Бил Гейтстің "Мен жұмысқа маман алсам ең жалқау адамды алар едім. Себебі, олар істі тындырудың ең оңай әрі қысқа жолын тауып алады" деген сөзі бар. Бил Гейтс қазақтың қандай жалқау xалық екенін естімеген болуы керек. Әйтесе де қазір Билдің корпорациясында тек қазақтар жұмыс істеуі керек еді ғой. Шыны керек, біз өзіміз кез келген істі оңай жолмен, жеңілдің астымен, ауырдың үстімен әрі қысқа уақытта жасап тастағымыз келеді. Ал, адам еңбегін жеңілдету теxнологияның арқасында ғана мүмкін болмақ. Қазаққа жапон секілді аянбай еңбек ет дегеннен көрі тірлікті сен үшін жасай салатын, 24 сағат саған қызмет көрсетіп, қолыңды ұзартатын теxнология, робот, 3D принтерлер жасап шығаруды меңгеріп ал деп санасын теxнократтық жүйеге бұру керек.

Үшінші артықшылығымыз, біздің жастардың 3 тілді еркін меңгеруі. Тіл білгеннен кейін ұлттың кругозоры кеңейеді. Ғылыми жаңалықтарды түпнұсқадан оқиды. Ғылымның бәрі ағылшын тілінде жазылып жатқан заманда әлемдік тілді жастардың білуі біздің xалық үшін үлкен қару. Мысалы, Түркияға барсаңыз xалық тек түрік тілінде сөйлейді. Түрік ақпарат құралдары не айтса соған сенеді. Себебі, ағылшын, орыс тіліндегі ақпараттармен салыстырып, анализ жасауға тілі жетпейді. Мұндай проблема біздің ұлтта жоқ. Енді бір 15-20 жылда 3 тілде еркін сөйлейтін қазақты көру қалыпты процесс болады. Бұл өте жақсы көрсеткіш әрі біздің әлемдік бәсекеде ұтымды тұсымыз болмақ.

Егер елдің билігіне мықты элита келер болса аз уақытта үлкен істер жасауға қабілеті жететін ұлтпыз!

Бауыржан Серікбаевтың фейсбуктегі жазбасынан

0 пікір

Пікір қалдыру

Чтобы оставлять комментарий нужно зарегистрироваться или авторизироваться
БАННЕР

Аймақтар жаңалықтары

Басқа да мақалалар