07 там, 2018 сағат 13:37

Қол қоймасаң, көзіңді құртамын деп қорқытты - Храпуновтың экс-орынбасары

Виктор Храпуновтың орынбасары заңсыз сатылым барысын әшкере қылды. Ол жер телімдері мен жылжымайтын мүліктің Храпунов пен оның туыстарының меншігіне қалай өткенін өткенін сотта айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. 

Сотталушы Яков Заяц 1998-2004 жылдары Алматының экс-әкімі Виктор Храпуновтың орынбасары болып қызмет атқарған. Ол сәулет саласында, жол жөндеу, жолайрықтар салуда жетекшілік еткен. Сондай-ақ жер қатынастары және қала құрылысы мәселелері жөніндегі комиссия мүшесі болған. 

Емен бағын жеке меншік иесіне сату туралы хаттамаға қол қойған ол жауап алу кезінде істеген ісін мойындап, өкініш білдірді. 

«Мәселе бұл аумақта жылжымайтын мүліктің жалға берілуінде. Жылжымайтын мүлік сатылып кеткенде, жер қатынастары комиссиясының міндеті - жер телімі иесін өзгерту еді. Бұрын бұл жер қалалық атқарушы комиссияның демалатын орны болатын. Храпунов мұндай шешім қабылдаған кезде мені шақырып, былай деді: «Партиялық объектілердің бәрін бұрынғыдай жекешелендіру керек. Кәсіподақтағылар Шымбұлақ пен Медеуді жекешелендірді». Мен түбегейлі қарсы болдым. Ол мені комиссия құрамына күштеп қосты. Менің алдыма қол қойылған құжатты тастады. Онда комиссияның қолы да қойылған болатын. Оның қысымымен жер телімінің мақсатты бағыты өзгергені туралы жер қатынастары комиссиясының шешіміне қол қоюға мәжбүр болдым», - деді Яков Заяц. 

Сотталушы тағылған айыптың бәрімен келісетінін айтты. 

«Бұл көрсеткіштерді мойындаймын. Мұның бәрі Храпуновтың қысымымен болған. Менің сыртымнан қойылған қолға келісім беруге мәжбүр болдым. Ол менің құжаттарға қол қоюымды сұраған кезде хаттамада менен басқасының бәрінің қолы болды. Келісім кезінде жер қатынастары және қала құрылысы комиссиясы өкілдері, қаланың бас сәулетшісі, жер ресурстары жөніндегі қалалық комитет департаменті, табиғатты қорғау мекемелерінің өкілдері және заңгерлер болды», - деді айыпталушы. 

Заңбұзушылық екенін біле тұра, құжатқа неге қол қойғанын сұраған прокурорға ол оқиғаның қысым мен қорқыту арқылы жүзеге асқанын айтты. 

«Ол мені қыспаққа алып, қорқытты. Ол кезде ота жасатқалы жүргенмін. Мен келісімімді бердім. Және ол үшін айыптымын. «Мен сені орныңнан алып тастаймын, көзіңді құртамын» деді. Бәрінен бұрын қол қойсаң да, қоймасаң да, ендігі маңызы қалмаған еді. Көп құжаттарды менсіз де рәсімдеп жіберген. Жер телімдері мен жылжымайтын мүлікті сату, аудару тек соның құзырында болды», - деді ол. 

Яков Заяц бұдан бөлек «Горячие источники»,ҰОС ардагерлері емханасын, Сыртқы істер министрлігі қабылдау үйін және Горный көшесі, 232 мекенжайындағы жер теліміне қатысты құжаттарға қол қойғаны үшін айыпталған. 

Еске сала кетсек, ерлі-зайыпты Храпуновтар ұйымдасқан топпен бірге мемлекет меншігін ұрлау, лауазымдық өкілеттікті асыра пайдалану, алаяқтық, пара алу, қылмыстық жолмен алынған мүлікті заңдастыру баптары бойынша айыпталып отыр.