06 қаң, 2017 сағат 09:19

Қытай дөкейлері қазақ қыздарын жар қылам деп әлек...

Астанада Қытай азаматымен танысуға дайын қыздар мен әйелдер тобын жинастырып жатыр. Осындай мазмұндағы хабарлама Facebook әлеуметтік желісіндегі "Доска объявлений Алматы, Астана" паблигінде жарияланған, - деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" kaz.tengrinews.kz порталына сілтеме жасап. Бейжіңнен келген дөкей жігіттер тобы қазақстандық қыздар мен шынайы қарым-қатынас құру үшін келе жатқаны айтылады. 

"18-40 жас аралығындағы басы бос қыздар! Бейжің тұрғыны, бойдақ ер жігітке тұрмысқа шыққыңыз келе ме? Бізге хабарласыңыз. Бейжіңнің дөкей жігіттер тобы Астанаға отбасын құру үшін келе жатыр. Арнайы бірнеше шаралар дайындалып жатыр. Ер адамдар бақуатты өмір сүреді, еуропалық білімі бар, ағылшын, орыс тілдерін жетік меңгерген", - делінген хабарландыруда. 

Осы шараға қатысу үшін 15-25 мың аралығында төлеу қажет екені де айтылады. Сонымен қатар, қалыңдық іздеу бірнеше байқаудан тұрады. Қытай азаматтарының Астанаға келуі ақпан айының екінші жартысына жоспарланған. 

Осы хабарландыру әлеуметтік желілерде дауға қалды. Желі қолданушылары өздерінің наразылығын білдіріп, пікір қалдыруда. 

"Қытайда қыз жоқ дегенге сенбеймін. Оларға басқа елге барып, қалыңдық таңдаудың не қажеті бар. Қытайлықтар қай елде тұрса да, өз дәстүрін қатты құрметтейді. Оларда аралас отбасын құрғандар өте аз. Ал бұлар не демалу үшін келе жатқан бай адамдар, не сол елден қашып жүргендер", - деп жазады Желі қолданушыларының бірі. 

"Өзіміздің жігіттер аз ба? Сандырақ. Бізге шетелдіктер керек емес, өзіміздің жігіттер жетеді. Сонымен қатар, біздің дәстүріміз бен салтымыз бөлек", - деп жазған тағы бір адам. 

Осыған дейін мамандар Қазақстанда жалғыз басты әйелдердің көптігін айтқан. Сол себепті неке қию агенттіктері жалғыз басты қыздарға Еуропалық сұр бойдақтарға тұрмысқа шығуды ұсынатын көрінеді.