27 мам, 2018 сағат 16:43

KAZ Minerals Bozymchak басшысы ұсталды

KAZ Minerals Bozymchak бас директоры Ілияс Түлекеев Бішкекте ұсталды, деп хабарлайды Tengrinews.kz. Бұл мағлұматты KAZ Minerals компаниялар тобының корпоративтік байланыс департаментіндегілер растады.

"Бұл іске қатысты бізге белгілісі, Түлекеев мырзаға айып тағылды, Түлекеев мырзаға нақты қандай айыптың тағылғаны анықталды. Әңгіме Қырғызстан бюджетіне салық төлеу туралы болып тұр. Нақтырақ айтатын болсақ, өткен жылы Қырғызстан Республикасының салық органдары салық төлеу туралы компанияның тарабына талап қойған. Бұл талапты компания орындамаған. Ол даулы мәселе және компания оған қатысты шағым түсірген. Сонымен қатар, компания бірнеше жылдан бері Қырғызстанның салық органдары тарапынан ҚҚС-ны өндіре алмай келеді, бұл да тексеруді талап ететін нәрсе болып тұр. Әңгіме 50 миллион сом жөнінде (шамамен 250 миллион теңге - Авт.). Бұл ҚР салық органдары қарыз есебінде айып тағып отырған сома", - деді компаниядағылар.

Сонымен қатар, KAZ Minerals компаниялар тобының мамандары Түлекеевтің қандай жағдайда ұсталғаны туралы да айтып берді.

"Біздегі мәліметтер бойынша, ол жұма күні шекараны кесіп өтіп бара жатқан жерінде ұсталған. Түлекеев демалыс күндері Қазақстанға оралмақшы болыпты. Төлқұжаттық бақылау кезінде оны ұстап, қаржы полициясының өкілдеріне тапсырған. Оны уақытша ұстау изоляторына орналастырып, әлі күнге сол жерде отыр", - деді KAZ Minerals мамандары.

Компаниядағылардың айтуынша, KAZ Minerals Bozymchak басшысы ұсталған сәттен бері қорғаушы жұмыс істеп жатыр, Сыртқы істер министрлігінің өкілдері - елші мен консул хабардар. "Қырғызстан президентінің әкімшілігіне, Бас прокуратураға тиісті үндеу жолданды. Бұл мәселе жақын күндері құқықтық алаңда шешілмесе, біз толығырақ түсінікті Қор нарығына және бұл ақпаратты өзге инвесторларға беруге мәжбүр болатынымыз сөзсіз. Қалай болса да біз құқығымыз бен мүддемізді қорғау үшін барлық құқықтық тәсілдерді қолданамыз, әсіресе Түлекеев мырза үшін", - деді компаниялар тобының өкілдері.

Сонымен қатар, KAZ Minerals өкілдері бүгін KAZ Minerals компаниялар тобы басшылығының Бішкекке жол тартатынын хабарлады.

Айта кетейік, кеше қырғыз ақпарат құралдары дереккөздерге сілтеме жасап, Ілияс Түлекеевтің ұсталғанын хабарлады. Олардың мәліметінше, Түлекеев Бішкектегі изоляторда. Алдын ала мәліметтер бойынша, оған Қырғызстан Қылмыстық кодексінің "Лауазымын асыра пайдалану" бабы бойынша айып тағылып отыр. Сонымен қатар, салықты жасырды деген де күдік бар.

Ілияс Түлекеев компанияның негізі қаланғалы бері басқарып келеді. KAZ Minerals Bozymchak компаниясы KAZ Minerals PLC тобына кіреді. "Қазақмыс Голд Қырғызстан" компаниясы Қырғызстандағы жұмысын 2007 жылы бастаған. 2015 жылы 31 қазанда "Қазақмыс Голд Қырғызстан" атауы KAZ Minerals Bozymchak атауына өзгертілді, компания Джалал-Абад облысы Алабөкен ауданындағы Бозымчак кен орнында геологиялық барлаумен және мыс-алтын өңдеумен айналысады, сонымен қатар, кен орнын пайдалануға қажетті өзге де лицензияларға ие. 2015 жылы 1 тамызда Қырғызстан премьер-министрінің қатысуымен "Бозымчак" кен-байыту комбинатының жұмысы іске қосылған болатын.