01 қаз, 2019 сағат 14:45

Қарағайды заңсыз кескен қарағандылық ұсталды

Қарқаралы табиғат паркінде заңсыз түрде 8 қарағай ағашын шауап алған жергілікті тұрғын бөренелерді өз автокөлігімен тасымалдамақшы болған.

Алайда табиғат қорғау полициясының қызметкерлері заң бұзушыны жолдан ұстап алды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Ағымдағы жылдың 28 қыркүйегінде Қарқаралы ауданының аумағында өсімдіктер мен жануарлар әлемін қорғау бойынша рейдтік іс-шаралар өткізу кезінде Қарқаралы ауданының табиғат қорғау полициясының қызметкерлері «Қарқаралы-Егіндібұлақ» тасжолының Егіндібұлақ ауылына кіре берісінде 51 жастағы тұрғын басқарып келе жатқан «Нива 21213» маркалы автокөлігін тоқтатты.

Шолып қарау кезінде автокөліктің тіркемесінен ұзындығы 2 метрді құрайтын 8 дана кесілген қарағай табылды. Жүргізушіде бұл ағаштарды тасымалдауға немесе сатып алуға қандай да бір рұқсат құжаттары болмаған.

«Тексеру барысында 51 жастағы ер адам Қарқаралы ауданының «Қу орманшылығы» орман қорының аумағына 8 дана қарағай заңсыз кескенін мойындады», - деп хабарлады Қарағанды облысы ПД баспасөз қызметі.

Аталған дерек бойынша ҚР ҚК 340-бабының 2-бөлігі бойынша қылмыстық іс қозғалды.

Қазіргі уақытта тергеу амалдары жүргізілуде.