16 мам, 2019 сағат 10:35

Қалаға жайылған түтін иісі Алматы тұрғындарын алаңдатты

Мамырдың 16-сы түнде Алматы облысы Қарасай ауданындағы қоқыс полигоны өртеніп, қалаға түтін иісі жайылды. Әлеуметтік желі қолданушылары ресми ақпараттың уақытында таралмауына шағымданды. Қала ауасының ластану деңгейін көрсететін тәуелсіз жоба авторы "тұрғындарды көшеге шықпай, терезені жауып отыруға" кеңес берді. Ал қалалық төтенше жағдай департаменті "ауада қауіпті заттар мөлшері жоғарыламағанын" айтып, тұрғындарды "мессенжерлерде тараған жалған ақпаратқа сенбеуге" шақырды.

Мамырдың 16-сына қараған түні әлеуметтік желі қолданушылары Алматы қаласында түтін мен ыс иісі таралып, "демалу мүмкін емес" екеніне шағымданды. Мысалы, Бася Израиловна есімді қолданушы Facebook желісінде "Кеше кешке Қаскелеңде қоқыс полигоны өртенді. Әуелі Бішкек жаққа қарай түтін кетті. Желдің бағыты өзгеріп, түтін қала жаққа қарай көше бастады..." деп жазды.

Қалада түтін иісі әсіресе қаланың тауға жақын орналасқан бөлігінде қатты сезілді. Қала тұрғындары таңертеңгі сағат онға дейін ыстың нақты себебін біле алмады.

Ресми ақпарат мамырдың 16-сы таңертеңгі сағат онға таман тарады. Алматы облыстық төтенше жағдайлар департаментінің хабарлауынша, Қарасай ауданындағы Әйтей ауылынан жеті шақырым жердегі қоқыс полигоны түнгі 2.00-ден бастап өртене бастаған.

Департамент өкілі Ерлан Қылышбаевтың айтуынша, өрт бір гектар аумаққа тараған. Қылышбаевтың сөзінше, өртеніп жатқан полигон аумағына онға жуық техника құм сеуіп жатыр. Төтенше жағдайлар комитетінің өкілі Нұрсұлтан Нұрахмет "өрттен зардап шеккендер жоқ" деп хабарлады.

Тілшіміз қаланың экологиялық ахуалына байланысты "Қазгидрометке" хабарласып көріп еді, есімін Айза деп таныстырған баспасөз қызметінің өкілі өртке байланысты Алматы қалалық экология департаментіне хабарласу керегін айтты. Ал қалалық экология департаментінің өкілі Данияр Құрманбеков таңертеңгі сағат 11 шамасында тілші сұрағына былай деді:

"Қазір "Қазгидрометпен" бірігіп, біздің экология департаментінің зертханасы стационарлық постарға шығып, сынақ (замер) алады. "Қазгидрометтің" автоматтық стационарлық посты "заттардың жоғары мөлшері" бар деді".

"Не үшін өрт туралы ақпарат уақытында таралмады?" деген сұраққа ол "бұл оқиғаны өздерінің таңертең ғана білгенін" айтты.

- Өзіңіз ойлаңыз, түнгі сағат екіде... оны білген де жоқпыз. Таңертең жұмысқа келгендей сондай мәліметтер болды, - деді Данияр Құрманбеков.

Тәуелсіз экологтар "Алматы қаласы ауасының ластану деңгейін көрсетеді" деп сілтеме беретін airkaz.org жобасы ауадағы PM 2.5 қауіпті бөлшектер деңгейі Нұр-Сұлтан уақытымен таңертеңгі сағат 9 жарым шамасында кейбір ауданда 133-ті көрсетіп тұрды.

- Бұл - әрбір текше метрге шаққанда ауа құрамындағы PM 2.5 қауіпті бөлшектер деңгейі. Ол неғұрлым жоғары болса, соғұрлым жаман. Тәулігіне орташа қалыпты норма - 25 микрограмм. Әдетте жылдың бұл мезгілінде 10 мен 30-ға дейін болады. Бұл қалыпты саналады. Қыста жағдай нашарлап кетеді. Кеше, кешенің арғы күні әлдеқайда жақсы болатын, - дейді жоба авторы Павел Александров.

Алматы қаласы ауасының құрамындағы қауіпті заттар көрсеткіші. Airkaz.org сайтынан алынған скриншот.

"Құрылғыларыңыз қаншалықты дәл дерек береді?" деген сұраққа азаматтық белсенді "құрылғыларымның өлшеу дәлдігі 10 пайызды құрайды. Яғни, егер PM деңгейі 50-ді көрсетсе, құрылғыларым +-10 пайыз жоғары-төмен көрсетуі мүмкін" дейді ол.

Азаматтық белсенді бұған дейін Facebook-тағы парақшасында ауа құрамында қауіпті заттар көп болғандықтан "азаматтарды қатты қажет болмайынша көшеге шықпай, терезені жауып отыруға" кеңес берген еді.

Түске қарай Алматы қалалық төтенше жағдай департаменті тұрғындарды "ауада күкірт тотығының құрамы 70 есеге жоғарылады деген" мессенжерлерде тарап жатқан ақпаратқа сенбеуге шақырды.

"Қазгидромет" дерегіне сүйенген төтенше жағдай департаменті "ауада қауіпті заттар мөлшері жоғарыламағанын" айтты.

"Осыған байланысты Алматы қалалық төтенше жағдай департаменті респираторлар мен противогаз қолдану туралы нұсқаулық берген жоқ" делінген төтенше жағдай департаменті таратқан хабарламада.

Департамент Алматы тұрғындарын оқиғаға байланысты қатты алаңдамауға шақырды.

Ресми дерек бойынша, өртеніп жатқан полигонға Алматы қаласынан шыққан қоқыс шығарылады.

"Қазір облыс әкімінің тапсырмасына сай, Қарасай ауданының әкімі және облыс әкімінің бірінші орынбасары Ләззат Тұрлашов оқиға орнында жүр. Полигонға Алматы қаласынан шыққан қоқыс шығарылады. Қазір өртті сөндіру үшін облыс әкімінің тапсырмасына сай, қосымша құрылыс техникалары жұмылдырылып жатыр" деді Алматы облыстық төтенше жағдай департаментінің баспасөз хатшысы Ғалымұрат Жүкел.

Азаттық