23 ақп, 2018 сағат 07:08

Ержан Тәтішевті өлтірген қаруға қатысты жаңа деректер шықты

Таразда Тұран Әлем банкiнiң бұрынғы төрағасы Ержан Тәтiшевтi өлтiрдi деп айыпталып отырған бизнесмен Мұратхан Тоқмәди iсiне қатысты сот процесi жалғасуда. Куәгер бүгiнгi отырыста Тәтiшев өлтiрiлген қаруға екi рет сараптама жасалғанын және әрқайсында әртүрлi қорытынды шығарылғанын айтты, деп хабарлайды Baq.kz тiлшiсi.

Бүгiн Сот сараптама орталығының бұрынғы қызметкерi Сергей Уфимцевтен жауап алынды. Куәгердiң айтуынша, 2005 жылы Ержан Тәтiшевтiң өлiмiне қатысты iстi тергеу барысында қару механикасы өзгертiлген.

«2005 жылы мен сараптама жөнiндегi комиссия құрамында болдым. Қолға сараптама қорытындысын алған соң Бiшманов (Сот сараптама орталығының басшысы - авт.) Астанадан келiп, менi кабинетiне шақырып алды. Ол сараптама комиссиясының басшысы болатын. Бiшманов орталықтан тапсырма келгенiн алға тартып, қару өзi атып кететiндей iлгегiн босату керектiгiн айтты. Мен оның айтқанын iстедiм. Осыдан соң қаруды сараптама жасайтын Кисилевке апарып бердiм», - дедi Уфимцев.

Куәгер қаруды сарапшыға көрсеткеннен кейiн Кисилевтiң таңырқағанын айтты. Себебi, алғашқы сараптама қарудың дұрыс iстейтiнiн көрсеткен едi. Уфимцев Кисилевке бұл тапсырманы Сот сараптама орталығының өтiнiшiмен Бiшманов бергенiн жеткiзген. Осы әңгiмеден кейiн Кисилев Бiшмановқа барған, бiрақ ол «шу шығармай, тыныш отырыңдар» деп қорқытқан.

Еске салсақ, 2007 жылы Мұратхан Тоқмәди Ержан Тәтiшевтi абайсызда өлтiргенi үшiн сотталған болатын. Тараз қалалық сотының 2007 жылғы 3 қыркүйектегi үкiмiмен Тоқмәди бiр жылға бас бостандығынан айырылып, рақымшылықпен жазадан босатылған едi.

Атап өтсек, Таразда Тұран Әлем банкiнiң бұрынғы төрағасы Ержан Тәтiшевтi өлтiрдi деп айыпталып отырған бизнесмен Мұратхан Тоқмәди iсiне қатысты сот процесi өтiп жатыр. Осылайша, 14 жыл бұрынғы қылмыс қайта тексерiлуде. Ал, 11 жыл бұрын бизнесмен Тоқмәди дәл осы қылмысы үшiн жазадан сытылып кеткен болатын. Сол кезде қылмыс абайсызда жасалды делiнген едi.

2017 жылғы 12 маусымда Алматыдағы арнайы операция барысында «ҚазСтройСтекло» ЖШС бас директорының кеңесшiсi Мұратхан Тоқмәди ұсталды. Бизнесмен «Iрi көлемдегi мүлiкке ие болу мақсатында бопсалау» бабы бойынша қылмыс жасады деген күдiкпен құрықталып, үш жылға бас бостандығынан айырылды.

2017 жылдың қазанында КТК арнасынан көрсетiлген фильмде Тоқмәди Ержан Тәтiшевтi өлтiргенiн мойындап, банкирдiң көзiн Мұхтар Әбләзовтың тапсырысымен жойғанын айтты. Сондай-ақ, Әбләзовтен Тәтiшевтi өлтiру үшiн 2 траншпен 4 млн доллар көлемiнде сыйақы алғанын да жасырмады. Осылайша, Мұхтар Әбләзов Ержан Тәтiшевтiң өлiмiнен кейiн Тұран Әлем банкiнiң басшылығына келген. 2018 жылғы 16 ақпанда Жамбыл облыстық сотында Тоқмәдиден жауап алынып, ол осы айтқандарын растады.