#
#
Cәрсенбі 21/11/2018

Ерлан Қарин. Комсомол туралы бірер сөз

  • 23.10.2018
  • 0
  • 2715

Комсомолдың қатарында болмадым. Алайда мемлекеттік саяси қызметке араласқалы бері, үш комсомолдықтың қол астында жұмыс істеп, тәрбиесін алдым. Мемлекеттік қызметте жүргендер біледі, комсомолдықтар деп атайтын басшылардың қасында жұмыс істеу – ең бір азапты жұмыс, әскери қызметте жүргенмен бірдей. Себебі олар тым мазасыз басшылар – күндіз-түні ойлайтындары жұмыс. Сенбі, жексенбі, демалыс дегенді білмейді. Қашан тынығып, күш жинайтындары да белгісіз.

Мен жәй қатардағы комсомолдықтар емес, солардың ішінде ең бір белсенді басшылар бола білген – Иманғали Тасмағамбетов, Қырымбек Көшербаев пен Нұрлан Нығматулин сияқты азаматтармен қызметтес болдым. Осы кісілердің жанында жүріп, талай идеологиялық, ұйымдастырушылық тәсілдерді тең меңгеріп, біраз тәжірибе жинадым.

Әрқайсысымен бір салада жұмыс істеу мен үшін үлкен бір мектеп болды. Үшеуі де бірінен бірі өткен педант. Жазған қағазыңды жәй бір шолып өтпейді, мұқият оқып, мектепте үй тапсырмасын тексерген мұғалім секілді, қою қара сия қаламмен әрбір жіберген қатеңді тауып, астын сызып, жазғаныңның үстіне шымайлап, басқа да небір ойларды қосып жібереді. Сөйтіп, күніне төрт-бес рет кіресің, кірген сайын тағы бір қате тауып, тағы бір жаңа сөз тіркестері мен цитаталарды жазып береді. Сонда мен газетте істейтін журналист, ал олар сол газеттің редакторлары болса бір сөз ғой, жоқ, олай емес.

Соның арасында өзге адамдарды қабылдап, тұрғын үй, құрылыс, жол мәселелері бойынша жиналыстарды өткізіп, талай шаруашылық мәселелерді тас-талқан етіп шешіп жатады. Тыңдап, бақылап отырсаң, өмір бойы сол құрылыс, жол мәселелермен айналысып жүргендей, бәрін біледі, бәрінен хабардар. Ақын-жазушыларды ертіп келсең, олардың жазған әңгіме өлеңдерін өздеріне жатқа айтып беріп отырады. Сөйлесе әрқайсысы сөзге шешен, мақал-мәтелдетіп, өмірден мысалдар келтіре, кез келген аудиторияны өздеріне бірден оп-оңай-ақ баурап алады. Яғни, білімпаз, оқымысты, және өздерінен көп білетін, көп оқитын азаматтарды қастарына жинап жүреді. Осы күнге дейін оқыған кітаптарымызбен алмасып тұрамыз.

Комсомолдықтардың ұйымдастырушылық қасиеттері бір бөлек. Сондықтан жауапты іс-шараларды негізінен соларға жүктейтін. Себебі, атқаратын істеріне адал, жауапкершілікпен жасайды. Кез келген іске тиянақты, олар үшін майда-шүйде сұрақ деген жоқ, бәрі маңызды, бәрі жедел, бәрі негізгі. Барған жерінде әскерилер сияқты тәртіпті орнықтырып, қарамағындағыларын сап-сапқа түзеп, майданда жүргендей қатал мінезбен басқарып отырады.

Қысқасы, айтайын дегенім, комсомолдық олар үшін идеология емес, ол басқару, ұйымдастыру тәсілі. Бүгінде жас шенеуніктер мұхит асып, Гарвардтағы Кеннеди басқару мектебіне барғаны сияқты, комсомолдықтар үшін де сол бір кез - бір мектеп. Ал, олар - сол мектептің түлектері. Мына соңғы оқиғада да, комсомолдықтардың сол тиянақтылығы, баяғы әдетпен жоғары деңгейде жасамақ болып, әрлеп, әсемдейміз деген талпыныстары өздеріне жағымсыз көзқарас тудырып алды.

Әрине, Алаштықтардың жүз жылдық тойы көлеңкеде қалып, ал комсомолдың ғасырлық тойы дүркіреп өтіп жатқаны, шынымды айтсам, мені қынжылтады. Бірақ, былай қарап отырсаң бәрі де дұрыс. Неге?! Себебі, кім, қалайша біріге, ұйымдаса алды, солай тойын тойлады, атайтынын атады.

Алаштың жүз жылдығын да солай дүркіретіп өткізуге болар еді, тіпті одан да асырып жіберуге де мүмкін еді. Бірақ, әр жерден бір шулап, айтып-айтып қойдық. Сөзге мықтымыз, ал нақты іске келгенде, әрқайсының мыңдаған сылтауы шыға келді. Мойындау керек, Алаш идеясы риторика деңгейінен аспай қалды. Ал, шын мәнісінде, алаштықтар мемлекеттілікті басты мақсат етіп қойды. Және олар азаттық үшін күресі бір бөлек, ал сол дербес, тәуелсіз мемлекетті сақтап, қорғап тұру үшін саяси мемлекеттік басқару тәсілдерін де барынша меңгеруді насихаттаған болатын. Сондықтан, комсомолдың жүз жылдығы біз үшін қай жағынан болса да, жақсы саяси сабақ болды.

Тarlan.kz

0 пікір

Пікір қалдыру

Чтобы оставлять комментарий нужно зарегистрироваться или авторизироваться

Маңызды мақалалар

БАННЕР

Аймақтар жаңалықтары

Басқа да мақалалар