09 мау, 2018 сағат 09:29

Елбасы сапарына орай Қытайдың әскери оркестрі қазақтың халық әнін орындады

ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевты қарсы алу рәсімінде Халық жиналысы үйінің алдындағы алаңда қазақ халық әні «Гүлдерайым» орындалды, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА-ның Қытайдағы меншікті тілшісі.

Кеше ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың ҚХР-ға мемлекеттік сапары аясындағы шаралар аяқталды. Бүгін және ертең Мемлекет басшысы Қытайдың шығысындағы Шаньдун провинциясының Циндао қаласында өтетін Шанхай ынтымақтастық ұйымына (ШЫҰ) мүше елдердің мемлекет басшылары саммитіне қатысады.

Елбасының Бейжіңге мемлекеттік сапары барысында Нұрсұлтан Назарбаевтың ҚХР Төрағасы Си Цзиньпинмен кездесу рәсімінде алғаш рет Қытай халық азат етуші армиясының әскери оркестрі қазақ халқының «Гүлдерайым» әнін орындады. Ән Қазақстан және Қытай мемлекеттік әнұрандарынан кейін шырқалды.


Еске сала кетейік, ҚХР Төрағасы Си Цзиньпинмен келіссөздер кезінде 9 бірлескен құжатқа, соның ішінде бірлескен мәлімдемеге қол қойылды.

Екі елдің басшыларына тұңғыш Қазақстан-Қытай киножобасы «Композитор» фильмі ұсынылды.

Сондай-ақ, ҚР Президенті ҚХР Мемлекеттік кеңесінің Премьері Ли Кецянмен кездесті

Бүкілқытайлық халық өкілдері жиналысы Тұрақты комитетінің төрағасы Ли Чжаньшумен келіссөздер жүргізді

Бейжіңдегі Халық батырлары ескерткішіне гүл шоғын қойып, қытайлық бизнес капитандарын қабылдады.

Сапар аясында Қазақстан-Қытай Іскерлік кеңесінің 5-ші отырысы болып, онда жалпы сомасы 13 млрд долларды құрайтын 40-тан астам келісімге қол қойылды.