20 шіл, 2018 сағат 08:21

Денис Тенді өлтірген екінші күдіктінің суреті жарияланды

Полиция Денис Теннің өліміне қатысы бар екінші күдікті – Қызылорда облысының 24 жастағы тұрғынын іздеп жатыр, деп хабарлады ішкі істер министрлігі баспасөз қызметі.

"Денис Тенді өлтірді деген екінші күдіктіні іздеуге бүкіл жеке құрам мен аймақтық ішкі істер департаменттерінің басқа да күштері жұмылдырылған. 1994 жылы туған Қызылорда облысы тұрғыны Құдайбергенов Арман Бүрібайұлы іздестіріліп жатыр", — деп мәлімет берді ведомство.

Күдіктінің түр-сипаты: арық денелі, бойы — 165-170 сантиметр, қара футболка мен сұр джинсы киген, қара түсті аяқ киімі және күннен қорғайтын көзілдірігі бар.

Күдіктінің қайда жүргені туралы қандай да ақпарат белгілі болса, ішкі істер министрлігі Алматы ІІД-іне хабарласуды сұрайды: 8 (7272) 54-40-42, 54-40-18, 54-41-00, 54-43-66 немесе 102.

Ведомство атап өткендей, қылмыстық істі тергеуге ІІМ мен Алматы ІІД-нің ең тәжірибелі қызметкерлерінен жедел тергеу тобы құрылды. Оны ішкі істер министрінің бірінші орынбасары Жанат Сүлейменов басқарады.

Айта кетейік, белгілі қазақстандық мәнерлеп сырғанаушы Денис Тен пышақтан алған жарақатымен ауруханаға 19 шілде күні түс кезінде жеткізілді.

Алматы қалалық ІІД-нің мәліметтері бойынша, белгісіз біреулер спортшының көлігінің айнасын ұрламақ болған.

Оқиғаның үстінен түскен спортшыны ұрылар жамбасынан жарақаттаған.

Спортшы 3 литр қан жоғалтқан. Дәрігерлер оның жағдайын өте ауыр деп бағалады.

Кешірек ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің баспасөз хатшысы Ернар Әкімқұлов спортшының қаза болғандығын жариялады.

Бүгін ҚР Ішкі істер министрлігі Денис Теннің өліміне күдіктілердің бірінің ұсталғанын жария етті.

Сондай-ақ прокуратура өкілдері ұсталған күдіктінің қылмыс жасағанын мойындағанын жариялады.

sputniknews.kz