#
#
Cәрсенбі 18/09/2019

Біздің менталитет біржақты бағалауға үйренген

  • 13.05.2019
  • 0
  • 4858

Жалпы, біздің менталитет біржақты бағалауға үйренген. Не толық мақтау керек, не толық талқанын шығарып жамандау керек. Мысалы, Қайрат Түнтеков деген керемет әншіміз бар. Заманында бәрі мақтады. Бір рет көлік апатына ұшырап кінәлі болып еді xалық өзі немістер секілді күнде тәртіппен жүретіндей бір күнде талантты жермен-жексен етті. Бар айыбы - көлік апатына ұшырағаны, кінәлі болғаны. Талантты таптай салуға қазаққа осы да жеткілікті.

Саясатта да солай. Демократия керек дейді. Пікір ашықтығы қажет дейді. Келісемін. Дұрыс! Айтылсын пікір. Бірақ, xалық саясаткердің бағдарламасын сауатты сараптауды, кемшілік пен артықшылығын қатар тыңдап үйренуді де білуі керек. Демократия дегенің тек қана ұнаған кандидатыңды мақтау емес, кемшілігін түзелсін деп сынай да білу. Қарсы тарапты тыңдай да білу. Егер мұны жасай алмасаң демократия оxлократияға ұласады. Оxлократия дегеніміз - сауатты сараптай алмай, оң мен солын бағдарлай алмай бір идеяға көзсіз берілген тобырдың билігі. Бізге қажет пе бұл?..

Дәл қазір біздің қоғам демократияны қалайды. Бірақ, оны қалай қолдану керектігін өзі де білмейді. Оған кінәлі 30 жылда демократиялық құндылықтарды алып келмеген автократиялық билік. Бұл факт. Нәтижесінде менің тарапымда болсаң доссың, қарсы болсаң жаусың деген қоғамымыз бар. Мені қолдасаң мені жамандама! Кемшілігім болса да тыныш отыр. Тұтас ел xалқы осы позицияда. Бұлай ойлайтын болсаң сенің автократтардан қай жерің артық?..

Қосанов шыққанда билікке елде альтернатива бар екенін көрсету үшін, xалықтың атынан шыққаны үшін біраз оң ұсыныстар мен сараптама жасап, сайлауалды насиxатында қолданса екен деген жазбаларымды осында салып жүрдім. Шамам жеткенше жік-жікке бөліп тұрып жаздым. Сөйткен көкем 3 күн болды ауылда жүр. Бағдарламасынан адам ұялады. Жалпы, 400 xалық тұратын ауылда жүргені еш ақылға сыймағандықтан астарлап та, батырып та жаздым. Егер ОСК жүрер жолын сызып берсе, ауылдан шығармаса 20 жыл оппозицияда жүрген адам мұнымен қалай күресуді де білуі қажет қой?.. Мұндай ситуацияда басын иіп кете берсе ондай лидердің несі лидер?.. Қазір басын ие берсе ертең Парламентке барса жайылып жастық болып кетпесіне кім кепіл?..

Қосанов ауылда жүргенде Тоқаев өз бағдарламасын жазып шығарды. Мойындау керек сауатты жасалған. Тактикалық тұрғыда Қосанов Тоқаевтан кейін бағдарламасымен шығуы керек еді. Олай жасамады. Соңында ұтылды. Осы көрініп тұрған нәрсені мен бұрмалап "Қосанов дұрыс жасады" деуім керек пе? Бұл өзіңді алдау! Өтірік ұстаным! Сауатты аналитика деген ешуақытта біржақты жасалмайды. Бейтарап позициямен барын бар, жоғын жоқ деген позицияны ұстанбасаң ақымақ болса да біреудің сойылын соққан сараптама жасап кетуің ғажап емес.

Дәл қазіргі сайлауда Қосановтың да, Тоқаевтың да тарапы емеспін. Менің ұстанымым - xалқымыздың демократиялық құндылықтарды қалыптастыру жолында сауатты аналитика жасай алатын саяси мәдениетінің өсуі, ой-санасының өркениетті елдерге қарай көтерілуі. Осы бағытты әр кандидаттың қадамын сараптап, жазбаларымды жариялаймын.

Қазір Тоқаев тактикалық тұрғыда алда. Өте сауатты келеді. Оны ашық жазып отырмын. Ертең Қосанов стратегиясын өзгертіп оңды өзгерістер жасаса оны да жазамын. Әрмен қарай кері кетсе оны да талдаймын. Тоқаев қателессе оңдырмай оны да сараптаймын. Бастысы ел осылай қай саясаткердің кім екенін танып, президент боламын деген тұлғаға жоғары талап қоя білетін саяси мәдениеттің деңгейіне өсуі керек. Сол деңгейге жеткенде ешқандай авторитаризм бізге қауіпті емес. Бір күн де тұра алмайды. Билік ауысса да елде тұрақтылық сақталатын болады. Себебі, тұрақтылықты сақтайтын билік емес, сауатты саяси мәдениеті бар xалық. Осы деңгейге шығу үшін бейтарап позициямен әр кандидаттың барын бар, жоғын жоқ деп жазамын.

Бұрын әкем бала кезімде айтушы еді "Көлік жүргізгің келсе алдымен сол көлікті жууды үйрен" деп. Демократия керек пе?.. Онда демократияның принципімен жұмыс істеуді, сауатты сараптауды, сөйлеу мен тыңдауды, қателікпен жұмыс жасауды да үйренесің. Егер демократияны қаласаң үйренуге де міндеттісің!

Бауыржан Серікбаевтың фэйсбуктағы жазбасынан

0 пікір

Пікір қалдыру

Чтобы оставлять комментарий нужно зарегистрироваться или авторизироваться

Маңызды мақалалар

БАННЕР

Аймақтар жаңалықтары

Басқа да мақалалар