25 шіл, 2018 сағат 15:53

"Біздің Денис" кітабының электрондық нұсқасын оқуға болады

"Біздің Денис" кітабының электрондық нұсқасын ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің ресми сайтынан оқу мүмкіндігі пайда болды.

Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің тапсырысы бойынша ҚР Ұлттық кітапханасы қазақстандық танымал мәнерлеп сырғанаушы Денис Теннің қаза табуына байланысты "Біздің Денис" деп аталатын кітап басып шығарды.

Кітапта спортшының өмірбаяны, жарқын сұхбаттары, сондай-ақ ел, отбасы және өмір туралы айтылған пікірлері келтірілген. Онда Денистің сирек кездесетін және жарыстар мен әр түрлі іс-шаралардан естелік фотосуреттері, сондай-ақ әлемдік және қазақстандық жұлдыздардың естеліктері бар.

Кітаптың электронды нұсқасын  www.mks.gov.kz сайтынан да оқуға болады.

Айта кетсек, ҚР Мәдениет және спорт  министрлігі қазақстандық танымал мәнерлеп сырғанаушы жайында «Біздің Денис» атты кітаптың қосымша 2 мың данасын әзірлеп жатыр.

«Біз Денис туралы барлық мағлұматтарды жинастырып, аталмыш кітапты бір түннің ішінде шығардық. Оны сырғанаушымен  қоштасу рәсімі кезінде Барыс-Аренада тараттық. Сондай-ақ, қосымша ақпарат жинақтап, 2000 дана таралыммен шығаруды жоспарлап отырмыз, - деді министрліктің баспасөз хатшысы Айдар Қырықбай.

Баспасөз хатшысы кітаптың 10 беті Денис Тенмен қоштасу кезінде танымал отандастарымыз айтқан  сөздермен толығатынын жеткізді.