21 қар, 2018 сағат 08:13

«Айка» фильмі Ослодағы кинофестивальде жеңімпаз атанды

Өткен аптада Норвегия астанасы Ослода 28-ші «FILM fra SØR» («Оңтүстік фильмі») шетелдік фильмдер фестивалі өтті. Оған Азия, Африка және Латын Америкасы елдерінен 80-нен астам таспа қатысты, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Оған Қазақстаннан режиссер Сергей Дворцевойдың «Айка» фильмі және Венеция кинофестивалінің жеңімпазы Эмир Байғазиннің жұмыстары ұсынылды.

Фестивальде «Деректі фильм», «Аудитория жүлдесі», «Жаңа дауыс» және «Күміс айна» аталымдары бойынша жеңімпаздар анықталды.

«Айка» фильмін қазылар алқасы бір ауыздан «Жаңа дауыс» аталымының жеңімпазы деп таныды.

«Қазақстандық актриса Самал Еслямова Сергей Дворцевойдың фильмін жалғыз өзі сүйреп жүр. Камера оның әрбір қимылын бағып отырады, тіпті біз, көрермендер бас кейіпкермен үндес, пікірлес боламыз», - дейді норвегиялық киносыншылар.

«Деректі фильм» аталымында конголық режиссер Эммануэль Грастың «Макала» фильмі жеңіске жетті. Көрермен көңілінен шыққан фильм ретінде жапон режиссері Хирокадзу Кориденің «Дүкен тонаушы» фильмі танылса, оңтүстіккореялық режиссер Ли Чанг Донг түсірген «Өртеу» фильміне «Күміс айна» сыйлығы берілді.

«Айка» фильмінің түсірілім тобынан ешкім болмағандықтан, награда Ослода аккредиттелген қазақстандық дипломаттарға тапсырылды.

Эмир Байғазин «FILM fra SØR» фестиваліне «Үндестік сабақтары», «Жаралы періште» және «Өзен» фильмдерін, сондай-ақ «Жұлдызды көргіңіз келе ме?» атты жаңа жұмысын ұсынды. Сыншылар оның шығармашылығына жоғары баға берді.

Шара аясында Эмир Байғазин Қазақстан Елшілігінде қазақ диаспорасы өкілдерімен кездесіп, шығармашылық жоспарларын бөлісті.