27 шіл, 2017 сағат 10:15

Апатқа байланысты ЯК-12 ұшақтарын пайдалану уақытша тоқтатылды

ҚР ИДМ Азаматтық авиация комитеті тергеу аяқталғанша, ЯК-12 ұшақтарын пайдалануды тоқтатты, деп хабарлайды Ұлт.кз тілшісі ҚазАқпарат агенттігіне сілтеме жасап.

«Алматы облысы Панфилов ауданындағы «ТАК Қазавиа» ЖШС-не қарасты ЯК-12 ұшағының апатқа ұшырауына байланысты ҚР ИДМ Азаматтық авиация комитеті тергеу аяқталғанша, Қазақстан аумағында ЯК-12 ұшақтарын пайдалануды тоқтатты. Аталмыш оқиға бойынша министрліктің Көлік оқиғалары мен оқыс оқиғаларды тексеру департаменті тергеу жұмыстарын бастап кетті.

Оқиға орнына сала мамандарынан құрылған комиссия мүшелері ұшып кетті.

Еске сала кетейік, төтенше жағдай бүгін таңертең Панфилов ауданында Шолақай ауылына жақын жерде болған.

Жүгері егістігін өңдеуге шыққан ЯК-12 ұшағы құлап, артынан өртене бастаған. Бортта ұшқыш пен тағы бір адам болған. Екеуі де қаза болды.