10 қаз, 2019 сағат 13:52

Алматыда ойын-сауық орталығын жарып жібермек болған қылмыскер сотталды

Алматы қаласы Алмалы аудандық қылмыстық соты А.Ж. Бітімбаевты терроризм актісіне дайындалу, терроризмді насихаттау, діни алауыздықты қоздыру және атыс қаруын заңсыз сақтау фактілері бойынша 10 жылға соттады. Үкім заңды күшіне енді, деп хабарлайды Ұлттық қауіпсіздік комитетінің баспасөз қызметі.

Ол ҰҚК назарына деструктивті діни идеологияны ұстанушы және Қазақстан Республикасында тыйым салынған «ДАИШ» халықаралық террористік ұйымының жақтасы ретінде ілікті.

«Тексеру барысында оның Интернетте «ДАИШ» үгіт-насихатының ықпалымен халық көп шоғырланған орындарда жарылғышты пайдаланып, терактілер дайындауы туралы ақпарат алынды. Қарулы шабуыл жасағаннан кейін ол шетел содырларының қатарына өту және террористік әрекетін жалғастыру үшін Сирияға жетуді жоспарлаған. Ол биылғы сәуірде Алматыда ішкі істер органдарын тарта отырып, ҰҚК күшімен ұсталды» делінген хабарламада.

Тінту кезінде одан атыс қаруы мен травматикалық қару, қолдан жасалатын жарылғыш құралдар жасауға арналған құрамдас бөлшектер, үш сауда-ойын-сауық орталығының сызбалары, бетперде мен қолғап алынды.

Бітімбаевтың кінәсі куәгерлік түсініктермен, заттай және өзге де айғақтармен толық дәлелденді.