26 там, 2019 сағат 11:07

Алматыда автокөлік бірнеше адамды қасақана қағып кетті

Әлеуметтік желіде көліктің бірнеше адамды қағып кеткен видеосы жарияланды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Оқиға Алматы қаласының Бостандық ауданында 26 тамыз күні таңғы сағат 5-тер шамасында болған. Сөзге келіп қалған екі топ өзара жанжалдасып соңында бір-бірін көлікпен қуалаған.

Бейнежазбада бір топ жігіттің екі көлік жүргізушісімен жанжалдасқанын көруге болады. Ақ түсті автокөліктің жүргізушісі ерегескендердің біреуін қағып кете жаздайды. Ал қара түсті көліктің жүргізушісі қасақана үш адамды қағады. Сондай-ақ, жігіттердің бірі қолына автокөлік нөмірін ұстаған. Онда Алматы өңірінің 02 жазу бары анық байқалады.

Осы оқиғаға қатысты Алматы қалалық полиция департаменті түсініктеме берді.

«Бұл факт сотқа дейінгі тергеудің бірыңғай тізіліміне алынды. ҚР ҚК үш бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды. Бостандық аудандық полиция бөлімінде территориялық жағынан, сондай-ақ ПД тергеу бөлімінде тергелуде. Күдіктілер анықталды, қазір оларды ұстауға және көлікті тәркілеуге бағытталған жедел-іздестіру шаралары кешені жүргізілуде», - деді полцияның баспасөз қызметі.

Кейінірек Алматы полиция департаментінің ресми өкілі Салтанат Әзірбек автокөлікпен адамдарды қасақана қағу оқиғасы туралы толық ақпаратты жариялады.

«Жанжалдың нәтижесінде тараптардың біреуі қарсы жақтағы адамдарды көлікпен қағып, оқиға орнынан қашып кетті. Олардың кім екені анықталды, тергеу жүріп жатыр. Қазіргі уақытта күдіктілерді ұстауға және көлікті тәркілеп алуға бағытталған жедел-іздестіру шаралары жүргізілуде», - деді Алматы полиция департаментінің ресми өкілі Салтанат Әзірбек.

Полицияның мәліметінше, осы оқиғаның нәтижесінде үш адам жарақат алды. Олардың аяқ-қолдары жарақатанған, миы шайқалған. Олар қаланың медициналық мекемелеріне жеткізілді.

Тиісінше, Алматы қалалық денсаулық сақтау басқармасы көлік қаққан адамдардың денсаулығы туралы айтты.

«Алматы №7 қалалық клиникалық ауруханаға 2 адам түсті. Біріншісіне  ашық бас сүйек-ми жарақаты, мидың жеңіл дәрежеде жарақаты, бастың оң жақ сүйегінің сыну диагнозы қойылды. Жағдайы - орташа ауыр. Екінші науқасқа жабық бас жарақаты, мидың шайқалу диагнозы қойылды. Жағдайы орташа ауыр деп бағаланады. Үшіншісі Орталық қалалық ауруханаға жеткізілді. Оның сол аяғының тобығы, оң қол шынтағы жабық, сол қол шынтағына ашық сынған деген диагноз қойылып отыр. Жағдайы - орташа ауыр», - деп хабарлады Алматы қалалық денсаулық сақтау басқармасынан.