26 шіл, 2018 сағат 08:12

Адам денсаулығы биологиялық уақытқа тәуелді немесе уақыт белдеуі мен сағат тіліміз сәйкес келе ме?

Биылғы ораза айтта мен неден қиналдым өзі? Айтайын. Ашығудан не күннің ыстықтығынан емес. Ауа райы қолайлы болды. Жаңбыр, қоңыр салқын дегендей. Ендеше, қиналыс неден? Ұйқыдан. Алматыда түнгі сағат деймін-ау, таңғы сағат 3-тен өте бере таң рауандайды. Ал кешкі ауызашардан кейін жұрт мешітке барып, тарауық намазына қатысады. Одан құптан намазын оқып, мешіттен үйге жетіп, ұйқыға жатам дегенше сағат тілі түнгі 12-ні көрсетіп тұрады. Екі сағат қана ұйықтайсыз. Ал сағат 3-тен өте таң атады. Оған дейін сәресіге тұруың керек. Үштен кейін де ұйықтап жарытпайсың. Таңғы сағат 5-тен өте шақырайып күн шығады. Күн шықпай таң намазын оқып үлгеруің керек. Ары қарай жұмысқа баратын болғандықтан, тағы да ұйықтап жарытпасың белгілі. Сонымен басың күні бойы мең-зең болып жүргені. Басқа уақытта да кеш жатып, ерте тұруға қиналатынымыз тағы бар.

Осыдан кейін ойға кетесің. Осы біздің сағаттық белдеуіміз дұрыс па деп.

Кеңес Одағы тарқардан он жыл бұрын Қазақстанда «жазғы» уақыт пайда болды. Электр энергиясын тиімді пайдалану деген мақсатпен. Наурыз айының соңғы жексенбісінде сағат тілін жыл сайын бір сағатқа кейін жылжытушы едік. Ал қазан айының соңғы жексенбісінде жазғы уақыт тоқтатылып, сағат тілі бір сағатқа ілгері жылжитын. Оны да бастан кештік. Нәтижесі не болды? Балалар тас қараңғыда мектепке баруға мәжбүр болды. Ұйқылары қанбағандықтан, сабақ үлгерімдері нашарлады. Адамдар уақыттан жаңылысып, табиғи ырғақ бұзылды, қолайсыздық жүйке жүйесіне кері әсер етті, денсаулықтары сыр берді. Құдай оңдап, «Салауатты өмір салтын қалыптастыру жөніндегі Ұлттық орталықтың» тұрғындар арасында жүргізген сауалнама қорытындылары себепші болып, 2005 жылы наурыз айында Үкімет қаулысымен «жазғы» және «қысқы» уақытқа көшу тоқтатылды. Тоқтатылғаны дұрыс болды дегенмен, «жазғы» уақытта тұрақты қалып қойдық. Дұрысы, сол кезде «қысқы» уақытта тұрақтап қалуымыз керек пе еді…

Осыдан екі ай бұрын Орал қаласында болдым. Уақыт айырмашылығы бір сағат кейін екен. Рахат болды. Асығып-аптықпайсың. Ұйқың қанады. Денсаулығыма оң әсер берді. Мынау тұрған Ташкент те солай. Бізден бір сағат кейін. Аталарымыз кезінде Тәшкенге қарап, бекер уақыт түзеді дейсіз бе?!

Осыдан кейін ойға кетесің. Осы біздің сағаттық белдеуіміз дұрыс па деп.

Қазақстанның сағаттық белдеуі 1930 жылы бір сағат алға жылжытылған. КСРО Халкомдары кеңесінің арнайы декреті бойынша, Электр энергиясын үнемдеуден пәлен миллион пайда табамыз деген мақсатта. Шынымен солай ма, әлде басқаша мақсаты болды ма? Бірыңғай кеңес халқын қалыптастыру үшін жасалынған тәжірибе ме? Оны зерттеу керек. Осы декреттік уақытқа сәйкес, 5-сағаттық белдеудегі Астана, Алматы сияқты қалалардың бәрі көршілес 6-сағаттық белдеудің уақытын пайдаланады. Көрдіңіз бе, осыдан 90 жылдай уақыт бұрын уақыт белдеуімізде қателік жіберген.

Географияға жүгінсеңіз, халықаралық келісім бойынша Жер шары 24 меридиандық сызық арқылы 24 сағаттық белдеуге бөлінгенін көресіз. Белдеулік уақыт АҚШ-та 1883 жылы енгізілсе, КСРО-да 1919 жылы енгізілген. Әр өңірдің уақыты меридиан сызығы бойынша белгіленеді. Мұның бәрі адам өміріне қолайсыздық тудырмас үшін жасалынған. Дүниежүзілік уақыт Англиядағы Гринвич обсерваториясына бағынады. Ал шын мәнінде, дүниежүзілік уақыт Меккенің сағатына бағынуы тиіс деп жүр озық ойлы ғалымдар. Себебі, Жердің магниттік орталығы Қағба тұрған жер екендігі анықталған. Бұл енді өз алдына бөлек тақырып.

Жалпы, Қазақстан өткен ғасырдың 60-жылдарына дейін үш түрлі уақытпен жүрген. Мәселен, Батыс Қазақстанда сағат бес болса, Алматыда алты, Шығыс Қазақстан мен Павлодарда сағат жеті дегендей. Кейін Шығыс Қазақстан мен Павлодар уақытын Алматы уақытымен теңестірген. Сөйтіп, үш түрлі уақыттан екі түрлі уақытқа түстік. Ал неге осы бір сағаттық айырмашылықты да жойып, Қазақстанда бір ғана уақыт стандарты болмасқа?! Жер көлемі жөнінен әлемде тоғызыншы орында тұрған елімізде географиялық уақыт белдеуі әртүрлі болуы заңды да шығар, бірақ оның да шешу жолдарын іздестіргеніміз дұрыс-ау…

Кәрім Мәсімов Премьер-министр болып тұрғанда, Парламент Мәжілісінің бір топ депутаттары Үкіметбасына депутаттық сауал жолдаған. Оған Қызылорда облысы аумағындағы қазіргі географиялық сағаттық белдеудегі уақыт өлшемінің қолайсыздығы жайында 1500 адам қол қойған өтініш хат себеп болған. Онда Астана мен Алматыдан 1200 шақырым қашықтықта жатқан Қызылорда халқы үшін қазіргі уақыттың өте тиімсіз әрі қолайсыз болып отырғаны айтылған.

Таза географиялық белдеуге сәйкес табиғи уақыт бойынша Қызылорда облысында Астана уақытынан таң бір сағат кейін атып, күн бір сағат кейін бататыны белгілі. Мамандардың пікірінше, табиғи, дағдылы, үйреніскен биологиялық уақытты бұзу облыс халқының тұрмыс-тіршілігіне, көңіл-күйіне, денсаулығына кері әсерін тигізіп, жылдар бойы қалыптасқан өмір сүру ырғағын бұзған. Үкіметбасы кезінде Кәрім Қажымұқанұлы шеше алмаған бұл мәселе енді Премьер-министр Бақытжан Сағынтаевтың алдына тартылуда. «Географиялық белдеу бойынша табиғи биологиялық уақыттан ауытқу халықтың денсаулығы мен көңіл-күйіне, күнделікті тіршілігіне теріс ықпалын тигізіп, жылдар бойы қалыптасқан өмір сүру ритмін бұзады. Уақытты табиғи жарықпен сәйкестендірген дұрыс деп есептеймін» дейді сенатор М.Бақтиярұлы.

Ғалымдар «Адамдарды өзге географиялық уақытымен таңның атуынан бұрын мәжбүрлеп тұрғызу созылмалы (хронический) аурулардың өршуіне, жаңа аурулардың пайда болуына, обыр (рак), қантамырлары жүйесі аурулары, суицид, тіпті жол-көлік оқиғаларының көбеюіне де себеп болады және де ағзаға әсері, әсіресе «күзгі-қысқы» уақыттарда, ең бірінші балалар мен егде кісілердің саулығына кері әсері қатты болады» деген тұжырымға келген. Ал Дания ғалымдары ұйқы бұзылған жағдайда әйелдердің төс обыры (рак молочной железы) ауруы 1,5 есеге артатынын дәлелдепті. Мелатонин обыр клеткалары жайылуын тоқтататыны бұрыннан белгілі. Ал ол таң атысынан бұрын тұрған жағдайда адам ағзасынан дұрыс бөлінбейді. Және де ұйқыдан тұрған адамның қан қысымын жоғарылататын норедоналин мен картизол да ұйқыдан таң атысынан бұрын тұрған жағдайда қан құрамына енбейді, ал оның болмауы инфарктың басты себепкері» депті.

Әлеуметтік желіде осы мәселені жиі көтеріп жүретін Б.Нұрхожаев: «Қазір бізде осы уақытқа үйренісіп қалдық деген жаңсақ пікір айтылуда. Бұл дұрыс емес. Және жылдан-жылға аурудың көбеюі де, декреттік сағаттың әсері де қатты байқалуда.

Қазір Қызылорда облысында ата-аналар балаларын таңертең ас ішпек түгіл, мектепке үлгерту үшін мектеп формасын киіндіріп жатқызатынын айтып отыр. Таңертеңгі ас пен денешынықтыру, салауатты өмір салтын сақтау, тазалық дегенді бұл жерде сөз қылудың да қажеті жоқ. Осыған дейінгі халық арасында жүргізілген сауалнамалар объективті ақпаратты бермеуінің себебі – әр жастағы адамдарда толыққанды ұйқының әртүрлі болуында. Жас балаларға – 9-11 сағат, орта жастарға – 7-8 сағат, егде кісілерге – 9-11 сағат. Алайда ертеңгі күні бүгінгі орта жастың егде тартып, балалы болары заңдылық. Және де 12 жылда нақ жоғарыдағы ғалымдар айтып отырған аурулардың өршуі байқалуда. Оның зардаптары Байқоңыр мен Арал апаты зиянынан әлдеқайда зор екенін әлі түсінбей отырған сыңайлымыз» деп жазады.

Қазіргі заманда нешетүрлі өршіп тұрған аурулар осы уақыт белдеуі мен сағат тілінің сәйкес келмеуінен емес пе екен деген ойға қаласыз. Ғалымдар «адам тұрмысында уақыт өлшемі әсер етпейтін бірде-бір саласы жоқ, аурушаңдыққа ұшырамайтын бірде-бір органы жоқ» дейді. Білген соң айтады да.

Интернетке үңілсек, әлемдік билеушілердің күн мен түннің табиғи ауысу ырғағын әдейі оздыра бұзу салдарымен халық санын азайту жоспары бар ма деп қаласың… Кім білсін?..

Қазір шіліңгір шілде, түрлі тойдың қызып жатқан уақыты. Сол тойларға кешкі сағат 5-ке деп шақырады да, той сағат 9-да басталады. Неге? Ойланып көрдік пе? Қазақтың үнемі кешігіп жүретін, уақытты бағаламайтын салғырттығынан ба бұл, басқадан ба? Қазақты неге ұйқышыл, жалқау, енжар деп кемсіте береміз? Оның себебі неде? Неге елімізде жол апаттары көп? Неге жастарымыз күндіз ұйықтауға, түнде қыдыруға бейіл, неге шаршаңқы, неге ашуланғыш? Неге балалар арасындағы суицидтен әлемде бірінші орында тұрмыз? Неге? Неге?…

Төреғали ТӘШЕН

"Айқын" газеті