23 там, 2017 сағат 15:07

Абайдың туған күні қашан нақтыланады?

Өзін қазақтың перзенті санайтын пенденің Абайды мақтан тұтуы заңды құбылыс. «Қазақтың бас ақыны – Абай. Онан асқан бұрынғы-соңғы  заманда қазақ баласында біз білетін ақын болған жоқ», – деп жиырмасыншы ғасыр табалдырығын аттай бере қадап айтқан алаш ардақтысы Ахмет Байтұрсыновтың ғибратты пікірі баршамыздың жүрегімізде жаттаулы.

Осы жылдың сәуір айында жарық көрген Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында: «Ұлттық салт-дәстүрлеріміз, тіліміз бен музыкамыз, әдебиетіміз, жоралғыларымыз, бір сөзбен айтқанда ұлттық рухымыз бойымызда мәңгі қалуыға тиіс», –екендігін мейлінше терең ашып берді. Рухани қазынамыздағы тарам-тарам салалар – Абайдың даналығы, Әуезовтің ғұламалығы, Жамбылдың жырлары, Құрманғазының күйлері, ғасырлар қойнауын кернеген бабалар сазы бүгінгі ұрпақ игілігіне айналуы  шарт. Ұрпақты тәрбиелейтін де, рухымызды асқақтататын да бағзыдан жеткен асыл қазыналарымыз.

Абай мұрасына бүгінгі буын зор сергектікпен, керек десеңіз перзенттік махаббатпен қарауы керек. Ұлы ақынның 150 жылдық мерейтойы сәтінде Абай-Шәкәрім кесенесінің мінберінде тұрып: «Абай сөзі – қазақтың бойтұмары. Абай мұрасы – қазақтың ең қасиетті қазынасы» деген қанатты сөзі әрбір зиялы өскіннің санасында мәңгілікке сақталары хақ.

Айтпағымыз, Абай – қасиетіміз, асылымыз. Ендеше ұлы тұлғаның өмірі мен шығармашылығында елеусіз қалатын сәт, ескерусіз қалатын деректің болмағаны абзал. Мәселен, Абайдың туған күніне назар аударайық. «Қазақстан» ұлттық энциклопедиясында: «Абай (Ибраһим) Құнанбаев [29.7 (10.8) 1845, қазіргі Шығыс Қазақстан обл. Абай ауд. Қасқабұлақ жайлауы – 23.6 (6.7) 1904, сонда, Балашақпақ жайлауы, бейіті Жидебайда)] – ұлы ақын, философ, ағартушы, композитор» (Алматы: 1998, 1- т., 11-б.), – делінген. Ал «Абай» энциклопедиясында: «Абай (Ибраһим) Құнанбаев (22.8.1845, қазіргі Семей обл., Абай ауд. – 5.7.1904, сонда) – ұлы ақын, композитор, философ, ағартушы, қазақтың реалистік жаңа жазба әдебиетінің негізін қалаушы» (47-б.), – деп көрсетілген. Абай өмірі жөнінде ең нанымды, ғылыми дерек беруге тиісті екі басылымдағы айырмашылық ойлантпай қоймайды. Ұлы ақынымыздың туған, өлген күндерін ғылыми жүйеге салып, кейінгі ұрпаққа табыстай алмасақ абайтанушыларға сын емес пе? Хакім Абайдың туған күні Алматыда 10 тамызда, Астана, Семей, тағы басқа өңірлерде 23 тамызда аталып өтуі де ақын өмірбаянында шешілмеген түйткілдің барлығына мегзейді.

Абай оқулары, мүшайра, ақындар сайысы сияқты түрі өзгеше болғанымен, мақсаты бір мәдени, әдеби іс-шаралар Қазақстанның көптеген қалаларында өтті. Оған куә қазақ даласын жырға бөлеген теле-радиохабарлар, әдебиет пен өнердің ірі қайраткерлері қатынасқан тағылымды жыр шашулар. Осы жолғы жер-жерде өткен поэзия мерекесі ауқымының кеңдігімен, қатынасушылар санының өсуімен, әсіресе, көкөрім жастардың бар ынтасымен ат салысуымен ерекшелене түсуі қуантады. Абайға құрмет – қазақтың әдебиеті мен тіліне, тарихы мен болашағына құрмет екендігін бүгінгі жас буын бойлай ұғынған сияқты. Өткізіліп жатқан шаралардың ешқайсысына көлеңке түсіру, тырнақ астынан кір іздеу әуелден қаперімізге алмаған дүние. Абай есімінің аталуы көңілге қуаныш ұялатқанымен, қолда барды ұқсата алмай, ақын өмірбаянына немкетті көзқараспен қарау ешкімге де абырой әпермейді. Ұлы Абайдың туған, өлген күндерін анықтап, уақытында шараларды ұйымдастырмасақ, онда қандай тәрбиелік мән бар?!

Әдебиетші ғалымдар өткен ғасырдағы ақын-жазушыларымыздың көпшілігінің туған, өмірден озған күндері жөнінде нақты деректердің жоқ екендігін айтып, жазып жүр. Нақты туған күні демей-ақ қояйық, дүниеге келген жылдарының өзін түрліше жазып келе жатқандығы шындық. Мұның өзі мұрағат қойнауында жеке адамдардың дүниеге келуін айғақтайтын құжаттардың сақталмауымен, тіпті болмағандығымен де байланысты. Дегенмен, бұл енді қайта қарауға болмайтын құбылыс  десек шындықтың аулынан алыстаймыз. Қазақтың ірі суреткер жазушысы  Жүсіпбек Аймауытов 1933 жылы жазған «Торайғырұлы Сұлтанмахмұт» ғұмырбаяндық очеркінде: «Сұлтанмахмұт Семей губерниясы, Кереку (Павлодар) уезі Ақбеттау (бұл күнде Шідерті) болысының қазағы. Ол 1893  (жылқы) жылы октябрьдің ескіше 15-інде Омбыға қарайтын Көшен – Қарауыл, Шабар – Шаншар деген нағашыларының ауылында туады» (Ж.Аймауытов. Бес томдық. 5-т. Алматы: 1999, 276-б.), – дейді. Жаңа стильмен 28 қазан. Барлық жинақтары мен оқулықтарда осы дата қайталанады. «Өз жайымнан мағлұмат» өмірбаяндық мақаласында М.О.Әуезов: «Мен 1897 жылы сентябрьдің 15-інде туыппын. Туған жерім Семей уезіне қараған Тобықты іші. Шыңғыс болысында» (М.Әуезов. Елу томдық. 3-т., 67-б.) – деп туған күнін анық көрсетеді. Жаңа стильмен 28 қыркүйек. Мысалды жалғастыра беруге болады. Жаңа стильдің қажеті қаншама, ескі стиль де бізге жарап жатыр деп тоқмейілсіп, қаза қопарудан, төңкере тексеруден қашқалақтаған кейбір ізденушілер ұқса екен?!

Ертеде жасаған ақын-жазушыларымыздың қолжазбаларының сақталып біздің заманымызға жетпегендіктен текстологиялық салыстырулар мен зерттеулер жүргізуде шарасыз күйге түсетіндігіміз де ақиқат. Бұл жағдайлардың басы ашық. Ал өмірбаяндық фактілерінің (туған, өлген күні) белгілі екендігін көре тұра бұрмалауымыз қай қиянпұрыстық. Әлде бас ақынымыздың туған, пәни дүниеден өткен күндері қашан аталса да бізге бәрібір ме? Неге енжармыз?

Абай төңірегінде үлкен де, кіші де әдетке айналдырған лепірме, көбік сөздерді тежеп, ғылыми деректерге негізделген тұжырымдар жол алатын кез жетті. Ұлы ақынның тым құрмаса бір өлеңінің жазылған мерзімін (мүмкін болып жатса жазылған жылын, айын, күнін), тарихын, кімге арналғандығын ашып берсе абайтану ғылымына қосылған өлшеусіз үлес дер едік. Көтеретін мәселелер жеткілікті.

Орыстың ұлы ақыны А.С. Пушкин өмірінің әрбір сәті қағазға түскен. Кең көлемді туындыларын жазу барысындағы дайындық: шығарма жоспары, жұмысқа қажетті тарихи құжаттар, зерттеулер тізімі, қосалқы материалдар қағаберіс қалмаған. Роман, немесе поэманы жазуға кіріскен уақыты, қашан аяқталды, қосымша өзгертулер мен түзетулердің уақыты (сағаты, минуты) бәз қалпында сақталған, бүгінгі заманға жеткен. Орыстың үлгісін өңмеңдеп тықпалай береді екенсіңдер деп ұнатпайтындар да табылар. Бірақ, ақиқат осы.

Абайдың тууын куәландыратын құжат, қолжазбалары, күнделікті жазбалары, жазысқан хаттары, көптеген фотосуреттері, оқшау ойлары бізге жетпегенімен, өмірінің басты кезеңдерін анықтайтын деректер мен зерттеулер баршылық, тәубе!

Ірі оқымысты, ғалым Шәкәрім Құдайбердіұлы «Түрік, қырғыз-қазақ һәм хандар шежіресінде»: «Әкеміздің бір шешесінен туған – Ибраһим мырза, қазақ ішінде Абай деп атайды. Сол кісі мұсылманша һәм орысша ғылымға жүйрік, һәм алланың берген ақылы да бұл қазақтан дана бөлек кісі еді. Ер жеткен соң сол кісіден тәлім алып, әр түрлі кітаптар оқып, насихатын тыңдап, аз ғана ғылымның сәулесін сездім, - деп Абайдан алған тәлім-тәрбие, үлгі-өнеге сабақтарына дән ризалығын білдіре келіп саналы жанның санасына зілбатпан салмақ салатын ой түйеді. – Ибраһим мырзаның тұрағы қазақ іші болғандықтан қадірі азырақ білінді. Олай болмағанда данышпан, хаким философ кісі еді. Қор елде туды да, қорлықпен өтті (астын сызған біз – А.Е.). 1904 жылы июнь айында 60 жасында өтті, алла тағала баршасының рухына рахмет қылсын».

Шәкәрімнің аузына қорғасындай ауыр сөздерді заманы, уақыты салып отыр ғой. Біз егемен елде, өркениетті Қазақ Елінде өмір сүру бақытына иелендік. Ендеше ұлыларымызды ұлықтауда еленбейтін, ескерілмейтін ұсақ-түйек болмауы керек.

«23 июня 1904 года в Чингизской волости (в горах Чингис) Семипалатинского уезда скончался популярный в родной степи киргизский (казахский –А.Е.) поэт Абай Кунанбаев», - деп хабарлады Әлихан Бөкейханов ұлы ақынға арналған некрологта («Семипалатинский листок», 1905, 25 ноября, №250). Ақынның қайтыс болған күні дәлме дәл көрсетілген, бірақ ескі стильмен екендігін ескерген жөн. Енді бұдан нақты деректі табу қиын. Бәзбіреулер ескі, жаңа стильді діни ұғымдармен байланыстырады. Ол мүлдем қате.

Ақынның өмірге келген күні туралы деректерге ден қоялық.

1909 жылы Санкт-Петербургте басылған ақын жинағында мол өмірбаяндық мәліметтерді қамтып жазған Кәкітай ендігі оқырманға аян. Кәкітайдың ұлы Әрхам Ысқақов (1885-1963) «Абайдың өмір жолы» естелік еңбегінде: «Үдере көшіп шаршап-шалдығып келген ел бұлақтың екі жағындағы қалың шалғынға үлкен үйлерін тігіп, орнығып, жайланып қалады. Сол қалыпты әдеті бойынша Құнанбай ауылы Қасқабұлаққа келіп қонғаннан кейін, 1845 жылы ескіше 10 август күні, Құнанбайдың екінші әйелі Ұлжан толғатып бір ұл дүниеге келеді... Атын арабшалап Ибраһим деп қояды»,-дейді. Әзірше әдебиет зерттеушілерінің бағдарда ұстап жүрген бірден –бір дерегі осы. Және шынайы дерек есебінде ғылыми айналымға түскелі ондаған жылдар өтті. Абайтанушы ғалым Қайым Мұхамедханов «Ұлы ақынның дүниеге келген және баз кешкен күндері қашаннан, қалай аталып келеді?», «Бәріміздің Абайымыз», танымал қаламгер Дәулет Сейсенұлы «Хакім ақын қай күні туған?» мақалаларында дәлелді ойларымен әдебиет сүйер қауымға ұсыныстарын білдірген еді. Өкініштісі жазылып, айтылып келе жатқан тарихи шындықтың басқарушы орындардың назарынан тыс қалуында. Мәселе жаңа стильге көшкенімізге бір ғасыр уақыт өтсе де, Абайдың туған, өлген жылдарын ғана белгілеуде сіресіп, кежегеміз кері тартып, бойкүйездік танытуымыз ендігі жерде төзбестік жағдай.

Нақты ғылыми, ресми дәйекті тұжырымға жүгінейік: «1918 жылғы 23 январьда (ескі стиль бойынша) Халық Комиссарлары Советі ұсынылған екі жобаны талқылады, комиссияның жұмысын қорытты. Келесі күні-24 январьда (6 февральда)» «Россия республикасында батыс европалық календарьды қолдану туралы декрет» қабылдады... Бұл кезде ескі стиль мен жаңа стильдің арасындағы айырмашылық 13 күнге толған еді. Сондықтан декрет бойынша 1918 жылғы 31 январьдан кейінгі күн 1 февраль орнына 14 февраль болып есептелді» (Мыңбай Исқақов «Халық календары», Алматы, 1963, 36-бет).

Дәйексөзді ұзақ етіп алып, ежіктеп отырған себебіміз ендігі жердегі мақсат - қателіктен арылу қажет. Атап айтқанда, қазақ елінің күнтізбесінде Абайдың туған күні 23 (ескі стильмен 10) тамыз, қайтыс болған күні 5 шілде (ескі стильмен 23 маусым) екендігі тайға таңба басқандай бадырайтып жазылса нұр үстіне нұр.

Алаш көсемі Әлихан Бөкейханов ұлы ақынымыздың бақилыққа көшкен күнін баспасөзде 1905 жылы жариялаған, Абай қайтыс болғанда 17 жастағы есті азамат Әрхам Кәкітайұлы Ысқақов туған күнін соқырға таяқ ұстатқандай анықтап берген еді. Өмірін абайтануға арнаған қазақтың қайсар ұлы, марқұм Қайым Мұхамедханов кезінде мәселенің нүктесін қойып кетті. Абайдың туған, дүниеден озған күндері мойын бұрғызбайтын деректермен дәлелденіп отырғанда оны елемей, ескермей, бұрынғы үйреншікті қалпында қалсын деу барып тұрған надандық емес пе?!

Сіз қалай ойлайсыз, ағайын!

Арап Еспенбетов,

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, профессор

Семей.

Ұлт порталы