07 сәу, 2025 сағат 14:14

Зорлық-зомбылыққа көнетін заман артта қалды – мамандар

Коллажды жасаған Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»


Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, өткен жылы полицияға тұрмыстық зорлық-зомбылық туралы 100 мыңға жуық хабарлама түскен. Жалпы елімізде зорлық-зомбылық құрбандарына арналған 69 дағдарыс орталығы жұмыс істейді. Оған өткен жылы 5,5 мың әйел, оның ішінде 3,7 мыңы балалары бар ана жүгінген. Бүгінде тұрмыстық зорлық-зомбылық отбасылы адамдарда ғана емес, қол ұстасқан жас жұптардың да арасында жиі кездесіп жатыр. Оған мысалы, өткен аптадағы актер Шәріп Серіктің оқиғасы. Осы орайда Ult.kz тілшісі қоғамдағы зорлық-зомбылыққа төзбеушіліктің жаңа деңгейін қарастырып көрді.

 

Өз мансабына балта шапқан актер

 

Блогер Әлия Бутеева сүйіктісінің өзіне қол көтергенін айтып, әлеуметтік желіде оқиғаның видеосын жариялады. Видеода лифтіге кірген қызды жалаң аяқ қуып жетіп, сүйреп алып кеткен ер адамның әрекеті көрсетілген. Ал видеодағы адам актер Шәріп Серік екені белгілі болды.


Коллаж: ulysmedia.kz


Оның сүйіктісі бұл жазбаны жариялау оған оңай болмағанын, алайда зорлық-зомбылық кезінде үнсіз қалуға болмайтынын айтты.


«Ең қорқынышты түсімде де «маған сүйікті адамым қол көтерді» деп айтатын адам боламын деп ойламаппын. Бірақ солай болды. Меніңше, аттап кетуге болмайтын шекаралар болады.
Мен физикалық тұрғыдан әлсіз болсам да, маған жат нәрсе туралы жасырып қалатындай әлсіз емеспін. Мен өзімді және абыройымды қорғауға мәжбүрмін», – деді Әлия Бутеева.


Бұл оқиға қоғамда қызу талқыға түсіп, желі қолданушылары блогер қызға қолдау білдіріп жатты. Ең үлкен жазаның бірі актер осы әрекеті арқылы өз мансабына өзі балта шапты. Өйткені онымен әріптестік қарым-қатынас орнатқан Salem Entertainment компаниясы арадағы келісімшартты бұзатынын мәлімдеді.


«Соңғы оқиғаларға байланысты Salem Entertainment ұжымы Шәріп Серікті «қара тізімге» енгізіп, онымен кез келген ынтымақтастықты толығымен тоқтатты. Бұған дейін жарияланған «Шакал» сериалы мен «Qarga» сериалының үшінші маусымы ресми түрде жабылды. Сонымен қатар, актер Meow сериалының екінші маусымында басты рөлдердің бірін сомдауы тиіс болған, алайда ол жобадан алынып тасталды. Актермен барлық келісімшарт тоқтатылды», - деп хабарлады компания.


Бұдан бөлек "Патруль: последний приказ" фильмінің шығармашылық ұжымы Шәріп Серіктің қатысуымен түсірілген көріністерді кинонұсқадан алып тастау жұмыстарын жүргізіп жатқаны белгілі болды.


Осы мәлімдемелерден кейін актер Шәріп Серік Instagram-парақшасында кешірім сұрап, қысқа видео жариялады.


«Мен зорлық-зомбылыққа қарсымын. Өкінішке қарай, менің Әлияны лифтіден дөрекі түрде жұлқып шығарған видеомды көрген боларсыздар. Бұл видео арқылы мен өзімді ақтағым келмейді. Мен ауыр әрекет жасадым. Заң алдында толық жауап беруге дайынмын», – деді ол.

 

Өзіне сенімсіз адам физикалық күшке салады

 

Осы орайда «Алан» түзету орталығының психологы, гештальт-терапевт Гульбанум Мураддулаева «қандай адам зорлық-зомбылық жасауға бейім болады?» деген сұрақтың жауабын беруге тырысты.


«Мен психолог ретінде зорлық-зомбылықтың кез келген түріне қарсымын. Актер Шәріп Серіктің әрекеті психологиялық жаңдағдың тұрақсыздығын көрсетті. Әсіресе, ол танымал, белгілі адам бола тұра осындай әрекетке баруы көптеген компаниялардың серіктестігін тоқтатуына алып келген. Бұл қазір зорлық-зомбылыққа төзбеушіліктің жаңа деңгейге шыққанын көрсетеді. Жаңа деңгей деп отырғанымыз, әйелдер проблемасын ашық айтып, ашық күресетін болды. Ал қоғам да оны түсініп, дұрыс қабылдайтын болды. Бұл әйелдің өзін қорғауына, бақытты сезінуіне мүмкіндік береді. Бақытты әйел, бақытты ана, ол өзін қорғауда екенін сезінсе, онда оның отбасы да бақытты болады.
Біріншіден, өзіне сенімсіз адам басқа адамды қорлау арқылы өзінің жоғары екенін көрсеткісі келеді. Мұның арты зорлық-зомбылыққа әкеліп соқтырады», – деді психолог Гульбанум Мураддулаева.


Ал конфликтолог Евгения Фёдорованың айтуынша, адамдардың психологиялық мінез-құлқы әртүрлі. Жеке адамға тән психологиялық ерекшеліктерді адамның бойында қалыптасқан әлеуметтік қасиет деп айтуға болады.


«Қоғам – адамдардың тіршілік етуі, әрбір адам қоғамның мүшесі ретінде танылады. Адамның топ ішіндегі өзіндік ерекшелік бейнесі – «Мен» бейнесі, өзіндік мінез-құлқы мен іс-әрекетін, сол топ ішінде нендей қызмет атқарып, қандай орын алатынын көрсететін кез келген адамның даралық сипаты. Адамның дара басына тән қасиеттер мен сипаттар, оның ерекшеліктері өмір кезеңіндегі түрлі топтар арасында қалыптасқан мінез-құлқын көрсетеді. Әртүрлі ортаға бейімделіп тіршілік етуден адамның психологиялық өзіндік портреті жасалады.
Жеке адам арасындағы күнделікті қарым-қатынаста бір-бірінің кем-кетігі мен мінезіндегі жағымсыз қылықтарын көзіне нұқып айту не бөтен адамдар арасында әшкерелеу оның наразылығы мен реніш сезімін шиеленістіре түседі. Екі адам арасындағы қақтығыс сол топтағы басқа адамдарға да теріс әсерін тигізеді», – дейді конфликтолог Евгения Фёдорова.


Оның айтуынша, жалпы қақтығысты шешудің әр түрлі әдісі бар. Сол әдістерді шебер қолдану, оны жүзеге асыру – бірден-бір әлеуметтік психологиялық мәселе. 


Тұрмыстық зорлық-зомбылық Қылмыстық кодекске көшті

 

Өткен жылы күшіне енген «Кейбір заңнамалық актілерге әйелдердің құқықтары мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» жаңа заңның маңыздылығы жоғары.


Коллаж: baq.kz


Енгізілген өзгерістер әйелдер мен кәмелетке толмағандарға қатысты зорлық-зомбылық үшін жазаны қатаңдатуға бағытталған. Атап айтқанда, кәмелетке толмаған баланы зорлағаны үшін өмір бойына бас бостандығынан айыру, ал өзін-өзі өлтіруге және қорлауға итермелегендерге қылмыстық жауапкершілік қарастырылған.


Заңгер Айман Омарова тұрмыстық зорлық-зомбылық Қылмыстық кодекске көшкенін атап өтті.


«Осыған дейін әйелдер мен балалар құқығын қорғау мәселелері көтерілді. Тұрмыстық зорлық-зомбылық Қылмыстық кодекске көшті. Ол да қоғамға өте пайдалы. Мұның қылмыс екеніне қоғамды үйретуіміз керек. Кәмелет жасқа толмаған балаларды зорлағандарға 15-20 жыл емес, өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалады. Бұл да дұрыс деп санаймын», - дейді заңгер Айман Омарова.


Қабылдаған отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылық туралы Заң, шын мәнінде, мемлекеттің теңдік пен заң үстемдігі қағидаттарына басымдық беретінін, құқықбұзушылыққа мүлдем төзбеушілікті қалыптастыратынын көрсетеді. Отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылық туралы заң мыңдаған әйелді абъюзивті қарым-қатынастан шығуға итермелейді, оларға құқықтық қауіпсіздік пен қашуға мүмкіндік береді. Сондай-ақ әйелдерге өмір сүруге және озбырлықтан арылуға көмектеседі.

 

Қарсылықтың жаңа деңгейі

 

Ал психолог Шынаргүл Сапарғалиева қатыгездікті адамның құлдырауымен сипаттайды. Нақты айтқанда, бұл адамның ішкі рухани шарықтауы немесе рухани құлдырауы, адам өз шеңберінен асып, айналасына, қоршаған ортасына, жалпы айтқанда, тіршілік иелерінен өзін биік санаса, қатыгездіктің шарықтау шегіне жететін көрінеді.


«Бұл дегеніңіз – тәрбие. Ол – балалық шақтан бойына сіңіп, саналы немесе бейсаналы түрде іске асатын әрекет. Бірінші адам өзін-өзі тәрбиелеуі керек. Жекелей қалыптасуы қиын болса білім беру арқылы тәрбиеленуі қажет. Отбасын қоспағанда, балабақшадан басталып, білім ошақтары, жалпы оқу, орта, жоғары және жеке оқулар, одан басқа отбасыдағы тәрбие бар. Осы бес тәрбиенің бірегейі – отбасы. 
Қатыгездік адамның мінез-құлқындағы жағымсыз әрекеттерден туындайды. Қазіргі іс-әрекеттердің көбін сарапқа салсақ, «біз 90-жылдардың тоқырауынан шыға алмай қалдық па» деп те ойлаймын. Ал 90-жылдары туған балалардың ата-анасы жұмыста, баласы үйінде қамауда болды. Одан кейінгі тәрбие интернет, телефон, смартфонға ауысты. Демек бала қатыгездіктің, буллингінің құрсауында қалды. Әрине, оның салдарын жою да оңай болмайды. Қастандық жасау, зорлық-зомбылық, озбырлық  көрсету сол кезеңде шықты деп ойлаймын», дейді психолог Шынаргүл Сапарғалиева.


Дегенмен, мамандардың айтуынша, қазір тұрмыстық зорлық-зомбылыққа ұшырағандар бұрынғыдай туыстарынан, жақындарынан, полициядан жасырып қалмайды, қорқыту мен ұрып-соғудың жазасыз қалуын қолдамайды. Сондай-ақ, қоғамды қорғау және адамдардың құқықтық санасын өзгертуге осындай батыл жандардың әрекеті де себеп болып отыр.


Ақбота Мұсабекқызы