Фото: global-guide.org
Қазақстанда билік жаңа Салық кодексі қабылдады. Оған сәйкес кейбір жағдайда жылжымайтын мүлік сатқанда төленетін салық 10-нан 15 %-ға дейін өседі. Сонымен қатар міндетті түрде салық төленетін жағдайларға қойылатын талап та өзгереді. Бұл туралы Ult.kz тілшісі Krisha.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.
Қашан салық төлеу керек
Сіз жылжымайтын мүлікке бір жылдан аз уақыт иелік етіп, оны қымбатқа сатып пайда тапсаңыз, салық төлеуіңіз керек.
Кез келген жылжымайтын мүлікті сатқанда салық салынады:
пәтер, жер үй, саяжай;
қойма;
тұрақ орны немесе гараж;
жер телімі.
Қазір салық мөлшерлемесі пайданың 10 %-ын құрайды. Бұл ереже 2025 жылдың аяғына дейін күшінде болады.
Сатқан кездегі салық: жаңа ереже
2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап жаңа Салық кодексі күшіне енеді. Ол жылжымайтын мүлік сатқанда салынатын салыққа екі негізгі өзгеріс енгізеді:
1. Иелік ету мерзімі екі жылға ұзарады
Енді жылжымайтын мүлікті сатқанда салық төлемеу үшін, ол сіздің меншігіңізде кемінде екі жыл болуға тиіс. Яғни, бұрынғы бір жылдық мерзім екі жылға ұзарады.
Маңызды: екі жылдық иелік ету нормасы тек 2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап сатып алынған мүлікке қолданылады. Демек 2028 жылдың 1 қаңтарынан бастап салық төлемейсіз.
2025 жылдың аяғына дейін баспана сатып алғандар үшін бұрынғы ереже сақталады. Иелік ету мерзімі бір жылдан асса салық төлемейсіз.
2026 жылға дейін сатып алынған пәтерге бұрынғы ереже қолданылады. Бір жылдан астам уақыт иелік етсеңіз салық төлеудің қажеті жоқ.
2. Салық мөлшерлемесі 15 %-ға дейін өседі
Жеке табыс салығының базалық мөлшерлемесі өзгермейді. Сатып алған кездегі баға мен сатқандағы бағаның айырмашылығын, яғни 10 %-ын төлейсіз. Бірақ түскен пайда өте жоғары болса, салық 15 % болады.
Жаңа Салық кодексі бойынша 8500 АЕК-тен (2025 жылы шамамен 33.4 млн теңге) асқан пайда өте жоғары деп есептеледі.
Пайда 8500 АЕК-тен асса, бұған дейінгі сомаға 10 %, артық болса 15 % мөлшерлеме қолданылады.
Салық есептеу мысалдары
Сату мерзімі — 1 жыл, пайда — 10 млн теңге
Салық — 10 %, яғни 1 млн теңге
Сату мерзімі — 2.5 жыл, пайда — 40 млн теңге
Салық — 0 теңге, себебі иелік ету мерзімі жоғары
Сату мерзімі — 1 жыл, пайда — 50 млн теңге.
34 млн теңгеге дейін 10 % — 3.4 млн теңге.
Қалған 16 млн теңгеге 15 % — 2.4 млн теңге.
Жалпы салық — 5.8 млн теңге
Шетел азаматы иелік ету мерзіміне қарамастан 15 % төлейді.
Салықты қалай төлеу керек
Алдымен декларация (270.00-нысан) тапсыру қажет — мүлік сатылған жылдан кейінгі жылдың 15 қыркүйегіне дейін.
Салық төлеу мерзімі — 25 қыркүйекке дейін (декларация тапсырғаннан кейін 10 күн ішінде).
Салық төлеу жолдары:
— E-Salyq Azamat мобильді қосымшасы арқылы.
— eGov. kz сайтында.
— Салық төлеушінің электронды кабинетінде.
— Өз ауданыңыздағы Мемлекеттік кірістер басқармасына баруға болады.
2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап сән-салтанат салығы күшіне енеді. Меншігіңіздегі мүліктердің жиынтық құны 450 млн теңгеден асса салық төлеуге тура келеді. Бұл құны 75 млн теңгеден асатын қымбат көлік иелеріне де әсер етеді.
