23 мау, 2020 сағат 08:32

Жылыту маусымына дайындық қызу жүріп жатыр - Атамқұлов

ҚР Премьер-Министрі Асқар Маминнің төрағалығымен өткен Үкіметтің селекторлық отырысында алдағы күзгі-қысқы кезеңге дайындық барысы қаралды. Жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Б. Атамқұлов баяндады, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" primeminister.kz сайтына сілтеме жасап.

Министрдің айтуынша, жалпы алғанда, 2019-2020 жылғы жылыту маусымы тұрақты режимде өтті. Аталған кезеңде 24 технологиялық бұзушылық болды. Бұл 2018-2019 жылғы тиісті кезеңімен салыстырғанда 33 жағдайға аз. Барлық технологиялық бұзушылықтар нормативтік мерзімде жойылды.

«2019 жылы көмір өндіруші компаниялар 111,1 млн тонна көмір өндірді. Энергетикаға 57,2 млн тонна, коммуналдық тұрмыстық кәсіпорындарға және халыққа 10,6 млн тонна көмір жөнелтілді», — деді Б. Атамқұлов.

Министрлік жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, 2019-2020 жылға Коммуналдық тұрмыстық қажеттіліктер мен халықтың көмір өніміне деген тұтыну жоспарын жасады. 

«Апта сайын мониторинг жүргізіліп отырды. Көмір тапшылығы болған жоқ. Әкімдіктердің көмірді ерте сатып алуының арқасында сұраныс күрт артқан кезде де дүрбелең болған жоқ», — деді ведомство басшысы. 

Өткен жылыту маусымында өңірлерде жеке және заңды тұлғалардың коммуналдық қызметтер алдындағы дебиторлық берешегі 13 млрд теңгені құрады. Бұл өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 780 млн теңгеге көп. Әкімдіктер борышкерлермен дебиторлық берешекті өтеу және азайту бойынша жүйелі шаралар жүргізіп жатыр.

2020-2021 жылғы жылыту маусымына дайындық мақсатында Министрлік әкімдіктерге барлық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, әлеуметтік сала объектілерін және тұрғын үйлерді жылыту маусымына дайындау үшін жұмыс жоспарын жіберді.

«Жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, өңірлер бойынша ай сайынғы қажеттілікті көрсете отырып, коммуналдық-тұрмыстық мақсатқа және халыққа арналған көмірдің қажеттілік жоспары жасалды. Жалпы, жылыту маусымына дайындық қызу жүріп жатыр. Көмір тапшылығы болмауы тиіс», — деді Б. Атамқұлов. 

Қыркүйек-қараша айларында дүрлігуді болдырмау үшін әкімдіктермен бірлесіп халыққа арналған көмірді ертерек сатып алу жұмыстары жүргізілуде.

Министрдің айтуынша, биыл оқу жылы басталғанға дейін 10 мыңдай білім беру объектісін дайындау жоспарланған. Денсаулық сақтау объектілері мен тұрғын үйлердің дайындығына баса назар аударылады. 6 мыңдай денсаулық сақтау объектісі мен 47 мың тұрғын үйді дайындау жоспарланған.

«Халықты жылумен жәген сумен үздіксіз қамтамасыз ету үшін 10 мыңнан астам автономдық қазандықты, 5 мың шақырым жылумен жабдықтау желісін және 13 мың сумен жабдықтау желісін дайындау керек», — деді министр. 

Сондай-ақ автономдық қазандықтарды көмір және мазутпен қамтамасыз ету керек. «Қазақстан темір жолы» АҚ көмір разрезінен өңірлердің темір жол тұйықтарына дейін вагондарды уақытында жеткізіп, көмір тасымалын жүзеге асырады. Көмір дайындау бойынша мониторинг Министрліктің тұрақты бақылауында.