28 мам, 2020 сағат 12:32

Жылу энергиясына тариф төмендейді - ҚР ҰЭМ

Ұлттық экономика министрлігінің Табиғи монополияларды реттеу комитеті «ҚазТрансОйл» АҚ-пен жылу энергиясын өндіру, беру, тарату, реттелетін қызметтерінің тарифтері бойынша келісімге келді, – деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Комитетке Ұлттық экономика министрінің бұйрығымен бекітілген тарифтерді қалыптастыру қағидаларына сәйкес жылу энергиясын өндіру, беру, тарату реттелетін қызметтердің тарифтерін төмендетуге қатысты «ҚазТрансОйл» АҚ-ның хаты келіп түскен.

Табиғи монополия субъектісі табиғи монополиялар туралы заңнамаға сәйкес, уәкілетті органның келісімі бойынша реттеліп, көрсетілетін қызметтерге тарифтерді дербес төмендетуге құқығы бар екенін атап өту қажет.

Осылайша, Комитет ағымдағы жылдың 26 мамырында «ҚазТрансОйл» АҚ-ның хатын қарау аясында жылу энергиясын өндіру, беру, тарату реттелетін қызметтерінің тарифтерін -7%-ға төмендету жөніндегі бастамасымен келісті.

Атап айтқанда - халық, бюджеттік және коммерциялық емес ұйымдар үшін, сондай-ақ халыққа коммуналдық қызметтерді көрсететін кәсіпорындар үшін ҚҚС-сыз 1 723,29 теңге/Гкал мөлшерінде; - өндірістік кәсіпорындар мен коммерциялық емес ұйымдар үшін ҚҚС-сыз 11 801,89 тенге/Гкал мөлшерінде төмендету туралы келісім жасалып отыр.