04 қаң, 2021 сағат 14:18

Жыл қорытындысы: Қазақстанның мәдени жетістіктері

Коронавирус пандемиясы салдарынан өткен 2020 жыл ауыр сынаққа тол болғанымен, қазақтың өнерлі өрендері әлемдік сайыстарда биіктен көрінді, ел ішінде де бірқатар маңызды мәдени шаралар өтті. Иманбек Зейкенов, Қарақат Башанова сынды жаңа есімдер жер жүзіне танылды. ҚазАқпарат агенттігі 2020 жылдағы Қазақстанның басты мәдени жетістіктеріне шолу ұсынады.

Мерейтойлар жылы

2020 жылы халқымыздың ұлы ойшылы, ақын Абайдың 175 жылдығы мен дала данышпаны, адамзаттың екінші ұстазы әл-Фарабидің 1150 жылдық және «Ұлық Ұлыс» Алтын Орданың 750 жылдық мерейтойлары аталып өтті. 

Мерейтой аясында Абай шығармалары шет тілдеріне аударылып, жинақтары қайта жарық көрді. Сериалдар түсіріліп, байқаулар ұйымдастырылды. Ұлы ақын бюсті мен ескерткіштері әлемнің түрлі елдерінде орнатылды. Ал Абай атындағы көшелер Иордания астанасы Амманда, Болгарияның Варна қаласында, Аргентинаның Росарио қаласында ашылды. Абайдың 175 жылдық мерейтойы туралы барлық ақпарат агенттіктің арнайы айдарында көрсетілген. 

Ұлы ойшыл Әбу Насыр әл-Фарабитуралы да ғылыми конференциялар мен семинарлар ұйымдастырылды. Жаңа кітаптар жарық көріп, деректі фильмдер түсірілді. Қазақ ұлттық университетінде әл-Фарабидің ғылыми-технологиялық алқабын құру жөніндегі бастама қолға алынуда. Түркістан облысындағы әл-Фараби мұрасын жаңғырту және Отырар қалашығын ірі туристік кластер ретінде қалпына келтіру бойынша бірқатар іс-шаралар кешені өткізілген. 19 қазан күні Нұр-Сұлтан қаласында әл-Фарабидің мерейтойына арналған қисынды аяқталу шарасы – халықаралық форум онлайн тәртібінде өтті. Оған БҰҰ, ЮНЕСКО өкіл­дері, Иран, Түркия, Әзербайжан, Ұлы­британия, Мысыр, Израиль және т.б. елдер­дің билік өкілдері, министрлер, дипломаттар, ЖОО ректорлары, белгілі ғалымдар қатысты. 

«Абай» телеарнасы ашылды

Абай мерейтойының ең жарқын көрінісі мәдени-ағарту бағытындағы «Абай» телеарнасының ашылуы болды. «Ақыл ойдың айнасы» ұранымен ашылған «Abai tv» телеарнасы қазақ және орыс тілдерінде тәулігіне 17 сағат хабар таратады. Телеөнімдердің 80 пайызы қазақ тілінде эфирге шығады. Арна «Otau TV» ұлттық спутниктік операторы, «Alma TV», «ID TV» кабельдік желілері арқылы таралады. www.abaitv.kz ресми сайты арқылы онлайн көру мүмкіндігі бар. Телеарна ұлттық және әлемдік өнер мен мәдениеттің інжу-маржанын, түрлі ұлттардың әдеби және тарихи мұра жауһарларын, спектакль, балет сияқты бекзада өнер түрлерін көрерменге ұсынады. Отандық телевизия көшіне ұлы ақынның 175 жылдық мерейтойы қарсаңында қосылып отырған жаңа арнаның негізгі міндеттерінің бірі - хакім Абай мұрасын дамыту ісін ілгерілету.

 

Елордадағы жаңа театр және жаңа ғимарат

Абайдың 175 жылдығына орай Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында елордада музыкалық жас көрермен театры салтанатты түрде ашылды. Өз жұмысын биыл 1 қазанда бастап кеткен театрға кастинг арқылы 50-ден астам жас әртіс таңдап алынды.

Музыкалық жас көрермен театры шымылдығын М. Әуезовтің «Абай-Тоғжан» музыкалық драмасымен ашты. Қойылымда Абайдың рөлін жас әртіс Аян Өтепберген сомдаса, ал оның ғашығы Тоғжанды Арелина Амангелдиева ойнады. Сондай-ақ, Абайдың анасы Ұлжанның рөлін 71-ші Канн халықаралық кинофестивалінің жеңімпазы, танымал актриса Самал Еслямоваға сомдау бұйырды. Қойылымның музыкалық кеңесшісі – Димаш Құдайберген. Жаңа театр елордадағы Қ. Қуанышбаев атындағы мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық театрының бұрынғы ғимаратына орналасты.

Ал 30 жылдық тарихы бар астаналық Қ.Қуанышбаев атындағы Мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театры жаңа ғимаратқа көшті. Жаңа ғимарат Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың тапсырмасымен салынды. Желтоқсан айында жаңа ордадағы ХХХ театр маусымы қалыптасқан дәстүр бойынша М.Әуезовтің «Абай» қойылымымен ашылды . Қоюшы режиссері – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ә.Оразбеков. 

Сонымен бірге, Нұр-Сұлтанда ЭКСПО-2017 маңындағы Nomad City Hall театрына Әзірбайжан Мәмбетовтің есімі берілді. Әзірбайжан Мәмбетов есімі өнерсүйер қауымға жақсы таныс. Ұлт мәдениетінің еңсесін тіктеуге зор үлес қосқан Әзірбайжан Мәдиұлы Мәмбетов – театр ғана емес, кино саласында да өзіндік қолтаңбасы қалған ірі тұлға. 


Қазақстанның екі театры мен музейі ТМД үздік бестігінде

15 сәуірдегі Халықаралық мәдениет күніне орай, ТурСтат порталы көрерменнің сұранысын, театр сайттары мен әлеуметтік желілердегі онлайн-трансляцияларды зерттей отырып, ТМД-дағы үздік театрлардың рейтингін жасады. Іріктеу нәтижесінде Алматыдағы Абай атындағы қазақ Мемлекеттік академиялық опера және балет театры мен Нұр-Сұлтандағы «Астана Опера» Мемлекеттік опера және балет театры үздік театрлардың бестігіне енген. 

Сонымен бірге, Алматыдағы Ә.Қастеев атындағы Қазақстан Республикасы Мемлекеттік өнер музейі ТМД елдерінің үздік 5 музейінің қатарына кірді. 

Онлайн шаралар

Наурыз айында «COVID19» пандемиясына байланысты карантин тәртібі күшейгенде, ҚР Мəдениет жəне спорт министрлігі өнер мен спорттың баршаға қолжетімділігін қамтамасыз ету үшін бірқатар жобаны онлайн жүргізді. 

Атап айтқанда, күн сайын сағат 08:00-де #BizBirgemiz #АлғаҚазақстан хештегімен спортшылардың қатысуымен таңғы жаттығу өтті. Бұл жоба аясында елге есімі таныс атлеттер тұрғындарды салауатты өмір салтын қалыптастыруға үндейді. 

Ал #óneronline хэштегімен мəдениет саласында онлайн-дәрістер өтіп, тəжірибелі шеберлер өз саласының қыр-сырымен таныстырды. #BizBirgemiz #АлғаҚазақстан хештегімен спорт тақырыбында онлайн-дəрістер мен жарыстар өтті. Мұнда спорт майталмандары əр спорт түрінің қалыптасуы, тарихы, дамуы жайында баяндайды. 

«Карантиндегі жұлдыз» айдарымен эстрадамыздың танымал əншілері онлайн-концерт берді және тыңдарман тарапынан қойылған сұрақтарға жауап беріп, пікір алмасты. Олардың арасында танымал әншілер Роза Рымбаева, Толқын Забирова, Жұбаныш Жексенұлы, Сәкен Майғазиев, Медеу Арынбаев бар. 

Димаш Құдайберген – Қазақстанның бренді

Қазақстанның брендіне айналған Димаш Құдайбергеннің шығармашылығында да жақсы жаңалықтар баршылық. Биыл әншінің үш бейнебаяны жарық көрді, олар «Across Endless Dimensions», «Қайран елім» және «Я скучаю по тебе» деп аталады. 

Жыл басында Димаштың Еуропа қалаларындағы концерті басталды және Краснодар, Қазан, Мәскеу, Киев, Рига, қалаларында өнер көрсетіп үлгерді. Дегенмен, корнавирус пандемиясы салдарынан Димаштың «Arnau Tour» әлемдік турнесі аясындағы Прага, Гамбург, Дюссельдорф, Штутгарт пен Минсктегі концерттері кейінге шегерілді. 

Сондай-ақ, биыл Димаш Құдайберген өзі туралы Manga D’R’S’ атты жаңа комикстің кейіпкері атанды. Комиксті әлемнің 7 тілінде электронды немесе баспа түрінде арнайы сайттан сатып алуға болады. Оқиға желісі 2019 жылдың 10 желтоқсанында Димаштың Нью-Йорктегі концертінен бастау алады. Сонымен бірге, манга командасы жаһандық және орыс, жапон, қытай тілдеріндегі әлеуметтік желілерден парақша ашты. 

Қазақстандық әншінің Польшадағы жанкүйерлері «Димаш» радиосын ашты. Ол жерде қандай бағдарлама болатыны жоспарланып, кесте құрылады. Сондай-ақ онлайн хабар тарататын және бағдарлама шығаратын студиясы бар. Радио тақырыптық музыкалар, репортаж, сұхбат, туризм бағытындағы бағдарлама, балалар мен ересектерге арналған авторлық бағдарламалар ұсынады деп жоспарлануда. 

Сонымен бірге, Чилиде Димаштың шығармашылығына арналған радио іске қосылды. «DEARMASH FM» интернет-радиосында аптаның 7 күнінде Димаш Құдайбергеннің әндері шырқалады. 

Радиостанция Димаштың шығармашылығын, Қазақстанның мәдениетін насихаттау мақсатында ашылған. Интернет радионы Чили халқы ғана емес, барлық Латын Америка тыңдай алады. Әр жұма сайын, Чилидің жергілікті уақытымен 22.00-де «DEARMASH FM» радиосында Димаш Құдайбергеннің орындауындағы әндермен бірге, арнайы бағдарлама ұсынылады. Онда қазақстандық әншінің шығармашылық жолы, Қазақстан туралы мәліметтер беріледі. 

Одан бөлек, Димаш әндері Америка, Испания, Латвия радиоларында шырқалып, АҚШ пен Түркия телеарналарынан көрсетілді. 

Данэлия Төлешова АҚШ байқауында бақ сынады

Қазақстандық 14 жастағы Данэлия Төлешова Американың Got Talent байқауына қатысып, жартылай финалына жетті. Жартылай финалда Данэлия британдық танымал әншінің Jessie J «Who you are» әнін орындады.

Бастапқыда-ақ, Данэлия America’s Got Talent шоу жобасында қазылар алқасын таң қалдырған болатын. Оның өнеріне тәнті болған зал тік тұрып, қол соқты. 

Қазақстандық ремикс «Грэммиге» үміткер

Қазақстандық музыкант Иманбек Зейкеновтің SAINt JHN атты әншінің Roses әніне жазылған ремиксі Grammy сыйлығына ұсынылды. Grammy — АҚШ Ұлттық өнер және дыбыс жазу академиясының жыл сайын табысталатын сыйлығы. Жүлдегер академия белсенді мүшелерінің дауыс беру нәтижесі арқылы 31 қаңтарда анықталады.

Imanbek Remix лақап атымен танымал Иманбек Зейкенов – ақсулық диджей және музыкалық продюсер. Иманбек Зейкенов қазір де Ақсу қаласында ата-анасымен бірге тұрып жатыр. Биыл ол Торайғыров университетіне оқуға түсті, бірақ қазір қашықтан оқиды. Музыканттың айтуынша, танымал болып кеткен «Roses» ремиксін жасау үшін бар болғаны 2 сағат 20 минут уақыты кеткен.

Сонымен бірге, қазақстандық музыкант және музыкалық продюсер Monaldin-нің (Мадияр Оңалдин) танымал әнші K-Maro-ның «Femme Like U» әніне жасаған ремиксі «Яндекс.Музыка» платформасында «Жылдың үздік электронды әні» атанды. Әнші Эмма Питерспен бірге жасалған ремикс әлемдік музыкалық чарттарда озып шығып, биылғы жаздың хитіне айналды. Трек әлемнің Shazam қосымшаларында, жиырма елде бірінші орынға шықты және музыкалық платформаларда миллиондаған адам тыңдаған. 

Қарақат Башанова – Еуробайқау жүлдегері

2020 жылдың тағы бір есте қаларлық есімі – Қарақат Башанова. Қарақат Башанова Junior Eurovision XVIII ән байқауына Қазақстан атынан қатысып, екінші орын алды. Ол байқауда өзінің әкесіне арнаған «Forever» әнін шырқады. Францияның атынан қатысқан Валентинаға бірінші орын бұйырса, үшінші орынды испаниялық Солеа иеленген.

8 қазан күні Junior Eurovision байқауының ресми сайтында Қарақат Башанованың «Forever» атты әніне түсірілген бейнебаяны жарияланды. Жобаның авторы - белгілі қазақстандық сценарист және режиссер Мәлік Зенгер. Тарихи өзгешеліктерді ескере отырып, киімдерді егжей-тегжейлі ойластырумен танымал стилист Анарбек Жәрдемов бастаған «Қазақфильм» АҚ мамандары айналысты. Түсірілім Алматы қаласында өтті. 

Көбейтұз, күй және қыз

Әлемдегі танымал сән журналдарының бірі Vogue өзінің Instagram парақшасында қазақстандық домбырашы туралы пост жариялады. Астаналық домбырашы Маржан Қапсамат күлгін түсті Көбейтұз көлінің ортасында өлімді өмір жеңетін әнұран – «Керұғлы» күйін шерткен. 

«Қазақстанның ежелгі мәдениетін заманауи Instagram әлеміне енгізген Қазақстан, нұрсұлтандық Маржан Қапсаматпен таныс болыңыздар. 23 жастағы қыз Қазақстанның ұлттық аспабы, ұзын мойны мен алмұрт тәрізді пішіні бар екі ішекті лютна - домбырада ойнайды, - деп жазған Vogue видеоның астына.

Ұлттық домбыра күні әлемнің 25 елінде күй тартылды

Жыл сайын шілденің алғашқы жексенбісіне тойланатын Ұлттық домбыра күні әлемнің 25 елінде күй тартылды.«QazAlliance» шетелдегі қазақстандықтар альянсы 20 маусым мен 5 шілде аралығында «World Dombyra Festival» атты жаһандық жоба өткізді. Жоба аясында әлемнің 25 елі мен 36 қаласынан қазақстандықтар мен этникалық қазақтар домбыра тартқан. 

Ресейдің Алтай Республикасының тұрғыны Жанайдар Нұрсалиев әнші Димаш Құдайбергеннің құрметіне «Димаш Байжұма» күйін арнады. 

Ал Қостанай облысының Амангелді ауданында 1000 домбырашы бір мезетте екі күй орындап, Гиннестің рекордтар кітабына енді. Домбырашылар бір мезетте Құрманғазының «Балбырауын» және «Келіншек» күйлерін орындаған.

«Ұлы дала зары» фильмі Оскар жүлдесінен үмітті

Ашаршылық пен саяси қуғын-сүргін құрбандарына арналған «Ұлы Дала зары» фильмі «Оскар» сыйлығының «Шет тілдегі үздік фильм» номинациясына ұсынылды. «Оскар» сыйлығының қорытындысы келесі жылдың сәуір айында жарияланады. 

«Ұлы Дала зары» фильмі – 1920-1933 жылдар аралығындағы қазақ халқының басынан өткен Ашаршылық тарихына арналған кинотуынды. Сол зұлмат кезеңде қазақ халқы ашаршылықтан қырылып, аман қалғаны шетелде босып кетуге мәжбүр болған еді. Фильмнің тұсаукесері 2020 жылғы 7-9 қараша аралығында Лос-Анджелестегі Халықаралық Азия кинофестивалінде өткен. Ернар Мәліковтың айтуынша, фильмді түсіруге бес жылдай уақыт кеткен.

Қазақ киносы әлемдік байқауларда

Жалпы биыл «Қазақфильм» киностудиясының 25 кинотуындысы 51 халықаралық кинофестивальге қатысып, 23 жүлделі орынға ие болды.

Қазақфильм кинотуындылары «Сыншылар таңдауы 2020» жылдық қазақстандық кинопремияға ұсынылып 5 номинация бойынша жүлделі орындарға қол жеткізген. Сонымен қатар «Композитор» көркем фильмі Канадада өтетін халықаралық кинофестивалде 4 жүлделі орынды («Үздік картина», «Үздік режиссура», «Үздік әйел рөлі» Аружан Жазылбекова, «Үздік ер адам рөлі», Берік Айтжанов) иеленген. 

Сонымен бірге, биыл Фархат Шәріповтың «18 килогерц» картинасы Варшава халықаралық кинофестивалінің Гран-при сыйлығына ие болды. Режиссер Ернар Нұрғалиев түсірген «Жаным, айтсам сенбейсің ғой» комедиясы Ресейдің «Киношок» фестивалінің бас жүлдесін қанжығасына байлады. Тағы бұл картина Буэнос-Айрестегі ең көне жанрлық кино фестивальге қатысады.

Сондай-ақ қазақстандық «Черный, черный человек» фильмінің қоюшы режиссері Әділхан Ержанов фестивальдің «Үздік режиссура» номинациясында жеңіске жетті. Ал осы фильмнің басты рөлін сомдаған Данияр Алшынов үздік актер атанды. Данияр Алшынов «Жаным, айтсам сенбейсің ғой» фильмінде де басты рөлде ойнаған.

Қазақстан мен Оңтүстік Корея кинематографистері бірлесе түсірілген Руслан Пактың «Три» фильмі Азиядағы ең ірі Пусан кинофестивалінде жүлделі болды. «Тамыз айында Локарнодағы халықаралық кинофестивальде қазақстандық режиссер Жанат Алшанованың «История цивилизации» фильмі «Күміс қабылан» сыйлығын иеленді. Ал режиссер Елена Лисасинаның «Батыр» фильмі Лондон кинофестивалінде марапатқа ие болды. Осы орайда, Әділхан Ержановтың жұмысын жеке атап өтуге болады. Биыл режиссердің «Желтая кошка» фильмі беделді Венеция кинофестивалінің «Көкжиектер» бағдарламасына қатысып, «Мәскеулік тұсаукесер» халықаралық кинофестивалінде жүлдеге ие болды. Сол кинофестивальге қатысқан тағы бір режиссер Рамазан Халиолланың «Домбыра» фильмі әділ қазылар алқасының арнайы сыйлығымен марапатталған. 

Әзизжан Заиров пен Мұхаммед Мамырбековтің «Қыз бен теңіз» көркем фильмі кезекті жүлдені иеленді. Бангладеште өткен Cinemaking International Film Festival Халықаралық кинофестиваль қорытындысы бойынша кинотуынды «Үздік азиялық фильм» аталымы бойынша жеңіске жетті. 

Естеріңізге салсақ, фильмді ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің тапсырысымен «Қазақфильм» киностудиясында «Новый мир» АРДИ студиясы түсірген. Басты рөлдердің бірін Тахир Омаров, сондай-ақ Эмир Байгазиннің «Жараланған періште» трилогиясының екінші бөлімінде Камо рөлін ойнаған Қанағат Тасқараев сомдады. Ал басты кейіпкердің сіңлісі рөліне кәсіби театр және кино актрисасы ГүлбаҺрам Байбосынова шақырылды. Желтоқсан айының басында фильм Silk Road Film Awards – Cannes кинобайқауында «Әлеуметтік тақырыптағы үздік фильм» жүлдесімен марапатталды.

Осы жылдың ең үлкен оқиғасы – NomadStunts каскадерлік командасының негізін қалаушы әрі жетекшісі Жайдарбек Күнғожиновқа әлемдік каскадерлер академиясының «Таурус» сыйлығының табысталуы. Бұл сыйлық фильмдегі үздік трюктер үшін беріледі. Осы жылы әділ қазылар біздің каскадерлердің «Томирис» фильміндегі еңбегіне жоғары баға берді. 

«Мұзбалақ» - үздік анимациялық фильм

2018 жылы «Қазақфильм» киностудиясы шығарған «Мұзбалақ» толықметражды анимациялық фильмі дүниежүзі көрермендерінің жүрегін жаулап жатыр. Жақында ғана туынды Түркияның Best Istanbul Film Festival фестивалінде үздік толықметражды анимациялық фильм атанды. 

Оған дейін «Мұзбалақ» бірден екі фестивальде – Стокгольмдағы кино және теледидар фестивалінде (Швеция) және «Алтын ара» балалар фильмдерінің халықаралық кинофестивалінде (Үндістан, Нью-Дели) «Үздік анимациялық фильм» аталымында топ жарды. Сценарий авторлары - Ербол Бораншы, Тұрдыбек Майдан, Тілек Төлеуғазы, Адай Әбілда.  

Мемлекеттік рәміздерді пайдалану аясы кеңейді

Қазан айында ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Мемлекеттік рәміздерді пайдалану қағидаларын қайта қарау қажеттігін айтты. 

«Парламенттің бірқатар депутаттары мен патриот азаматтардың еліміздің мемлекеттік рәміздерін, атап айтқанда, ҚР мемлекеттік туын кеңінен қолдану туралы ұсынысын қолдаймын. Қолданыстағы заңнамада туымызды пайдалануға қатысты шектеулер бар. Мысалы, пәтерлердің балконына немесе үйлердің қабырғасына ту ілуге тиым салынған. Заңнамалық және нормативтік актілерді, ең алдымен, Мемлекеттік рәміздерді пайдалану қағидаларын қайта қарау қажет» деп жазды Қасым-Жомарт Тоқаев Twitter-дегі парақшасында.

Нәтижесінде ҚР Үкіметінің 2020 жылғы 27 қарашадағы №801 қаулысымен ҚР Мемлекеттік туын, елтаңбасын және олардың бейнелерін, ҚР Мемлекеттік гимнінің мәтінін пайдалану қағидаларына өзгерістер енгізілді. Бұл өзгерістер арқылы азаматтар үшін Мемлекеттік туды пайдалану аясы заңнамалық тұрғыда кеңейтіліп отыр. 

Ең алдымен ҚР Мемлекеттік туын жеке және заңды тұлғалар ғимараттарда, оның ішінде балкондарда және салтанатты іс-шаралар өтетін орындарда патриоттық сезімдерін, қазақстандық бірегейлігін білдіру үшін, ел азаматтарының жетістіктерін қолдау мақсатында пайдалана алады.

Сонымен қатар жеке тұлғаларға осы қағидаларға енгізілген өзгерістерге сәйкес, ҚР Мемлекеттік туын бір қабатты немесе көп қабатты ғимараттарда экстерьерлі нұсқада орналастыру кезінде ғимараттың сәулет ерекшеліктеріне қарамастан пайдалану мүмкіндігі берілді. Бұдан былай жеке тұлғалар ғимараттарда орналастырылатын Мемлекеттік туды қараңғы уақытта жарық құралдарын қолданбай-ақ пайдалана алады. Жалпы алғанда, жоғарыда көрсетілген өзгертулер Мемлекеттік тудың қолданылу аясын едәуір кеңейтеді, оның қоғамдағы патриотизм рухын нығайтуға бағытталған символдық капиталын жаңаша ұғынуға мүмкіндік береді. 

Тоғызқұмалақ – адамзатқа ортақ мәдени мұра

Жыл соңындағы жағымды жаңалықтардың бірі – UNESCO ұйымының тоғызқұмалақ ойынын адамзатқа ортақ мәдени мұра деп тануы еді. Тоғызқұмалақ ойыны Адамзаттың материалдық емес мәдени мұраларының Репрезентативтік тізіміне енгізілді.

Тоғызқұмалақ (қырғыздарда – Тогуз коргоол, түріктерде – мангала/гечюрме) – адамның ұтқырлық пен тапқырлық қасиетін ұштайтын, әрі математикалық ойлау мен төзімділікке баулитын ойын. Ол ежелгі түркілер қасиетті санаған 9 санына негізделген. Ойынды кейде «қойшылар алгебрасы» деп те атады. Өйткені, ойын кезінде барлық төрт негізгі математикалық амал қолданылады. Ойын жылдамдық пен әдіс-тәсіл санауға құрылған. 

«Тоғызқұмалақтың» енуімен бірге МЕММ репрезентативтік тізіміндегі адамзаттың мәдени мұрасы санатындағы қазақстандық элементтер саны 11-ге жетіп отыр. Бұған дейін бұл тізімге домбыра күй өнері, киіз үй жасау дәстүрі, айтыс, қазақ күресі, Наурыз мейрамы, саятшылық, жіңішке нан – қатырма, асық ойыны, Қорқыт мұрасы және қазақ жылқышыларының дәстүрлі көктемгі мерекелік әдет-ғұрыптары (бие байлау, айғыр қосу, қымызмұрындық) кірген болатын.