11 там, 2021 сағат 11:41

Жыл басынан зейнетақы жарналарының инвестициялық табысы 821 млрд теңге болды


Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының зейнетақы активтері биылғы шілдеде 42 млрд теңгеге артты. Бұл туралы Үкімет отырысында биылғы жеті айдағы әлеуметтік-экономикалық дамуды талқылау кезінде Ұлттық банк төрағасы Ерболат Досаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының зейнетақы активтері биылғы шілдеде 42 млрд теңгеге немесе 12,8 трлн теңгеге дейін 0,3 пайызға ұлғайды. Азаматтардың зейнетақы жинақтарының бір бөлігін алу қарқыны 5,3 есе баяулады. Биылғы жылғы 31 шілдеде азаматтардың орындалған өтінімдерінің саны 1 685 млрд теңге сомасына 403 мың өтінімді құрады, оның 98,2%-ы тұрғын үй жағдайларын жақсартуға бағытталды», - деді Е. Досаев. 

Оның айтуынша, биылғы жылдың басынан бері зейнетақы жарналарының инвестициялық табысы 821 млрд теңгені құрады. Нәтижесінде, инфляция 5,3% кезінде 6,5%, 12 айда инфляция 8,4% кезінде 10,6% деңгейіндегі кірістілік қамтамасыз етілді.