20 мам, 2020 сағат 09:30

Жыл басынан бері елімізде әуе көлігімен 1,6 млн жолаушы тасымалданды

2020 жылдың І тоқсанында елімізде әуе көлігімен 1,6 млн жолаушы тасымалданды. Бұл туралы ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінен мәлім етті, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

«Статистика комитетінің деректеріне сәйкес, 2020 жылдың І тоқсанында тасымалданған жолаушылар саны 1 млн 687 мың адамды құрады. Бұл көрсеткіш өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 5,2 пайызға (2019 жылы – 1 млн 604 мың адам) көп», - делінген министрліктің Telegram парақшасында жарияланған ақпаратта. 

Ведомство мәліметінше, наурыз-сәуір айларында Қазақстанда әуе көлігімен жолаушы тасымалы 70 пайызға қысқарды. Өйткені, 1 сәуірден бастап төтенше жағдайлар мемлекеттік комиссиясының тапсырмасын орындау аясында қазірге дейін 97 халықаралық бағыт бойынша аптасына 440 рейс немесе барлық халықаралық рейстің 99 пайызы қысқартылды. 

1 сәуірден 1 мамырға дейін барлық тұрақты ішкі рейстер де тоқтатылды.