19 шіл, 2019 сағат 14:07

Жыл басынан бері алматылық медицина ұйымдарына 60 млрд теңге төленді


Жыл басынан бері мемлекеттік тапсырыс шеңберінде алматылықтарға тегін қызмет көрсеткен медицина ұйымдарына 59,8 млрд теңге төленді. Бұл туралы «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ Алматы филиалы хабарлады.

Хабарламаға сүйенсек, МСҚ өткен алты айда қаладағы стационарларға шамамен 21,5 млрд теңге, жоғары технологиялардың көмегімен жасалған бірегей операциялар үшін 3,5 млрд теңге төледі.

Тегін медициналық көмек пакеті шеңберінде көрсетілген қызметтер арасында әлеуметтік ауруларға шалдыққандарға жасалған ем-домның да үлесі басым. Атап айтқанда, онкологиялық сырқаттарға көрсетілген медициналық көмекке 4 млрд теңгеден астам, туберкулезді емдеуге – 2,4 млрд теңге, жұқпалы ауруларды емдеуге 1 млрд теңгеге жуық қаржы төленген.

«Бұл қаражат мемлекеттік тапсырыс бойынша көрсетіліп жатқан тегін медициналық көмек үшін төленіп отыр. Сақтандыру пакеті шеңберінде қызмет көрсету 2020 жылы басталады», – деді МСҚ Алматы филиалы директоры Тілеухан Әбілдаев.

Естеріңізге сала кетсек, Медицинадық сақтандыру қоры  2018 жылдан бері мемлекеттік бюджеттен қаржыландырылатын кепілдендірілген тегін көмек пакетінің операторы болып табылады. 2020 жылдан бастап Қор міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру шеңберінде көрсетілетін қызметтердің ақысын төлей бастамақ.

Жалпы, Алматы қаласында 184 медицина ұйымы Медициналық сақтандыру қорымен мемлекеттік тапсырысты орындау жөнінде келісімшарт бекіткен. Оның басым бөлігі – жеке меншік клиникалар. 2019 жылға бекітілген келісімшарттың жалпы сомасы 110 млрд теңгеден асып жығылады.