23 қар, 2020 сағат 11:00

Жыл басынан бері 1 мыңнан астам адам мал ұрлығымен ұсталды

Бұл туралы Криминалдық полиция департаментінің бастығы, полиция полковнигі Думан Таев айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Топтасып мал ұрлайтындармен күресу үшін өңірлерде жедел-іздестіру топтары жұмыс істейді, олар мал базарлары, мал сою орындары мен сауда нүктелерін тексереді. Жыл басынан бері мыңнан астам адам (1024) мал ұрлығымен ұсталған, оның ішінде 145 адам топтасып жұмыс істеген. Мәселен, Түркістан облысы ПД қызметкерлері үш адамдық қылмыстық топты анықтады, олардың Кентау ауданында 19 мал ұрлығын жасағаны дәлелденді», - деді Д. Таев министрдік ұйымдастырған онлайн брифингте. 

Дәл осындай жағдай Батыс Қазақстан облысында да тіркелген. 

«Батыс Қазақстан облысында биылғы сәуір айында 52 ұрлық жасап, 170-тен астам мал ұрлаған топ ұсталған. Жалпы, соңғы 5 жылда мал ұрлығы 42%-ға төмендеген. 2015 жылы 8 мыңнан астам қылмыс тіркелсе, 2019 жылы 4,5 мың қылмыс анықталды. Қолды болған мал саны да 38% – 25 мыңнан 16 мыңға дейін азайды. Биылғы 10 айда мал ұрлығы 41%-ға (3 789-дан 2 248-ге дейін азайған. Пандемияға байланысты карантин шараларын енгізу де бұған айтарлықтай әсер етті», - деп түйіндеді Д.Таев.