Өз мамандығының шегіне жеткен кемел тұлғалар баршылық. Ал, бірнеше өнерді өз бойына сіңіріп, шеберліктің шыңына шыққандар саусақпен санарлық. Он сегіз мың ғаламды да, осы біз тіршілік етіп жүрген жер шарын да ұстап тұрған - тепе-теңдік. Жалғанда тепе-теңдікті сақтай білген – ең бақытты жанға айналмақ. Осындай ғажап дарын иесі – Чарли ЧАПЛИН.
Чарлидің біз актер, режисер, сценарист, киномотограф екенін білеміз. Одан бөлек психолог, жазушы екенін білесіз бе?
Бір ғасыр бұрын айтып кеткен Чарлидің сөздері бүгінгі ғалымдарды таң қалдыруда. Әлемдегі ең танымал психолог Луиза Хейдің өмірлік қағидасы «ӨЗІҢДІ СҮЮ». Ол бұл қағиданы Чаплиннен алғанын ашық мойындайды. Яғни, психологтар енді жетіп жатқан жаңалыққа Чаплин бір ғасыр бұрын айтып қойған.
«Мен өзімді сүйе бастаған сәтте – мұң, қайғы дегеніміз, өзімнің жолымда емес, басқа жолда кетіп бара жатқанымды ескертетін дабыл екендігін білдім. Бүгін оны кенеттен түсіндім де, мен оны «Өз-өзіңмен болу» деп атадым.
Мен өзімді сүйген сәтте уақыты келмесе де, өз қалауымды жасата алмағаным үшін, адам атаулыға шын ренжудің қандай екендігін білдім. Және ол адам өзім едім. Мен оны «Мойындау» деп атадым.
Мен өзімді сүйген сәтте басқа өмірге қызығуды доғардым. Доғардым да байқадым, барлығы мені қоршап мені өсуге шақыруда. Бүгін мен оны «КӨРЕГЕНДІЛІК» деп атадым.
Мен өзімді сүйген сәтте, қандай жағдай болсын дұрыс уақытта, дұрыс мекен жайда екенімді білдім. Сол үшін сабырлы болдым. Мен оны «СЕНІМДІЛІК» деп атадым.
Мен өзімді сүйе бастаған сәтте өз уақытымды ұрлауды доғарып, болашаққа үлкен жоспарлар қоймайтын болдым. Тек маған қуанныш, бақыт сыйлайтын істерді ғана жасаймын.Және оны өз тәсілімде, өз ритмімде орындаймын. Бүгін мен оны «ҚАРАПАЙЫМДЫЛЫҚ» деп атадым.
Мен өзімді сүйген сәтте, маған зиян келтіретін тағамдардан, адамдардан, заттардан, сәттерден құтылдым. Мен оны алғаш «дені сау адамның эгоизмі» деп атаған болатынмын. Бүгін мен оны «Өзіңе деген махаббат деп атадым»
Мен өзімді сүйген сәтте, өзімдікін дұрыс емес деуден қорықпадым. Содан бері аз қателестім. Бүгін мен оны «Ұстамдылық» деп атадым.
Мен өзімді сүйген сәтте, өткенді ойламайтын, болашаққа алаңдамайтын болдым. Бәрі болып жатқан тек қазіргімен ғана өмір сүремін. Бүгңн ммен оны «ЖАҢАШЫЛДЫҚ» деп атадым.
Мен өзімді сүйген сәтте, менің ақылым өзімді ренжітуі де мүмкін екендігін білдім. Одан жапа шегуім де мүмкін. Ал, оны жүрекпен жалғаған сәтте ақылым менің ең құнды досыма айналды. Мен оны «ЖҮРЕК АҚЫЛЫ» деп атадым.
Бізге енді бәсекелесуден, қиындықтардан, түрлі жанжалдардан қорқудың қажеті жоқ. Тіпті, жұлдыздар да соғысады. Және одан жаңа ғалам пайда болады. Бүгін мен оны білдім де оны «ӨМІР» деп атадым.»
Кез-келген ата-ананың баласына деген риясыз әрі шүбәсіз махаббатынан артық махаббат жоқ. Чарли Чаплин – 12 баланың әкесі. Ол 1965 жылы 76 жасында Париждегі жиырма бір жасар қызы Джеральдинаға хат жазған. Терең мағынаға толы хатты оқыған әрбір қыз ой түйіп, сабақ алуына болады.
«Қызым менің!
Қазір түн ортасы. Үй ішіндегілердің бәрі қалың ұйқыда. Аға – әпкелерің, тіпті анаң да ұйықтап қалды. Сен менен сондай алыстасың! Бірақ сенің бейнең менің жұмыс үстелім мен жүрегімнің бір түкпірінде сақтаулы. Сенің бейнеңді көз алдыма елестете алмай қалған сәтте соқыр болып қалайын. Қазір сен Парижде, атақты Елисей алқабы театрындағы сахнада билеп жүрсің. Мен ол жерді жақсы білем, сондықтан осындай мүлгіген түнгі тыныштықта сенің әрлі-берлі жүрген аяғыңның дыбысын естіп, аспандағы жарық жұлдыздай жарқыраған көздеріңді көре алам.
Мен сенің мерекелік спектакльде татар ханының тұтқынына түскен парсы сұлуының рөлін сомдап жатқаныңды елестетем. Әдемі бол, билей түс! Жұлдыз болып, жарқыра! Алайда, халықтың қошеметі мен алғысына мастанба! Егер саған сыйланған гүлдердің қош иісіне «басың айналса», менің хатымды оқы. Жүрегіңнің үніне құлақ ас. Мен сенің әкеңмін, Джеральдина! Мен – Чарли Чаплинмін. Кішкентай кезіңде кереует жанында отырып, саған ұйқыдағы ару туралы ертегі айтқанымды білесің бе?
Джеральдина, мен түсімде сенің арманыңды, болашағың мен бүгініңді көретінмін. Сахнада билеп жүрген қызды – аспанда қалықтап тұрған ақ періштені көрем. Құлағыма адамдардың: «Билеп жүрген анау қызды көрдіңдер ме? Ол атақты киноактердің қызы ғой. Естеріңде ме, оны Чарли деп атайтын» деген дауыстары естіледі. Иә, мен – Чарлимін! Мен атақты актермін! Ендігі кезек сенікі. Биле! Мен жыртық шалбармен билегенмін, ал сен жібек көйлекті ханшайым кейпінде билейсің! Би мен көрерменнің қуана қол соғуы сені көкке ұшыруы мүмкін. Ұш! Қалықта! Алайда, жерге түсуді де ұмытпа… Сен жер бетінде өмір сүріп жатқан әртүрлі адамдардың өмірін көру керексің. Суық пен аштықтан дірілдеген көше бишілерінің өміріне бір сәт болсын назар аударып қара. Себебі, мен де солар сияқты болғанмын, Джеральдина.
Менің айтқан ертегілерімді тыңдап жатып ұйықтап кететін сенің сүйкімді жүзіңе қарап отыратынмын. Жұдырықтай жүрегіңнің дүрсілін тыңдап отырып өз-өзімнен: «Чарли, мына «күшік» өскенде мені танитын бола ма?» деп сұрайтынмын. Алыста қалған сол түндерде саған көп ертегі айттым, бірақ өз ертегімді ешқашан айтқан емеспін. Шын мәнінде өзім туралы ертегі де қызық еді. Ол ертегі өзегіне нәр іздеген өнер адамының Лондон көшелерінде ән айтып, би билеп, қайыр сұрап күн көргені туралы болатын. Міне, менің ертегім осы! Мен аштықтың, баспанаң болмаудың не екенін жақсы білем. Мен өте тәкаппар болдым. Әрлі-берлі өткен адамдардың тастап кеткен тиындары менің сол тәкаппарлығымның күл-талқанын шығаратын. Соған қарамастан мен әлі тірімін, сондықтан бұдан былай ол туралы айтпай-ақ қояйық.
Одан да сен туралы сөйлесейікші. Джеральдина деген сенің атыңнан кейін Чаплин деген менің атым айтылады. Осы фамилияммен қырық жылдан астам уақыт жер бетіндегі адамдарға күлкі сыйладым. Бірақ сол адамдардың күлкілерімен салыстырғанда, мен көбірек жылаппын.
Джеральдина, сен өмір сүріп жатқан әлемде би мен музыка ғана бар деп ойлама! Түн ортасында үлкен залдан шыққанда өнеріңе бас иетін қалтасы қалың адамдарды ұмытып кетуің мүмкін, алайда өзіңді үйіңе апарып салатын көлік жүргізушісінен оның әйелі туралы сұрауды ұмытушы болма. Егер оның әйелінің аяғы ауыр болса, егер жарық дүние есігін енді ғана ашатын сәбилерінің жаялықтарын алатын ақшасы жоқ болса, оған қол ұшын созып, ақша бер. Ара-тұра метроға, автобусқа отыр. Жаяу жүріп, қаланы арала. Айналаңдағы адамдарға қара! Жетімдер мен жесірлерге көз қырыңды сал. Және күніне тым болмағанда бір рет «Мен де дәл солар сияқты адаммын» деген сөзді қайталап айт. Шынымен де, сен солардың бірі ғанасың, қызым! Өнер адамға қанат бітірмес бұрын, аспандап кетпесін деп аяғын сындырады. Егер күндердің бір күнінде өзіңді елден ерекпін деп ойласаң, сахнаны тастап кет. Таксиге отыр да Париж маңындағы алаңға бар. Мен ол жерді жақсы білем. Ол жерден сен дәл өзің сияқты, тіпті өзіңнен де әдемі, өзіңнен де ерекше, өзіңнен де тәкаппар бишілерді көресің. Сен өнер көрсетіп жүрген театрдағы айналаңды жарықтандыратын құрылғы ол жерде жоқ. Ол жерді аспандағы Ай ғана жарықтандырады…
Оларға анықтап қарап ал! Мүмкін олар сенен де жақсырақ билейтін шығар?! Мойындай біл, қызым! Қашан да сенен де артық билеп, сенен де артық ойнайтын адам табылатынын ұмытпа! Тағы бір нәрсені есіңнен шығарма: біздің отбасымызда ешқашан Сена (өзен атауы)бойында қайыр сұрап отырған бейбақтарға күле қарайтын дөрекі адам болған емес. Мен өлем, бірақ сен өмір сүретін боласың. Мен сенің таршылық көргеніңді қаламаймын. Сол себепті саған осы хатпен бірге қалағаныңша жұмсауың үшін чек кітапшамды жіберемін. Алайда, екі франкті жұмсағанда үшінші франк сенікі емес екендігін есіңнен шығарма. Ол ақшаға мұқтаж бейтаныс адамдікі болуға тиісті. Ал көмекке мұқтаж адамды сен оңай тауып аласың. Сенімен ақша туралы әңгіме өрбіткенімнің себебі, ақшаның күші қандай екенін мен жақсы білем.
Менің көп уақытым циркте өтті. Сол кезде арқан бойымен жүретіндер үшін қатты уайымдайтынмын. Саған арқан бойымен жүретіндерге қарағанда қара жерді басып жүрген адамдар жиі сүрініп, жиі құлайтынын айтқым келеді. Күндердің бір күнінде сенің көзіңді әлдекімнің сыйлаған мәрмәр тасы жаулап алуы мүмкін. Осы сәтте сол мәрмәр тас сен үшін қауіпті арқанға айналады және ол арқаннан құлап қалатының сөзсіз. Күндердің бір күнінде сырт бейнесі көркем әлдебір адамға ғашық болып қаласың. Дәл сол сәтте сен тәжірибесіз арқан үстімен жүрушіге айналасың, ал тәжірибесіз адамдар арқаннан жиі құлайды. Жүрегіңді алтын мен бағалы әшекей бұйымдарға сатпа. Әлемдегі ең бағалы, ең асыл мәрмәр тас – Күн. Бақытымызға орай, ол сәулесін жер бетіндегілердің бәріне шашады. Әлдекімді жақсы көріп қалатын кезің де келеді. Егер жақсы көрсең, ол адамды шын жүрегіңмен жақсы көр. Мен сенің анаңа саған осы туралы жаз деп айттым. Оның махаббат туралы түсінігі менің түсінігімнен кеңірек және оған бұл тақырыпта сенімен сөйлескен жеңілірек.
Сенің жұмысың ауыр, түсінем… Билеген сәтте сенің тәнің жібек матаның кішкене бөлігімен ғана жабулы болады. Өнер үшін сахнаға жалаңаш шығуға болады, алайда үйге киінген қалпыңда және жаның таза күйде қайтуың керек. Мен қартайдым, сол үшін менің айтқан сөздерім сен үшін күлкілі болып көрінуі мүмкін. Бірақ айтпауға тағы болмайды: меніңше, сенің жалаңаш тәніңе сенің жалаңаш жаныңды жақсы көретін адам ие болуы керек. Қазір бұл ойыммен келіспейтін де шығарсың. Ата-ана мен бала үнемі «жекпе-жекте» жүретінін білемін. Менімен, менің ойларыммен «соғыс», қызым! Мен жеке көзқарасы жоқ, көнгіш балаларды ұнатпаймын.
Алдымда жатқан параққа көздерімнен жас тамшылары ағып түспейінше, бүгінгі жаңа жыл түні – ғажайыптар түні екеніне сенгім келеді. Шынымен ғажайып болып, саған не айтқым келгендігін түсінгеніңді қалаймын. Чарли енді қартайды, Джеральдина. Ерте ме кеш пе, мені жер қойнына тапсыратын кезде сахнаға киетін ақ көйлектің орнына жерлеу рәсіміне арналған қара көйлек киіп келуіңе тура келеді. Қазір сенің көңіл-күйіңді түсіргім келмейді. Уақыт өте келе сен айнаға қараған сайын айнадағы өз бейнеңнен менің бейнемді көре бастайсың. Себебі, сенің тұла-бойыңда менің қаным ағып жатыр. Мен жер жастансам да, сенің әкеңді ұмытып кеткеніңді қаламаймын. Мен періште болған емеспін, бірақ қашан да адам болып қалуға тырыстым. Сен де сөйт…
Бетіңнен сүйдім, Джеральдина. Әкең – Чарли.
Желтоқсан. 1965 жыл
Ұлы ғалым Эйнштейн мен теңдессіз кинематограф Чарли Чаплин арасында болған мынадай қызықты оқиға ел аузында сақталыпты.
Эйнштейн Чарли Чаплин шығармашылығына зор қызығушылық танытатын және оның кейіпкерлерін де ұнатып тамашалайтын. Бір күні ол Чаплинге мынадай мазмұндағы хат жібереді:
«Сіздің "Алтын безгек" ("Золотая лихорадка") фильміңіз әлемдегі барша адамзатқа түсінікті, сол себепті мен сіздің ұлы тұлға болатыныңызға сенімдімін. Эйнштейн".
Чаплин болса оған мынадай жауап жазыпты:
"Мен сізге тамсана қараймын. Сіздің салыстырмалылық теорияңызды ешкім түсінбейді, бірақ сіз соған қарамастан ұлы тұлғаға айналдыңыз. Чаплин».
Осы уақытқа дейін қаншама том-том кітаптар жазылды. Сол кітаптардың ішінде жалғыз кітап ерекшеленді. Ал, сол кітаптың ішінде сөздер ерекшеленеді. Адамды уақыт емес, сәттер өзгертетіні сияқты, ойды да кітап өзгертпейді, сөздер өзгертеді. Чарли Чаплиннің түйдек сөздері арқылы да қаншама ой түюге болады.
- Ғаламадағы ең керемет актерлар ол сәбилер мен иттер
- Мен пілдердді жек көремін сондай алып, бірақ, тілалғыш.
- Сәби болмаған адам, үлкен болмайды.
- Біреуді өлтірсең жауызсың, мыңды өлтірсең батырсың!
- Кім аш асқазандарды тамақтандырса, сол өзінің жанын тамақтандырады.
- Әйел заты миллионер қыла аллады, кез-келген миллиардер еркекті.
- Айна - менің ең жақын досым, өйткені мен жылағанда, ол ешқашан күлмейді.
- Сіздің жалаңаш тәніңізге сіздің жалаңаш жаныңызды да жақсы көретін адам ие болу керек.
- Скрипкада, роялда ойнап үйренген сияқты, ойлау қабілетіне де тәжірибе керек.
- Күлкі мен көз жасы бойыңыздағы қорқыныш пен жек көруді жеңетін дәрілер.
- Өнер адамы биіктейтіні анық, ал, жерге түсерде көбісі құлап, аяғын сындырып жатады. Сол үшін оған ең алғаш қанат беру қажет.
- Өнерүшін сахынағы киімсіз және лас болып шығуға болады. Ал, ол жақтан үйге міндетті түрде киіммен және таза болып келу керек.
Осылайша Чарли тек өз саласында ғана емес, өзге бағыттарда да озық болудың ғажайып үлгісін көрсетті. Қазіргі таңда әлемдегі ең танымал актерлардың бірі Джеки Чан өзінің бала кезінен Чаплинге еліктегенін айтады. Джеки Чанның да бірнеше саланы меңгергені бәрімізге белгілі. Бесаспаптық қасиет ешқашан да сән үлгісінен қалмақ емес.
Ендеше, қадірлі оқырман, қос қолын кудеге қусырып, өзге түгел өз ісін игере алмайтын жандарға сан қырлы Чарлидің өнегелі өмірін үлгі болары сөзсіз. Маған ылғи ол жүз қолы жанарды арбаған, ерекше болмыс иесіндей көрінеді... Иә, жүз қолы бар Чарли...
Дайындаған: Әлімжан Әлішер