Белгілі жазушы, журналист, «Құрмет» орденінің иегері Жүсіпбек Қорғасбек Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың мәлімдемесіне орай пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ел алдына жиі шығып тұрады. Бұл өте дұрыс. Барлық уақытта солай болуы керек. Президентті көзбен көріп, құлақпен естіп тұрғаннан жаман болмаймыз. Адамға ең алдымен сенім керек. Оның кешегі мәлімдемесі осы идеяға қызмет етеді. Іште сенім орнайды. Сол кешегі мәлімдемені ел елеңдеп күтті. «Президент сөйлейді екен» деп бір-біріне айтып жатты. Елге керек мәселелерді сала-сала ғып айтты. Ең бастысы - мемлекет тарапынан қамқорлық бар екенін сезіндік», – дейді Жүсіпбек Қорғасбек.
Сондай-ақ, ол елімізде қабылданған төтенше жағдайға байланысты тиісті шараларды қатаң ұстану керектігін де баса айтты.
«Қазіргі қолға алынған қатаң шараларды да қолдаймын. Бас-аяғымызды жинап, тәртіпке келіп қалдық. Коронавирус індетінен барынша сақтануымыз қажет. Оның басты емі - үйден шықпау. Қиын кезде бәріміз біргеміз», – деп қорытындылады ол.
Айта кетейік, 31 наурыз күні Президент Қасым-Жомарт Тоқаев республикалық телеарналар эфирінен мәлімдеме жасаған болатын.