Фото: gov.kz
Қарағандыда жүргізуші тротуарға шығып кетіп, әйел мен 4 жастағы баласын қағып, оқиға орнынан қашып кеткен, деп хабарлайды Ult.kz Криминальный Казахстан телеграм арнасына сілтеме жасап.
Оқиға 6 қараша күні кешке «Восток-1» ауданында болған. Әлеуметтік желіде тараған видеодан баланың қар үстінде жатқан анасын жанында тұрып жылап шақырғаны көрінеді.
25 жастағы әйел баласын балабақшадан алып, үйіне қайтып келе жатқан. Дәрігерлер оның аяғы сынғанын анықтады, жағдайы — орташа ауыр. Бала жарақат алмаған, бірақ қатты қорқып қалған.
Туыстарының айтуынша, кінәлі адамды табу қиын болған, себебі оқиға орнында бейнебақылау камералары болмаған. Бір тәуліктен кейін полиция күдіктіні ұстады, көлік айып тұрағына қойылды. Тергеу басталды.
