Дәстүрлі әнші Ақан Әбдуәлиев Т. Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының ректоры болып тағайындалды. Бұл туралы ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің баспасөз қызметінен хабарлады.
«Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлованың бұйрығымен Ақан Әбдуәлиев Т. Жүргенов атындағы өнер академиясының ректоры болып тағайындалды», - делінген ресми хабарламада.
Ақан Жылқышыбайұлы Әбдуәлиев 1975 жылы туған. Құрманғазы атындағы Қазақ Ұлттық Консерваториясын және Алматы экономика және статистика академиясын бітірген.
Еңбек жолын Сүйінбай атындағы Алматы облыстық филармониясының жеке орындаушысы болып бастаған. Әр жылдары «Қазақконцерт» РМҚК-да аспапта жеке орындаушы, Ж.Елебеков атындағы эстрада-цирк колледжі мен Құрманғазы атындағы қазақ ұлттық консерваториясының оқытушысы, А.Жұбанов атындағы республикалық мектеп интернаты директорының орынбасары, директоры, Жамбыл атындағы Қазақ мемлекеттік филармониясының директоры лауазымдарын атқарған.
2016 жылдың маусым айынан - Алматы облысының Мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы, 2018 жылдан бастап – Алматы облысы әкімінің орынбасары болған.