28 сәу, 2018 сағат 19:36

Жұмысы бар әр адам баспаналы болады - Назарбаев "7-20-25" ипотекасы жайлы

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев қазақстандықтар үшін қолжетімді баспана туралы айтты, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.

Астанада Бейбітшілік пен келісім сарайында Қазақстан халқы Ассамблеясының XXVI сессиясы өтіп жатыр.  Нұрсұлтан Назарбаев сөз сөйлеу барысында осыған дейін айтылған "Бес әлеуметтік бастама" жобасына тоқталды. Оның бірі - қолжетімді баспана. 

"Бірінші бастама тұрғын үйі жоқ адамдарға баспана алуына мүмкіндік береді. Тұрғын үй ипотекасы мәселесін шешеді. Тұрғын үйдің маңыздылығын жақсы білеміз. Сол себепті мен осыны бірінші орынға қойдым. Жаңа шартпен жұмысы бар әр адам баспаналы болатыны маңызды. Барлығын есептедік. Екі бөлмелі пәтер, 50-60 шаршы метр алып, ипотека арқылы төлеу - отбасындағы екеуі де жұмыс істейтін болса қиын болмайды, себебі ол 25 жылға созылған әрі арзан болады. Бірінші төлем 20 пайыздан аспайды. Бұл дегеніміз біздің миллиондаған азаматтарымыз. Әсіресе жас отбасылар, жастар, олар жұмыс бастаған уақытта осы жобамен баспана алады", - деді Нұрсұлтан Назарбаев.