Фото: gov.kz.
Парламент Палаталарының бірлескен отырысында «Қазақстан Республикасының Президенті туралы» Конституциялық заң жобасы қаралды. Бұл туралы Үнзила Шапақ баяндама жасады, деп хабарлайды Ult.kz.
Депутаттың айтуынша, заң жобасы Конституциялық реформаның негізгі қағидаттарын іске асыратын маңызды құжаттардың бірі болып саналады.
Жоба аясында Қазақстанда Вице-Президент институтын енгізу көзделіп отыр. Құжатта оның құқықтық мәртебесі, өкілеттігі, тағайындалу тәртібі, негізгі функциялары және қызметіне байланысты шектеулер заңнамалық түрде бекітіледі.
Үнзила Шапақ әлемнің бірқатар елдерінде Вице-Президент лауазымы бар екенін атап өтті. Атап айтқанда, мұндай институт АҚШ, Түркия, Болгария, Үндістан, Филиппин және Латын Америкасының бірқатар мемлекеттерінде жұмыс істейді.
«Әртүрлі елдерде Вице-Президенттің өкілеттігі саяси жүйеге және басқару моделіне байланысты ерекшеленеді. Бірақ оның ортақ рөлі – мемлекеттік биліктің сабақтастығын қамтамасыз ету», – деді ол.
Баяндамада Вице-Президент институты енгізілген жағдайда мемлекеттегі саяси тұрақтылық пен басқару жүйесінің үздіксіздігі күшейетіні айтылды. Ол мемлекеттік басқарудағы екінші тұлға ретінде жүйенің тұрақты жұмысын қамтамасыз етуге бағытталады.
Сонымен қатар, жаңа лауазым басқарушылық жүктемені бөлісуге және мемлекеттік саясаттың үздіксіз орындалуын қамтамасыз етуге мүмкіндік беретіні атап өтілді.
Сөз соңында депутат заң жобасын бірінші оқылымда қолдауды сұрады.
