08 мам, 2026 сағат 14:08

Айдос Сарым: 145 депутаттан тұратын Құрылтай құрылады


Фото: Конституциялық соттық баспасөз қызметі


Мәжіліс депутаты А. Сарым «Қазақстан Республикасының Құрылтайы және оның депутаттарының мәртебесі туралы» Конституциялық заң жобасы бойынша баяндама жасады. Құжат бірінші оқылымда қаралып жатыр, деп хабарлайды Ult.kz.


Депутаттың айтуынша, заң жобасы жаңа Конституция нормаларын іске асыру мақсатында әзірленген. Негізгі мақсат – бірпалаталы Құрылтайдың конституциялық-құқықтық негізін қалыптастыру.


Баяндамада Құрылтай ұғымының тарихи тамыры терең екені атап өтілді. Ол халық билігінің бастауы ретінде бағаланып, қазақ тарихындағы маңызды шешімдер Құрылтай аясында қабылданғаны айтылды.


«Қазіргі Құрылтай – тарихи институттың көшірмесі емес, заң шығарушы билікті жүзеге асыратын жаңа заманғы өкілді орган», – деді депутат.



Жаңа модельге сәйкес, Құрылтай 145 депутаттан тұрады. Олар пропорционалды жүйе бойынша 5 жыл мерзімге сайланады. Сонымен қатар оның заң шығару, мемлекеттік органдарды қалыптастыруға қатысу және парламенттік бақылау функциялары бекітіледі.


Құрылтай қызметі сессиялар, отырыстар, тыңдаулар және үкімет сағаттары форматында жүзеге асады. Төраға, Бюро, комитеттер мен комиссиялар құрылымы да заңмен айқындалады.


Депутаттың айтуынша, бірпалаталы жүйе заң шығару процесін жеделдетіп, ашықтық пен жауапкершілікті күшейтеді. Сондай-ақ халықаралық тәжірибеде мұндай модельдің кең таралғаны атап өтілді.


Заң жобасында Құрылтайдың Үкіметпен өзара іс-қимылы, депутаттардың мәртебесі, құқықтары мен міндеттері де нақты көрсетілген. Сонымен бірге Құрылтай Парламенттің құқықтық мирасқоры ретінде белгіленеді.


Құжат қабылданған жағдайда, заң 2026 жылғы 1 шілдеден бастап күшіне енеді. Бұған дейінгі Парламент пен оның қызметін реттейтін заңдар өз күшін жояды.


Баяндама соңында депутат әріптестерді заң жобасын қолдауға шақырды.